дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 23:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Көне шаһар күн өткен сайын құлпыра түсуде»

«Көне шаһар күн өткен сайын құлпыра түсуде»
ашық дереккөзі
«Көне шаһар күн өткен сайын құлпыра түсуде»

Тараз қаласында кейінгі жылдары өңдіріс өркендеп, барлық сала дамып келеді. Заманауи үлгіде бой көтерген зәулім ғимараттар мен көз тартар жаңа тарихи-мәдени нысандардың сәулеттік келбеті шаһар ажарын айшықтай түскен. Облыстың бас шаһарының бүгінде өңірдің баға жетпес жақұтына айналуы берекелі істің жемісі. Десе де жұртшылықтың Тараз қаласында биыл нақты қандай тірліктер атқарылғаны толғандыратыны анық. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевпен осы тақырыпта сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Айтқазы Дәулетқұлұлы, кез келген сала нарықтық қатынасқа негізделіп, заман сұранысына сай әрекет еткенде ғана табысқа қол жеткізілетіні белгілі. Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінен біз осы талаптың орындалғанын көре аламыз ба? – Әрине тараздықтардың тұрмысын жақсарту мен толайым табысқа қол жеткізуде өндіріс, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес секілді кез келген сала экономиканың маңызды элементі ретінде үлкен рөл атқаратыны белгілі. Осы жылдың он айында біз қаланың негізгі әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінде бөлшек сауда айналымынан басқа салаларда оң динамика қалыптасқанын көріп отырмыз. Тек бөлшек сауда тауар айналымы есепті кезеңде 184 миллиард 612,3 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі жыл соңына дейін өткен жылмен салыстырғанда 99 пайызды құрайды деп болжануда. Бұған елімізде төтенше жағдайдың және облыс аумағында карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты азық-түлік емес бөлшек сауда орындарының қызметі уақытша тоқтатылғаны себеп болды. Ал негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жыл соңында орындалу барысын сөз етсек, өнеркәсіп саласында 272 миллиард 260 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызға, ауылшаруашылық саласында өнім өндіру көлемі 8 миллиард 992,3 миллион теңгеге ұлғайып, нақты көлем индексі 100,1 пайызға асыра орындалады деп жоспарлануда. Сол секілді негізгі капиталға салынған инвестиция 105, құрылыс жұмыстары 100,8, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 296,4 мың шаршы метрге жетіп, орындалуы 104,2 пайызды құрамақ. Жылдың он айында мемлекеттік бюджетке 41,3 миллиард теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 115,8 пайызға орындалды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасында қалалық бюджеттің шығыс бөлігінің игерілуі 99,8 пайызды құрады. Қазіргі уақытта қалада 31 610 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 22 661-і ғана нақты жұмыс істеп тұр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандардың 18 255-і жеке кәсіпкер, 4 240-і шағын, 30-ы орта бизнес субъектісі. Ал шаруасын шалқытып отырған қожалықтың саны 136-ны құрайды. Экономика саласында біз қол жеткізген жетістік жыл бойы атқарылған жүйелі жұмыстардың жемісі. – Тұрғындардың жағдайының жақсаруына әлеуметтік салада жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды жобалар да үлес қосатыны белгілі. Бұл бағыттағы шаруа қаншалықты деңгейде атқарылуда? – Кез келген жерде адамның өмір сүру сaпaсы төмендеп, тұрғындар арасында аурушаңдық сыр берсе, жaстaр қылмыс пен бұзақылыққа бой алдырса, жұмыссыздар саны артса, бұның соңы қоғамның дамуы мен қaлыптaсуын тежейді. Әлеуметтік саладағы атқарылар барлық жұмыстар осы жайттың қоғамда көрініс таппауына бағытталған. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінен 0,2 пайызға төмендеді. Күнкөріс деңгейінің ең төменгі көрсеткіші 29 мың 264 теңгені құрады. Уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасуға 9974 адам өтініш білдірсе, оның 8181-і жұмыспен қамтылды. Десе де жылдың 10 айында инфляция 5,3 пайызды көрсетіп, азық-түлік тауарлары 8,1, азық-түлік емес тауарлар 4,4, ақылы қызметтер тарифі 2,4 пайызға өсті. Медицина саласында мін жоқ деп айта алмаймыз. Оған есепті кезеңде 4 ана өлімі тіркелгені себеп болып отыр. Бұл жайт олардың екі жақты толық сегменттік пневмония, өкпе эмболиясы, COVID-19 коронавирустік инфекциясы сынды төтеннен келген ауруға шалдығуынан болуда. Ал әлеумет үшін қауіпті дерттің бірі – түберкулез аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға төмендеді. Әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жұмыспен қамту жол картасы 2020 бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 367 жобаны қаржыландыруға 18,5 миллард теңге бөлінді. Оның ішінде Тараз қаласының бюджетіне 340 жобаны іске асыруға 13,3 миллиард теңге бөлініп, қазіргі уақытта оның 7,3 миллиард теңгесі игерілді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты аясында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ағымдағы жылға жоспар бойынша 1000 адамға 555,6 миллион теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда республикалық бюджеттен 977 адам 542,8 миллион теңгенің гранты иегері атанды. Ал жергілікті бюджеттен 12,8 млиллион теңге қайтарымсыз қаржы 23 адамға берілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде субсидия тетігі бойынша 1 миллиард 554,6 миллион теңгеге 32 жоба, кепілдендірілген тетік бойынша 183 миллион теңгеге 12 жоба және инфрақұрылымды дамыту тетігі аясында 80,6 миллион теңгеге 1 жоба қаржыландырылды. Осы бағдарламаның жаңа бизнес идеялар ойлап тапқандарға қайтарымсыз және пайызсыз грант беру тетігі бойынша 247 кәсіпкер құжат өткізіп, 71 миллион теңгеге 22 кәсіпкер грант иегері атанды. «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» аясында жоғары қазына қаржысынан 4 нысанды іске асыруға 1 миллиард 304 миллион теңге қарастырылып, бұл қаражат ауызсу жүйесінің құрылысы үшін жұмсалды. – Негізінен ел мүддесі үшін қоғамда атқарылған жұмыс тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің дер кезінде шешімін табуы арқылы да бағаланады емес пе? – Өсу-өркендеу бар жерде мәселе де болмай қоймайды. Себебі жұртшылықтың жағдайы жақсарған сайын және халық санының өсуінен қала аумағы ұлғая түсті. Соңғы жылдары тұрғын алқаптарда сырттан көшіп келіп, баспана салғандардың қатары да көбейді. Ол жерлерге инфрақұрлым жүргізу бүгінде өте өзекті мәселе. Бұған осы уақытта қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштердің басым көпшілігі саяжайлармен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты болуы дәлел бола алады. Осы мақсатта қаладағы саяжайлармен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шалғай Қарасу», «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын, «Құмшағал» станциясын және осы тұрғын алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы шықты. Ал ауызсумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалар енді ғана әзірленді. Бұл құжаттар алдағы жылдың бюджетінен қаржы бөлу үшін тиісті орынға ұсынылмақ. Жоғарыда аталған алқаптарды газдандыру жұмыстары тұрғындардың бастамасымен жеке құрылыс серіктестіктер арқылы қолға алынды. Мәселен «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» шағынаудандары мен «Құмшағал» стансасына тұрғындардың жеке қаражаттары есебінен газ құбырлары тартылып, пайдалануға беріліп жатыр. 9 саяжай алқабына газ құбыры тартылып, тұрғындар табиғи газ тұтынуда. 19 саяжайға көгілдір отын тарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Аталған аумақтағы газдандыру жұмыстары келер жылы аяқталады деп күтілуде. – «Баспана – бақыт шамы» дейді қазақ. Қала аумағында көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны қай деңгейде жүргізілуде? – Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 3 мың 25 пәтерді құрайтын 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Оның жетеуі келесі жылға өтпелі болса, 47 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда шамамен 8 мың 500 отбасыға арналған 190 көпқабатты үйді құрайтын 15-шағынаудан бой көтеріп жатқаны баршаға мәлім. Ондағы байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары да аяқталып, қазір электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда мұнда 80 пәтерлі 26, 60 пәтерлі 4, 45 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 9 және 60 пәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысы әлі жалғасуда. Бұдан бөлек ағымдағы жылы 45 пәтерлі 10 арендалық тұрғын үй бой көтерсе, қосымша 60 және 80 пәтерлі 9 кредиттік тұрғын үй салынып жатыр. Осы жылы Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 45 пәтерлі 15, 60 пәтерлі 12 және 80 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл «Арай» тұрғын алқабынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған 45 пәтерлі 4 үй пайдалануға берілсе, «Бәйтерек» мөлтек ауданында бір подъездік 15 пәтерлі 6 тұрғын үйде қоныс тойы тойланбақ. Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылысын жүргізу үшін 403 жер телімі белгіленген. Осы жеке тұрғын үйлер бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиеге ұсынылуда. Жалпы бүгінгі таңда үй кезегінде 18 мың 887 адам кезекте тұрса, жоғарыда аталған тұрғын үйлерді пайдалануға берген жағдайда әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы 765 отбасы пәтерлі болады. Қазір 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісімшарт жасалып, 20 коттедждік үйлердің құрылысы аяқталып, оларға әлеуетті сатып алушылар анықталды. Бұдан бөлек «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта салынатын 14-шағынауданда 5 мың 331 отбасыға арналған 5 қабатты 33, 9 қабатты 27 және 12 көпқабатты 5 тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады. Жалпы мұндағы инженерлік-инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстарын келер жылы толығымен аяқтау жоспарлануда. Ол жерде әрқайсысы 1200 орындық 2 мектеп, 180 орындық 4 балабақша, 900 науқасқа арналған көпсалалы аурухана және 200 адамдық онкологиялық аурухана секілді әлеуметтік нысандар бой көтермек. – Қаланың сұлу көрінісі саябақ, көгалдарды көбейтіп, жолдарды жөндеумен ғана шектелмейді. Бұған сәулеттік келбеті келіскен ғимараттардың да қатысы бар. Бой көтеріп жатқан қандай да бір нысандарда осы мәселе ескерілген бе? – Кейінгі жылдары салынып жатқан әрбір ғимараттың кескін-келбеті талап үдесінен шығуда. Ол тұрмақ бүгінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Бұл мәселе осы істі атқаруда да қаперге алынған. Қазір 3 миллиард 378 миллион теңге қаржыға 80 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында мердігер мекемелердің демеушілігімен орталық көшелерде орналасқан 41 үйдің қасбеттері де сырланды және 15 үйдің қабырғаларына Нұр-Сұлтан қаласының зәулім ғимараттары мен ұлы тұлғалардың суреттері бейнеленген муралдар салынды. Сондай-ақ қаланың санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. Қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен 8 мекеме айналысады. Қоқыс тасымалдайтын мекемелермен тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына жалпы 52 техника жұмылдырылған. «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін өткен жылы 27 арнайы техника алынса, ағымдағы жылы 106 миллион теңгеге қоқыс тасымалдайтын 4 техника сатып алынды. Жалпы қала тазалығы жіті назарымызда. Қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Атап айтсақ Төле би даңғылының бойындағы сквер мен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі пайдалануға берілсе, Адамбаев көшесінің бойындағы Арбаттың құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар жаңадан соғылатын 14-шағынауданның маңынан «Біз біргеміз» скверінің және Қазыбек би көшесінің бойында «Анаға тағзым» кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек Қонаев көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы сквер мен Қант зауыты аумағындағы «Даңқ» аллеялары абаттандырылды. Сөздің тоқетері көне шаһар күн өткен сайын құлпыра түседі. – Ел ішінде коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін екені айтылып жүр. Оған қарсы дайындық шаралары қандай? – Аталған індетке қарсы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Медицина мекемелері қажетті дәрі-дәрмек, төсек орын, құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Әйтсе де індеттің алдын алу үшін мониторинг топтары тарапынан жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарына рейдтік жұмыстарды жүргізу тұрақты жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 3 мың 368 нысан тексеріліп, 114 хаттама толтырылды. Айыппұлдың көлемі 17,2 миллион теңгені құрады. Біздің мақсатымыз – болуы мүмкін коронавирус инфекциясының екінші толқынының кең таралуына жол бермеу. Осы бағытта білім беру мекемелерінде оқушылар қашықтан оқытылуда. Қашықтан оқытуға байланысты «Daryn.Online» платформасының қызметіне 23 миллион теңге қаражат қарастырылып, мектептер аталған платформамен жұмыс істеп жатыр. Оқытуды тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 284 компьютер, 1 мың ноутбук алынды. Республикалық бюджеттен 1250 планшет, 500 ноутбук, 531 компьютер сатып алынып, оқушыларға үлестірілді. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен 214 және республикалық бюджеттен 5793 компьютерлік құрылғы алынатын болады. Бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініштері негізінде 60 мектепте 1242 кезекші сынып ашылып, онда 17044 бала білім алуда. Ал бала саны 300-ден аспайтын 4 мектеп штаттық оқыту форматына көшіп жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар