сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 8:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Көп қарайласса, жоқ табылар

Көп қарайласса, жоқ табылар
ашық дереккөзі
Көп қарайласса, жоқ табылар

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді халық даналығы. Бабаларымыз «Қайран өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп лашық та болса басыңда баспанаң болмай, басқа тірліктің бәрі бекер екенін бір сөзбен меңзеп кеткен. Барша жұрттың басын қатырған баспана мәселесі елімізде өзектілігін әлі де жоймай тұрғаны шындық.

Баспана мәселесі ауылдың да, қаланың да адамына тән уайым. Әсіресе ауылдықтардың халықты баспанамен қамту мақсатында қабылданған «7-20-25», «Қолжетімді баспана», «Шаңырақ» («5-10-20»), «Нұрлы жер» секілді әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі аз. Ал жеке тұрғын үй салып алуға кез келген ауылдықтың шамасы жете бермейді. Ауылдағы тұрмысы нашар отбасы тұрмақ, жағдайы орташа деген тұрғындардың өзі баспанасын жаңарту үшін үй салу қажет болғанда, он ойланып, жүз толғанып барып іске кірісетіні белгілі. Себебі қарапайым адамды құрылыс материалдарының қымбаттығы мен құрылысшыға беретін ақының жоқтығы қинайды. Дегенмен мұндайда ауыл адамдары қаржы тапшылығын бір-біріне жылу жинау, көптің қол күшін қажет ететін тірлікті асарлатып тындыру секілді қайырымдылық істер арқылы бұрыннан еңсеріп отырған. Біріне-бірі қол ұшын созып, бірінің жоқ-жітігін бірі түгендеп беру халқымызға тән дәстүр. Өңірімізде осы дәстүр соңғы уақытта тіпті жандана түсті. Әсіресе тұрмысы нашар отбасыларға көп болып көмек қолын созу арқылы үй салып беру өңірде кеңінен көрініс таба бастады. Нақтырақ айтсақ асарлатып үй салу маусым айында Байзақ ауданындағы Мәдімар ауылында бастау алған. Ал осы істің өңірімізде үлкен жобаға айналуына облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мұрындық болған еді. Тарқата айтқанда облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі осы жобаны облыс әкіміне ұсынып, облыс әкімі тарапынан қолдау тапқан-ды. Нәтижесінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жобаны қуаттай отырып, барлық аудан әкімдіктеріне әрбір ауылдық округ бойынша бір үй салу жөнінде арнайы тапсырма берген еді. «Асарлатып үй салу» жобасының басты мақсаты – дәстүріміздегі асар үрдісін жаңғырту, әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасы секілді қоғамның осал топтарына жеке тұрғын үй салып беру. Осылайша аталған жоба аясында биыл облыста 121 үй салу жоспарланса, қазіргі таңда 106 үйдің құрылысы басталып, әр аудан өз ауылдық округтерінде жобаны қарқынды іске асырып жатыр. Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова Жамбыл ауданындағы Шайқорық, Айша бибі, Құмтүйін ауылдарында асарлатып салынып жатқан үйлердің құрылыс қарқынын өз көзімен көріп келгенін айтады. Оның айтуынша жоба бойынша салынып жатқан үйлердің бірқатары пайдалануға берілуге дайын тұрған көрінеді. – Шу ауданында 18 ауылдық округ бар болса, мұнда 15 үй салу жоспарланып, қазіргі таңда 12 үйдің құрылысы қызу жүргізілуде. Бұл ауданда аталған үйлер осы айда пайдалануға беріле бастайды. Меркі ауданындағы 11 ауылдық округтегі 11 үйдің құрылысы қазан айында аяқталады. Ал Сарысу ауданындағы барлығы 6 ауылдық округте 7 үй салу жоспарланса, оның төртеуінің қазығы қағылып, біреуінің құрылысы аяқталды. Т.Рысқұлов ауданындағы 15 ауылдық округ бойынша 18 үй салуды көздесе, оның пайдалануға беру мерзімі қазан-қараша айларына жоспарланған. Мойынқұм ауданы 16 ауылдық округтен 8 үй салуға ниеттеніп, оның жетеуіне жұртшылық жұмылуда. Мұндағы үйлерде баспанаға зәру тиісті отбасылар жыл соңында қоныс тойын тойлағалы отыр. Қордай ауданында 13 ауылдық округ бойынша салынып жатқан 15 үйдің ішіндегі біреуі баспанаға мұқтаж отбасыға беруге дайын тұр. Жуалы ауданында 14 ауылдық округ бар. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша он үй салу жоспарланса, оның ішінде алтауының құрылысы басталып, төртеуінің ішкі әрлеу жұмыстары бітуге жақын қалды. Жамбыл ауданында 17 ауылдық округ бар болса, бұл аудан 10 үйдің де іргетасын тиісті мерзімде бастап, алдын осы айдың соңында, соңын жыл аяғында пайдалануға бергелі отыр. Талас ауданында барлығы 13 ауылдық округ бойынша 9 үй салынып жатыр. Оның тұрғындарға тарту ету мерзімі жыл соңына межеленген. «Асарлатып үй салу» жобасының негізгі бастамашысы – Байзақ ауданында 14 үй салу жоспарланса, бүгінде оның жетеуінің құрылысы аяқталыпты. Қалғанының құрылысы қазан айында бітеді. Жалпы жоба бойынша жақында облыста тұңғыш мәрте Байзақ ауданы Мәдімар ауылындағы тұрғын үйдің кілті өз иесіне салтанатты түрде тапсырылады, – деді Зарина Пердыбекқызы. Халқымыз «Жас келсе – іске» деген сөзді тегін айтпаған. Қолының қары, белінің күші бар жігіттер біріксе, кез келген шаруа оңай еңсерілетіні анық. Осы орайда біз Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әсет Құрманалиевпен тілдесіп, жастардың күшімен қандай тірліктер атқарылып жатқанын сұраған едік. Орталық деректоры бұл жоба Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқанын айтты. – Біз өз тарапымыздан біреуге үй салып беріп жатырмыз деп айта алмаймын. Тек аудандағы ауылдық округтерде демеушілердің көмегімен салынып жатқан үйлерге жастар көмектесіп, басы-қасында жүр. Негізінен әр ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі мамандар сол ауылдың жастарын ұйымдастырып, көптің күшімен салынып жатқан үйлерге қолабыс тигізіп жатыр. Ала жаздай бір нысанда кірпіш құю, қалау сияқты қауырт әрі ауқымды жұмыс бола қалса, волонтерлер сол жаққа көмекке барып жүрді. Негізінен осыдан екі-үш жыл бұрын аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрмысы нашар отбасыларға демеушілердің көмегімен асарлатып үй салынып жүрді. Аудан жастары сол кезде де қол көмегін берді. Осыдан кейін біздің аудан осы жобаның бастамашысы ретінде танылды. Осыны дер кезінде байқаған облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі облыс әкіміне жоба ретінде ұсынып, асарлатып үй салу ісі аймақ басшысының тапсырмасымен облысқа тарады, – деді ол. Байзақ ауданындағы асарлатып салынып жатқан баспананың бірі Бәйтерек ауылдық округі, Сарыкемер ауылында. Ауылдық округ әкімі Айдос Абдуалиев ол үй асыраушысы жоқ, екі баланың анасы Насиба Юлдашоваға берілетінін айтады. Н.Юлдашева осы күнге дейін аядай ғана бір бөлмеде тұрып келіпті. Қазір ол бөлменің еңсесі биіктетіліп, жапсарласа тағы үш бөлме және ауыз үй қосылып, шатыры жабылыпты. Қазіргі таңда есік терезесі салынып, ішін сылап, әрлеу жұмыстары жүргізілуде екен. Осы істің басы-қасында жүрген қайырымды жандарға алғысын білдірген Насиба Юлдашева болашақ баспанасын балаларымның нәсібі деп отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар