сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 22:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«+250» жобасы елді мекендерді интернетпен толықтай қамти ала ма?

«+250» жобасы елді мекендерді интернетпен толықтай қамти ала ма?
ашық дереккөзі
«+250» жобасы елді мекендерді интернетпен толықтай қамти ала ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осал топтағы отбасылардың балаларын компьютер және сапалы интернетпен қамтамасыз етуді баса айтқаны белгілі. Президент ол үшін жыл соңына дейін 250 тұрғыны бар ауылдардың барлығына ғаламтор жүргізуді тапсырды. Жолдау жүктеген міндет айқын. Алайда ауылдардағы мектеп сынды әлеуметтік нысандарда интернет болғанымен, үйме-үй жоқ. Ал қашықтан білім алып жатқан оқушыларға ғаламтордың қажеттілігі үйде туындап отыр. Бұл ретте статистиканы «сұлу» сөйлету үшін кейбір ауыл әкімдері «жалпы елді мекенде интернет бар» деген ақпар беріп, жауапты мамандарды жаңылдыруда. Осыған орай мұндай олқылықтарды болдырмас үшін білім саласы қандай шараларды қолға алып жатқанын зерделеп көрген едік.

Облыс әкімдігі білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда облыстағы барлық мектеп интернетпен қамтылған екен. Алайда бұл ауылдардағы барлық үй ғаламторға қосылған деген сөз емес. – Негізі басқармаға қарасты ауыл мектептерінің бәрінде интернет бар. Алайда қашықтан оқып жатқан оқушылар үшін ғаламтордың үйде болғаны керек. Бұл мәселемен енді жергілікті билік айналысуы қажет. Бірақ олар әкімдік пен мектепте интернет болғандықтан бүкіл ауыл ғаламторға қосылған деген ақпар беріп отыр. Бұл мәселе күні кеше облыс әкімдігіндегі жиында да қаралды. Сонда осы түйткілдер көтерілді. Тараптар «Қазақтелеком», «Kcell», «Tele2» сынды байланыс операторларына әр ауылға интернет бағанын орнату туралы ұсыныс жасады. Бірақ байланыс операторлары сақтық шаралары бойынша интернет бағанын мектептің үстіне орнатуға болмайтындығын айтып, ол үшін жергілікті билік жер бөліп беруі қажеттігін алға тартты. Алайда әкімдік жерді бөліп, оны рәсімдегенше кемі 1,5-2 ай өтіп кетеді екен. Осылайша екі жақты кикілжің тууда. Бірақ облыс әкімдігі тарапынан аудан басшылары мен байланыс операторларына бірлесе жұмыс жасау туралы нақты тапсырма берілді. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе шешімін тауып қалады деген үміт басым, – дейді облыстық білім басқармасының білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев. Негізі өңірде 370-ке жуық ауыл болса, соның 130-ында ғаламтордың баяу немесе мүлдем жоқтығы айтылуда. Бұл елді мекендердегі әр үй 35-40 мың теңгеден төлесе, байланыс желісін жеткізіп беру туралы ұсыныс жасаған компаниялар болған көрінеді. Алайда бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтермейді. Тағы бір деректерге сүйенсек, байланыс операторлары алты аудандағы 12 елді мекенді өздері аралап шыққан екен. Нәтижесінде қай ауылдарға байланыс бағаны қойылатындығы айқындалған. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Жамбыл ауданындағы Қаратау ауылындағы интернет желісін жақсарту жоспарланса, Жуалы ауданындағы Көлтоған, Ертай, Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына да ғаламтор желісін жүргізу қажет. Қордай ауданындағы Соғанды, Шарбақты және Көктөбе ауылдары да осы тізімге еніп отыр. Мойынқұм ауданында Ақбақай, Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек, Көкжелек, Назарбеков және Ұланбел ауылдарына ғаламтор ауадай қажет. Сарысу ауданы келер болсақ, Ұзақбай Сыздықбаев, Ақтоғай, Шығанақ, Жайлаукөл, Буденное және Досбол ауылдарына желі жүргізу көзделуде. Талас ауданында Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Есей би, Қараой, Қасқабұлақ, Тұрымкүл, Сейілбек, Амангелді ауылдарының тұрғындары интернеттен таршылық көруде. Осы сынды Меркі ауданында Ақжол ауылы мен Шу ауданындағы Еспе стансасына да ғаламтор желісін жүргізу мәселесі қаралуда. Аталған ауылдарға «Kcell» мен «Beeline» байланыс операторлары интернет тартпақ. Ал «Қазақтелеком» компаниясы антенна және қажетті желімен қамтуға келісімін беріп отыр. Міне осылайша байланыс операторлары «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидатымен тірлікке жең түре кірісуде. Енді тек жергілікті билік өкілдері қажетті жер учаскесін тауып берсе болғаны. – «Kcell» компаниясының өкілдері ауданға арнайы келіп кетті. Олардың өздерінің «+250» атты жобасы бар екен. Осы жоба арқылы биылға жоспарланған жұмыстарымен таныстырды. Одан бөлек Қызылдихан мен Арыстанды ауылдарына да интернет желісін жүргізетін болып шешілді. Мектеп ауласынан тыс байланыс бағанын орнатуға қажетті жерді белгілеп бердік. Алғашқы ауылдарға ғаламтор осы қазан айының аяғына қарай жеткізілсе, қалған ауылдар жыл соңына дейін толықтай интернетке қосылады, – дейді Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов. Осылайша аудан әкімі жағымды жаңалықпен бөлісті. Демек байланыс операторлары «+250» жобалары арқылы жұмысты бастап кетті деген сөз. Мұндай тиянақты тірлік өзге елді мекендерде де жалғасын табады деп сенеміз.

Саян Тілеужан

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар