Қадірлі жамағат!
Өздеріңізге белгілі, кеше өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды. Алайда әлі де тыйым салынған орталықтардың қатарында діни нысандардың бар екендігі мәлім болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзіретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берген болатын. Өткізілген келіссөздерде ҚМДБ ұсынысы құпталуда. Мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, 1 келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Алла қаласа, жуырда мешіттеріміз қайта ашылады деген үлкен үміт бар.
Құрметті бауырлар!
Әрине, Алла үйлері бос қалып, құлшылық жасауға мүмкіндік болмай жатқаны бәрімізге ауыр батуда. Мамыр айының басында, яғни елімізде эпидемиологиялық жағдай жақсара бастаған кезде ҚМДБ мешіттерді қайта ашуды қолға алған болатын. Алайда ол ұзаққа созылмады. Індеттің таралуы күшейіп, мешіт қызметіне қайтадан шектеу қойылды. Өйткені, ауру жұқтырған жандардың саны күрт өсіп кетті. Көз жұмғандар саны да аз болмады.
Ислам діні адамның өмірі мен денсаулығын әрқашан жоғары қояды. Ал мемлекетіміздің жұқпалы дертке қарсы қабылдаған барлық шарасы адам баласын аман сақтап қалуға бағытталған. Біз оны дұрыс түсінуіміз қажет.
Құлшылық үйлері көп адам шоғырланатын орын болғандықтан, ҚМДБ мешіт қызметіне уақытша шектеу қоюға мәжбүр болды. Бұл біздің елімізде ғана емес, басқа мұсылман мемлекеттерінде де осындай шешім қабылданды. Алла қаласа, бұл да уақытша шектеу. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Аз ғана төзімділік танытсақ, жамағатпен намаз оқитын күнге де жетеміз. Бұл сынақтың соңғы нәтижесі – Алланың құзырында. Сондықтан болашақтан күдер үзбей, сабырлы қалпымыздан танбай, дұға етейік.
Раббымыз қасиетті Құранда: «Егер пенделерім сенен Мен туралы сұраса (оларға айтып қой): Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін және Маған сенсін. Бәлкім тура жол табар» («Бақара» сүресі, 186-аят); «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін» («Ғафир» сүресі, 60-аят) деп уәде еткен.
Осы ретте Жаратқанның әміріне бойсұнып, үздіксіз дұға жасап, талап пен тәртіпке бағынып, мұсылмандық міндетімізді орындайық. Алла қаласа, көп ұзамай бұл күндер де артта қалады.
Хақ Тағала мешіттеріміз ашылып, көпшілікпен құлшылық жасайтын күнді жақын еткей. Әмин!
muftyat.kzjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024