сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 6:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Олимпиада жеңімпазы болсам да, әлі «Ботақаным» деп атайды»

«Олимпиада жеңімпазы болсам да, әлі «Ботақаным» деп атайды»
ашық дереккөзі
«Олимпиада жеңімпазы болсам да, әлі «Ботақаным» деп атайды»

Елдос СМЕТОВ, дзюдодан 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы:

– Менің анам Тоқтагүл Сметова Бесағаш ауылының тумасы. 1966 жылы дүниеге келген. Отбасында 3 ұл, 3 қыз. Ал біздің үйде мен 3 ұлдың кенжесімін. Мені анамның еркелеткені соншалық, әлі күнге дейін «Ботақан» деп атайды. Мен жарысқа шыққандағы анамның сезімін ешкім сезіне алмайтын шығар. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені мен жарыстан жеңімпаз болып, медальмен келгендегі қуаныш сезімін көзбен көрген кезде ерекше бақытқа бөленемін. Өзінің айтуынша, анам менің жеке белдесулерімді ешуақытта көрмеген. «Өйткені шыдай алмаймын» дейді. Тек жеңіске жеткенімде бөлмеде көріп отырғандар шулап жатқанда жеңгенімді біліп кіріп келеді екен. Ол тек мен ғана емес, әрбір қазақтың баласы додаға түсіп жатқан кезде әр ана шыбын жанын шүберекке түйіп, жанталасып жатқан баласын көре алмайды деп ойлаймын. Анам әрдайым үлкен сайыс болғаннан кейін, үйде отырып тақымын қысып, баламның жолы болса екен, тізе бүкпесе екен, бір жері ауырып қалмаса екен деп дұғасын тілеп отырады. Рио Олимпиадасынан келгенде мені отбасым, туыстарым әуежайдан күтіп алды. Ұшақтан түсіп, ата-анамды көрген кезде, үлкен додадан жеңімпаз болып келгенімді сезіндім. Шынымен ата-анамның сенімін ақтағанымды білдім. Анам мені көргенде құшағына басып жылап жіберді. Аллаға шүкіршілігін айтып жатты. Сол сәтте қатты эмоцияға беріліп, көз жасымызға ие бола алмай қалдық. Әуежайда елдің көзінше жылағанымыз аздап ыңғайсыздау болды, әрине. Бірақ, бұның барлығы жақсылықтың, шаттықтың көз жасы деп ойлаймын. Өмірде мен ешқашан анамды ренжіткен емеспін. Көңілін қалдырып, ата-анама сөз қайтару деген мүлде болмаған. Өйткені ол кісінің айтқаны біз үшін заң болып қабылданады. Кейбір кездері бірнәрсе айтып, олай емес қой дегендей сыңай танытатын шығармын. Бірақ анам маған ренжігенін, қапа болғанын білдіртпейді, тек оны іштей сеземін. Көңілін аулауға тырысамын. Келіп бетінен сүйіп, әзілдеймін, анда-мұнда барайық деп ұсыныс айтамын. Не алып бергенімді қалайтынын сұраймын. Шынымды айтсам анамның аздап еркелігі бар. Балаларының арасында маған қаттырақ еркелейтін сияқты. Мені де еркелетеді, өзі де маған еркелейді. Мен анама сыйлықты ақшалай беремін. Өзінің қалауындағы дүниені алса екен деймін. Мен алған нәрсе өзінде бар болуы мүмкін ғой. Бірақ кейде өзі ойлап жүрген затты айтып қалса артынша тосынсый етіп ұсынғанды ұнатамын. Сыйлық адамдардың бір-бірінің жүрегін жібітеді дейді ғой. Ойламаған нәрсені жасап қуантқанды ұнатамын. Әсіресе жарыстарға кеткенде қай уақытта үйге келетінімді айтпаймын. Ойламаған жерден кіріп келіп таңғалдыру әдетімде бар. Негізі анам екеуміз көп сырласамыз. Бірақ мен үйленгелі келіншегіммен көп әңгімелеседі, сырласады. Келінін қызындай көреді. Мен де үйленерде болашақ жарымды өзім тапқан жоқпын, болмаса көшеден таныса салып, жетектеп алып келген емеспін. Ата-анамның қалауымен бас қостық. Осы қыз маған келін болса, менен асқан бақытты адам болмайды дегенді естідім. Әрине ең бірінші мен үшін Алланың разылығы, содан соң әке-шешемнің разылығы тұрады. Олардың бақытты болуы үшін мен кез келген нәрсеге басымды тіге аламын. Анам таңдап берген, Алла қосқан жарым да жаман емес. Биыл отбасын құрғанымызға 3 жылдан асып барады. Осы аралықта ренжіскен, қарсы келген кезі жоқ. Енесі тарапынан да ешқандай ескерту естіген жоқ және маған да естірткен емес. Соның өзі жүрегіңе тыныштық сыйлайды. Қанша жерден спортшы, атақты, бай болсаң да, дүниеге даңқың жайылса да отбасыңда береке болмаса барлығы бекер. Ал маған осындай жардың кездесуіне себепші болған анама Алла разы болсын! Жалпы әкем мен анам маған ұрсып көрмепті. Үйдің кенжесі болған соң көп нәрсені маған істетпейтін, себебі менен үлкен екі ағам болды. Үйде қыз баласы болмаған соң, барлық тірлік сол екеуінің мойнында еді. Үй жинау, еден сүрту, кір жуу, тіпті олардың қолдарынан нан жабу да келетін. Кешке ата-анамыз жұмыстан келгенде үй жиналып, ыстық тамақ алдарына қойылатын. Ал менің міндетім – қоқысты төгу, дүкеннен нан алып келу, яғни барып кел-шауып келден басқа түк тындырмайтынмын. Жұмсаса ойнауға қашып кететінмін, болмаса жаттығуға кетіп қалатынмын. Нан салма деген тамақты кішкентай кезімізден жеп келе жатырмыз ғой. Анам сол тамақты өте дәмді дайындайды. Қамырын жұқа етіп жайып, шаштай етіп кесіп, бөлек пісіріп алып, оған ет, картоп салынған тұздығын бөлек бұқтырып дайындап, бетіне құйып береді. Картобының өзі сап-сары болып піседі. Сол тамағы өте қатты ұнайды. Ол асты жеп көрмегендерге сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Анамның сол тамағын келіндерінің барлығы үйреніп алды. Қайсысына тапсырыс берсеңіз де дәл сондай етіп дайындап береді. Анамның хоббиі аулаға гүл өсіру. Оны арнайы сатып алып келеді де, таза топыраққа отырғызады. Гүлдері жайқалса өзі де бірге құлпырып, жайнап кетеді. Содан рахат алады. Тағы жақсы көретін ісі базар аралау. Анам әкемді ертіп алып таңнан кешке дейін базар аралап, қажетті дүниелерін алып келеді. Әйтеуір қолдары бос емес. «Не істеп жүрсіздер?» десем, «Біз жұмыс істеп жүрміз» деп қалжыңдайды. Қателеспесем өткен жылы болуы керек жергілікті телеарнадан «Алтын құрсақты аналар» тақырыбында хабар болып, сонда менің де анам қатысқан болатын. Сол жерден танымал спортшылардың аналары бір-бірімен танысып, жақын араласып кетті. «WhatsApp» мессенджерінде «Ару аналар» деген ортақ чаттары бар. Сол кісілермен жиі бас қосып жүреді. Өзінің сыныптас құрбыларымен де жиі кездесіп, шүйіркелесіп тұрады. Жалпы анам мен әкеме барлық жағдайды жасағым келеді. Қазір мысалы ол кісілердің рахаттанып, қыдырып, көңілдерін көтеріп, қалаған жерлеріне барып, елмен араласып, қалаған заттарын алып еш қамсыз жүргендерін қалаймын. Себебі ол менің перзенттік парызым!

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар