«Айтыс – халықтың ортақ қазынасы, оған адалдықпен қарауға міндеттіміз»
- авторjambylinfo.kz
- 26 қараша, 2020
- 1.7k
Бабалардан қалған асыл мұрамыздың бірі айтыс өнерін дамытып, келер ұрпаққа жеткізуге атсалысып жүрген ақындардың еліміздің өркендеуіне, мәдениетіне қосып жүрген үлесі орасан. Қоғамдағы кемшіліктерді айтып қана қоймай, жүректің қылын шертер шеберлікпен, өлеңдетіп, әдемі әуезбен жеткізіп, нәтиже шығарардай етіп кесіп айту – ерекше қабілет. Қара бастың қамынан бөлек, халықтың бүгінгі қалпын, ұлттың болашағын көрегендікпен жеткізу – кез келгенге бұйыра бермейтін сый. Сөз өнері дүлдүлдерінің көтерген жүгі мен қоғамның қазіргі бейнесі жайында белгілі ақын Алтынкүл Қасымбековамен сұхбаттасып, сыр тарқатқан едік.
– Алтынкүл Айтбайқызы, жуырда ғана Талас ауданында Ұлбике ақынның 195 жылдығына орай өткен ақындар айтысынан бас жүлдені жеңіп алып, республикалық айтысқа жолдама алдыңыз. Атырауда ұйымдастырылған «Қалың елім, қазағым...» атты ақындар айтысында да жүлдегерлер қатарынан көрініп, үшінші орынды олжалап келдіңіз. Құтты болсын! – Рақмет! Атыраудағы Абайдың 175 жылдығына арналған айтыс арқылы аталған өңірде сөз маржаны, ой тұнығы молынан ақтарылатын өнердің ерекше сипат алғанына дүйім жұрттың көзі жетті. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылған айтысқа еліміздегі ең жүйрік, нағыз суырыпсалма өнердің хас шеберлері бақ сынап, екі күн бойы сөз додасына түсті. Ақындар айтысына Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Қара қылды қақ жарып, жүйріктерді жазбай тани білген қазылар алқасының шешімімен жүлдегер атанып, Атыраудан абыроймен оралдық. – ХIХ ғасырдағы айтыс өнерінің бұлбұлы Ұлбике Жанкелдіқызының ізін, жолын жалғаған дарынды қыздар халқымызда аз емес. Дегенмен Ұлбикенің деңгейінде айтыса алатын бүгінгі ақындардан кімдердің есімін атай аласыз? – Айтыс өнері қазақтың қанында, жанында бар қасиет. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей-ақ, шумақтатып сөйлеу, кез келген жағдайды әндетіп, әуезді жеткізу қазаққа жат емес. Көзбен көріп, көңіліне түйгенін астарлап, әлденемен теңеп жеткізу немесе тіке айтқанның өзінде де тыңдаушының санасына дәл жеткізу үшін жырға қосып айту исі қазаққа тән. Сондықтан да мен ақындарды бірі артық, бірі кем деп бөліп-жармаймын. Қазақтың барлық ақынын деңгейлес деп білемін. Дегенмен де Ұлбике анамыздың шеберлігі бір бөлек. Әсіресе ол қайым айтыстың шебері болған. Ал қазіргі уақытта біздің елде кең тарағаны – түре айтыс. Түре айтыстың қалай болатынын Мұхтар Әуезовтің сөзімен сипаттасам, жазушы «Түре айтысты – атақты ақындармен қатар, айтыс өнеріне жаңадан машықтанып жүрген көпшілік те қолданады. Бұл бір-бір ауыздан қайтарылып отыратын шапшаң жауаптасу үлгісі. Осы түр жас желеңді ойын-сауықта айтысқа төселдіреді. Түре айтыстың бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді. Оның біріншісі – бастауыш түрі, ең оңайы – қайым өлең, екінші үлгісі – қара өлең» деп жазыпты. Ұлбике анамыздай лезде ой қорытып, шапшаң да шебер жауабын қайтаратын қайым айтыс та болашақта кеңінен қолданыста болар деген сенімдемін. Жалпы қазақтың қазақтығын танытатын, өзгелерді тамсандыратын төл өнерінің жастар арасында да қолдауға ие болып келе жатқанына, өміршеңдігіне қуанамын. – Біздің қоғамдағы бір айтқыштар «Дайындықсыз ақын ескексіз суға түскен қайықпен тең» деп жатады. Ақынның айтыста «заготовкаға» арқа сүйегені дұрыс шығар, дегенмен қазір ақындар шоу жасау үшін алдын ала келісіп алып жатады. Бұның асыл өнерімізге, соның ішінде суырыпсалмалыққа тигізер зияны жоқ па? – Айтыс туралы Ахмет Байтұрсыновтың «Айтыс – екі палуанның күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы, осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады» дегені бар. Осындай орасан жауаптылық танытатын іс түгілі қарапайым ғана дүкенге барып келу үшін де үсті-басыңды түзеп, ақшаңды түгендеп дайындаласың ғой. Яғни қай іс болса да дайындықсыз, жоспар-жүйесіз жасалуы еш нәтиже бермейтіні белгілі. Тіпті бір нәрсе жасау түгілі әлдебіреуге сөйлеу үшін де іштей ой қорытып, дайындаласың. Ал сөз сайыстырып, көркем сөзбен жекпе-жекке шығатын, айтысқа түсетін ақынның алдын ала дайындалмауы жүктелген міндетке жауапсыз қарағаны. Ақын деген атқа лайықсыз әрекет еткені болар еді. Сондықтан да кез келген ақын айтысқа барар жеріне, онда көтерілер тақырыбына, тіпті қарсыласын зерттеп, ой түйіндейді. Айтар сөзін саптап, бір шеңберге келтіріп қояды. Ал енді сөз сайысты шоуға айналдыру, меніңше бұл айтысқа деген үлкен зауал. Асыл өнерімізді жоюға бағытталған індет деп түсінемін. Сахнаға шығатын екі қарсылас бір-бірімен не айтатынын келісіп алып, шоу көрсету үшін сөйлеу – халықты алдау, көзбояушылық. Алдау-арбау не мақсатта жасалса да жақсы емес. Сондықтан да әркімнің жекеменшігі емес, халықтың ортақ қазынасы саналатын өнерге адалдықпен қарайық дегім келеді. Рас кейбір ақындардың ә дегеннен қоштасарға дейін жаттап алғанын айтып, шоу жасайтындарына қынжыламын. Бұл меніңше, айтыс емес, алдау. Жаттап алған жырды халықтың алдында орындап беру – ақындық емес, жай ғана орындаушылық. – Білуімізше сіздің бастамаңызбен бүгінде Байзақ ауданында айтыскер ақындардың мектебі қалыптасып келе жатыр. Шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі қандай? – Айтыс сонау ертеде бабаларымыздан бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғанған ұлы көш. Ұлы көш тоқтап қалмауы керек. Бізден кейін тоқырап қалмауы керек. Оны бізге ата-әжелеріміз жалғап жеткізді, енді келешек ұрпаққа құндылығын жоғалтпай жеткізу бізге парыз, тіпті аманат. Аманатқа қиянат жасау кешірілмейді. Парызымызды өтей алмасақ, кешірілмес ұят, сын. Сондықтан да Байзақ ауданында мәдениет үйінің ішінен айтыс мектебін ашып, жүргізіп келеміз. Мектептің меңгерушісі ретінде айтарым, айтыс мектебін ашудағы ниетіміз – кейінгі жастарға жол ашып, қалыптасқан үрдісті үзбей жалғайтын, сөз сайысының керуенін тоқтатпайтын жастарды тәрбиелеп, өнерге баулып, жан-жақты, озық ойлы, тілге шешен тұлғаларды дайындау. Бүгінге дейін республикалық деңгейде үлкен сахнаға шығып, бүкіл халыққа танылып үлгерген бірқатар жас ақындардың тұсауын кестік. Атап айтсам талай додада топ жарған Әсет Дүйсебаев, Дархан Әбдіманап, Рай Дөңбай, Бақытжан Әкімбаев, Дидар Басықараев, Ернұр Бейсен, Сәбит Искаков және тағы басқа өнерге құштар, өлеңді сүйген, сөз қадірін білетін жастарымыз бар. Осы жастар бізден үйренгенін ары қарай өз ізденістерімен дамытып, келер ұрпаққа жалғастырады деген сенімдемін. Осы ауданнан шыққан Әзімбек Жанқұлиевтің ізін жалғаған Мұхамеджан Тазабеков екеуміздің соңымыздан ерген осы жастар Байзақтағы айтыс мектебін одан ары да жалғайтыны анық. – Оқып, меңгерген мамандығыңыз педагог екен, мұғалімнің қазіргі қоғамдағы беделі мен рөлі жайлы не айтасыз? – «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген халықпыз. Ұстаз біріншіден ағартушы, яғни қараңғыны жарып шығатын жарық іспетті. Болашаққа жарқын жол ашатын бағдаршам. Барлық адам мұғалімнің алдынан өтеді, сол себепті де бәріміз ұстаздың алдында бас иеміз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген. Ұстаздың ұлағатымен ұлттың болашағы баянды болмақ. Мұғалімнің мәртебесін түсірмей, биіктету – халықтың мүддесі болу керек. Ал бізде бүгінге дейін мұғалімдерге көше сыпыртты, аула тазалатты, үй-үйді аралатып, санақ жүргіздірді. Айтқанға көнбеген балаға «тәйт» десе, ата-анасы мектепке жетіп келіп, өзге оқушылардың, ұжымының алдында беделін түсіріп, айғайлап кететін. Бәрінің де өтеуі болатынын карантиндік жағдай дәлелдеп, көрсетті. Үйлерінде балаларын онлайн оқытқан ата-аналар мұғалімнің қадірін ұқты. Әлі ештеңені көрмеген, білмейтін балаға жаңа дүниені үйрету қандай қиын екенін осы індет көрсетіп берді. Енді мұғалімге деген құрмет артатын шығар деп ойлаймын. Ата-аналар балаларына «Ұстазыңның тілін ал, айтқанына құлақ түр. Мұғаліміңнен үйрен. Олардың сенен талап ететіні бір-ақ нәрсе – сенің білімді болғаның ғана. Ол білім сайып келгенде мұғалімге емес, сенің өміріңе қажет» деп күнде айтып отыруы керек. Ұстаздардың беделін биіктету әрбіріміздің қолымызда. «Балама өйтіп қойды, бүйтіп қойды» деп мектепке шапқыламай, мұғалімнің айтқанын ұйып тыңдауды санасына сіңдірсек, ұтарымыз көп болады. Ұлылар да ұстаздан шыққан. Халық нақылында «Ұлылардың анасы – ұстаз» деген сөз бар. Әрбір адамның ең аяулы, ең қадірлісі анасы болса, ұстаздарымызды да анамыздай сыйлап, қадір-қасиетін арттыруға барымызды салуға тиіспіз. Егер сондай құрмет көрсете алсақ, мұғалім мамандығын меңгеруге және мамандығына адал қарауға құштар жастардың қатары артар еді. Қазір көптеген пәндердің мұғалімдері жетіспейді, соның салдарынан сапасыз білім беріліп жүрген жайттар да бар. Себебі көп жастар мұғалім болуға аса құмар емес. Ал оның ар жағында қоғамдағы мұғалімнің мәртебесінің төмендігі тұр. – Ана ретінде сізді қандай мәселелер толғандырады? – Ана ретінде де, халқымның бір перзенті ретінде де мені өмірге атүсті қарайтындар қатты толғандырады. Иманнан алыстағандардың әлсіз, қорғансыз балаларды пайдаланатыны жаныма оттай батады. Қазір ақпараттың ашық кезеңі ғой, ғаламтор арқылы неше түрлі жағдайларды естіп, жантүршігерлік оқиғаларға етіміз үйреніп кете ме деп қорқамын. Алланы есіне алмаған адам азғындайтыны анық қой. Бейкүнә шақалақты қоқысқа, дәретханаға тастап кету, баланы зорлау, жас сәбилердің ағзасын сату, баланы ақшаға сатып алу дегенді саналы адам түгілі хайуан да жасамайды. Мал екеш малдың өзі туған төлін қызғыштай қориды. Ал азғындағандар адам атын арқалағанымен әлсіз балаларды қара басының қамын күйттеу үшін пайдаланғаны зәбірліктің де әбден шектен өткені емей немене. Сондайларды айналасындағылардан көріп, естіп өскен бала ертең қандай адам болады? Мені осы сұрақ қатты мазалайды. Пайғамбарымыз айтқандай «Арақ – бар жамандықтың бастауы» десек те осы бір ащы суға құмартқандар жан жарын зар илетіп, балаларын шырылдатып, өз отбасының ойранын шығарып та жүр. Әркімнің өз отбасы – ең әуелгі Отаны емес пе? Отбасына қиянат жасаған кісі Отанына не қайыр жасамақ? Міне осы сұрақ жанымды аяздай қариды. Тіпті арақсыз-ақ саналы түрде отбасын тастап, балаларына қамқорлық жасай алмай жүрген еркек те, әйел де бар. Өз балаларынан безінгендер елінің, халқының қамын жей ме? Осы сұрақ та санама маза бермейді. Жасы үлкен, ес жиған ересектерден осындай олқылықтарды көрген балалар көкірегіне қандай ой түйеді, өмірді қай қырынан таниды? Олар өскенде кім болып шығады? Жанымды жегідей жейтін осындай сұрақтар көп. – Қай кезде де аға буынның жастарға сынай қарайтыны бар, ал сіз бүгінгі жастарға қандай баға берер едіңіз? – Әлгінде айтқанымдай, шаранасынан туа салып көрінген жерге тастайтын, тіпті кейбіреуі бөлшектеп лақтыратын – желкілдеп жүріп от басқан жастар ғой. Жартылай жалаңаштанып суретке, бейнетүсірілімге түсіп, онысын әлеуметтік желіде барша жұрттың назарын аударатын желік қысқан жас қыздар ғой. Олар қандай ғана анадан тәлім алып, қандай ғана әкеден ақыл тыңдап өсті екен?.. Алайда барлық жастар сондай демеймін әрине. Өзін Жаратқан Иесін танып, иманнан безбей, ардан аттамай жүрген жастар да бар, шүкір. Тек әттең, күйе жұққыш келетінін секілді жағымсыз қылықтар тез таралғыш, еліктіргіш келетіні қынжылтады. Жақсылық көбірек жайылса кәнеки. «Бүгінгі жастар мынандай» деп нақты ештеңе демеймін, жақсы мен жаман қатар жүретіні ақиқат. Әйткенімен, жастарға имандарыңды жоғалтпаңдар, бабаларымыздан келе жатқан «Ұят болады, обал болады, жаман болады» деген тәрбиенің үш ауыз сөзін саналарыңнан өшірмеңдер, айналайындар! Сендер кешегі бабалар, одан бергі ағалар «Мен жастарға сенемін» деген сенімісіңдер, ақ жаулықты аналардың үкілеген үмітісіңдер, дегім келеді. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз