Ресей салатын үш жылу станциясының инвесторы ауысуы мүмкін
- авторБақытжан Бекболат
- 30 мамыр, 2025
- 392

Ақордада журналистердің сұрағына жауап берген вице-премьер жобаның қаржылық қиындықтарға тап болғанын растады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
«Иә, жабдықтарға қатысты пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесінде қиындықтар бар. Қазір бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Шешім қабылданғанға дейінгі кезеңде жобалау және дайындық жұмыстары, мысалы, Көкшетауда тоқтаған жоқ. Егер (Ресей тарапынан – авт.) қаржы бөлінбесе, әрине, инвесторды ауыстыруға тура келеді», – деді Скляр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда нақты жаңа инвестор жоқ. Мәселе маусым айында шешілуі тиіс.
Айта кетейік, 2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Ресей Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жөнінде меморандумға қол қойған. Кейін Роман Скляр станциялар «толық дайын күйінде» Ресей тарапынан салынады деп нақтылаған болатын. Инвестор ретінде ресейлік «Интер РАО» энергетикалық компаниясы қарастырылған. Жоспар бойынша үш станция да 2028 жылы іске қосылуы тиіс болған.