Электроника мен ақпараттық, тұрмыстық техникалар біздің күнделікті өміріміздің айрылмас бөлшегі болып кеткелі қай заман? Тұрмыстық техникалардың дамығанынан алып бара жатқан қауіп жоқ. Ал телефон, смартфон, түрлі гаджеттердің пайдасымен қоса зияны да қатар артып келе жатқаны қазір адамзатты шындап ойландыра бастады. Десе де күнделікті тіршілігімізді оларсыз елестету қиын. Сымсыз құрылғының көмегімен бір сәтте-ақ әлемнің кез келген нүктесімен байланыс құрып, шаруаңды бітіре аласың. Айта берсек ғаламтор желісінің талай іске «қолғабыс» болып жүргені жасырын емес. Оған соңғы жылдары мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен банктік операцияларды да үйден шықпай-ақ реттеу мүмкіндіктері қосылды. Карантиндік шектеулерге байланысты қазір баланы да осы ақпараттық технологияның көмегімен оқыту қосылды.
Қысқасы телефонға телміру дерті бұған дейін де дабыл қақтырып келсе, карантиннің салдарынан тіпті «ішіне» кіріп кеттік. Әсіресе үйге сыймай мазасы қашқан баланы алдаусыратудың таптырмас құралына айналды. Көз дәрігерлерінің пайымдауынша, бүгінгі күні балалардың 60 пайызының көру қабілеті нашарлаған, ал психологтар гаджеттердің баланың санасына кері әсер етіп жатқандығын айтып жар салуда. Жақында қонақта болғанымызда бір ыңғайсыз жағдайға куә болдық. Үй иесі 6-сыныпқа өтіп, есі кіріп қалған баласынан телефонын алып қойды. Шамасы біз келгенше көп ойнап қойса керек. Бабалар жолына салсақ, отау тігуге жарап қалған 13 жастағы баланың сондағы жер тепкілей жылағанынан өзіміз шошып кеттік. «Түннің бір уағына дейін, не телефонмен ойнайды, не кино көреді. Достарымен бірге ғаламтормен байланысып, команда құрып, небір онлайн ойындарды ойнайды. Ұйқыдан түске таман оянады. Үйдегі жеңіл-желпі жұмысқа да ебі жоқ. Телефонды алып қойсаң жылайды. Одан қалса, іні-қарындастарымен таласады» деген әкенің сөзі үлкен ойға қалдырды. Иә бұл бір ғана үйде болып жатқан жағдай. Карантиндік шектеулер мұндай дертті тіпті әр отбасында асқындырып жіберген сияқты көрінді. Бастауыш сынып мұғалімдері қазір балалардың басым бөлігінің көзі алыстан көрмейтінін айтуда. Баласын алдыңғы парталарға отырғызуды өтінген ата-аналар да аз емес. Байқасаңыздар қазір қала балаларының көзілдірік киюі де көбейіп келеді. Мұны көз дәрігерлері баланың үнемі бір орында қимылсыз, телефонға тесіле қарап отыруымен, таза ауаға жиі шықпайтынымен байланыстырады. Сыртқа шығып ойнайын десе дені дұрыс ойын алаңшасы да жоқ. Ал ауыл балаларында көз көрмеу мәселесі аз. Себебі олар далада көп жүріп, көп қимылдайды. Жалпы, педиатр мамандар балаға телефон бермек түгілі, бес жасқа дейін теледидар көрсетпеуге кеңес беруде. Себебі бұл жаста олардың дене мүшелері қарқынды дамып, тірек-қимыл жүйесі қатая бастайды екен. Негізі көпшілік ата-аналар мазасын ала бастаған баласын тыныштандыру үшін де телефон ұстата салады. Психолог мамандар балалардың ұялы телефонға тез үйренетіндігін айтады. Ол қысқа ғана уақыт аралығында тәуелділікке де ұласып кетуі әбден мүмкін. Кішкентай балалар гаджеттің тілін тез меңгеріп, өздеріне қажеттіні лезде тауып алады. Осыны мақтан еткен ата-аналарды көрген боларсыз. Алайда оның пайдасынан гөрі зияны басым болып жатқанын кейде аңғармай қаламыз. Ұялы телефонмен көп отырған баланың мінезінде эмоционалды тұрақсыздық қалыптасады екен. Яғни, ашуға тез булығып, ренжи қалуға да дайын тұрады. Қысқасы ұялы телефоннан төнетін қауіптің көз жанарының нашарлауы, семіздік, ашушаңдық, физикалық әлсіздік, омыртқаның қисаюы, ұйқының бұзылуы, тіпті психикалық ауытқу сынды түрлері бар. Ал бала қолынан телефонды «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып қоюдың жолдары қандай? Бұл жөнінде әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратовтың өз айтары бар екен. – Қазіргі ақпараттық қоғамда гаджет, смартфон, ұялы телефондар тек қана үлкендердің ғана емес, балалардың да санасына барынша әсер етуде. Тіпті балалар тәуелді болып өсіп келе жатыр. Бұл әрине бәрімізді алаңдататын мәселе. Әлеуметтанушы ретінде балалардың осы ұялы телефондарда топтасып бірге ойнауын, виртуальды әртүрлі ойындар арқылы байланыс құруын күнделікті өмірімізде көріп жүрміз. Мен осыдан жиырма жылдай бұрын осы салаға жас маман болып жаңадан келіп жатқан кезімде мектеп жасындағы балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі төңірегінде әлеуметтік сауалнама жүргізіп көргенмін. Сол кезде біздің мектеп жасындағы балаларымыздің көбі базар жағалап, газет сататын, бөтелке жинап, ақша табатын. Ол кезде осындай қарбалас бар еді. Енді жиырма жылдан кейін қарасақ, бүгінгі балалар мүлдем басқа нәрсемен айналысып жүр. Бұл қоғамның да әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына тікелей байланысты, – деген ол қазір осы әлеуметтік қарым-қатынас көбіне ұялы телефонға тәуелділікке әкеліп отырғанын жеткізді. Әлеуметтанушы қазір балаларды теледидар тәрбиелеп жатқанын айтады. – Осыдан он жыл бұрын әлеуметтену процесі теледидарға байланып қалды деп айтқан едік. Енді міне араға тағы он жылдай уақыт салып тәуелділік ұялы телефондарға қарай ойысты. Ол тек қана білім алу ғана емес, сонымен қатар бос уақытын пайдалануға да әсерін тигізуде. Енді мынау әлеуметтік ортада, соның ішінде бала тәрбиесінде ата-аналардың алдында бұл телефонды қолдан қалай алып қоямыз деген үлкен проблема тұр. Мен өзім де бала тәрбиелеп отырған әке ретінде күнделікті мұны көріп, бақылап отырмын. Әсіресе мынау биылғы наурыз айынан бастап төтенше жағдай жарияланып, кейінгі карантиндік мерзімнің ұзартылуынан баланың физикалық қимыл-қозғалысының шектеліп, ой-өрісінің дамуына телефонның тікелей әсер етіп жатқаны белгілі. Өйткені балалар шектеулі ғана уақытқа далаға шығып, көп жағдайда үйде отыруға мәжбүр болды. Соған қарамастан үйде балаларды кітап оқуға баулуды да қолға ала алмай жатырмыз. Қысқасы телефонға деген тәуелділік бұл бір үлкен індет сияқты көрініп отыр. Бұған қалай тосқауыл жасауымыз керек? Алдымен ата-аналар мүмкіндігінше балалармен көп жұмыс жүргізу керек. Өткенде қыздарым өз бастамаларымен өздерінің «Гаджетсіз 24 сағат» деген челленджді бастағанын, тәулік бойы телефонға қарамайтындарын айтты. Мен оларды қуана құптадым. Соған байланысты мен оларға тағы да кітаптар, жазу-сызу, сурет салу құралдарын алып бердім. Дегенмен шыдамдары 24 сағатқа жетпеді. Бірақ біраз пайдалы нәрселермен айналысты. Дағды деген осылай қалыптасады ғой. Бәрі бірден ойдағыдай бола кетпейді, – дейді Б.Әлмұратов. Жалпы әлеуметтік қатынастарды зерттеп жүрген белгілі маман телефонның зиян екенін айта беріп, баланы әбден мезі қыла бермей оның пайдалы мүмкіндіктері де бар екенін көрсетіп отыруға ден қоюымыз қажеттігін алға тартты. Расында мұны барлық ата-ана қолға алса өте жақсы болар ма еді?
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ауылдардан дәріхана ашуға не кедергі?
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024