Жақсы әйел – өмірдегі ырысың
Қазір қосылған жастар арасында көп ұзамай-ақ: «бір-бірімізді кезінде терең ұқпаппыз, біліп-түсінбеппіз» және де басқа себептерді алға тартып, ұшырасқан қиындықтарды желеу етіп ажырасу үрдісі кең қанат жайып келеді. Тіпті, оған олар еш қиналмайтын, сөкет көрмейтін, арланбайтын, намыстанбайтын дәрежеге жеткен сияқты. Сондықтан болар қоғамымызда баласы бар жалғыз басты әйелдер, әйелсіз жүрген жастар жылдан-жылға көбейіп барады. Ол қазіргі демографияны қатерлі көрсеткіштерге жеткізіп отыр.
«Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші – жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күнделікті еңбегің; екінші – сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың; үшінші – қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың», – деген қазақта салмақты әрі құнарлы тәмсіл бар. Әрине, жар таңдауда, өмірлік серік таңдауда қателік жіберу кейде барлық тағдырыңды теріс айналдырып, берекесіздікке, бақытсыздыққа ұрындырады, тіпті трагедияға айналдырады.
«Әйелі мен ер адамның жалпы ішкі үйлесімі – нағыз таразы, ал таразы басы бірі екіншісінен асып кетпей, тең түсіп жатуға тиіс», – дейтін даналық пікір бар ел арасында. Онысы да дұрыс шығар. Өмір таразысын тең ұстаған ерлі-зайыптылар ғана бақытты, тату-тәтті отбасы бола алады. Егер олай болмаса қасірет бұлты қоюланып, ұрыс-керіс, айтыс-тартыс көбейеді, ыдыс-аяқ жиі шылдырап, үйден бақ-береке, татулық кетеді.
Өмір болғасын оның адам күтпеген бұрылыстары, күрделі, жағымсыз оқиғалары, кедергілер мен қателіктер кездесе береді. Үйленіп алып, басына қасірет тауып, бүкіл өмірін тозаққа айналдыратын жандар да аз емес. Алысқа бармай-ақ, мысал үшін мына бір тарихи оқиғаны еске алайық.
Әлемге аты танымал көрнекті орыс жазушысы «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» және де басқа керемет романдар, хикаялар жазған граф Лев Толстойдың отбасылық өмірі трагедияға толы еді деп жазады әдеби зерттеушілер. Күйеуі елге танылған сайын әйелі Софья Андреевна менмендікке, өзімшілдікке, көкіректікке бой ұрып, мінезі адам төзгісіз бола бастайды. Сән-салтанатқа барғанды, қолпаштауды жаны сүйетін ол аяқ астынан, себепсізден-себепсіз айқай-шу, ұрыс-керіс шығаратын шайпау мінезін, қазымырлығын уақыт өте келе үдете түседі. Оның есі-дерті байлық пен ақша болды, болғанның үстіне бола берсе деп дүниеге ашкөздікпен қарады. Оның бұл мінезі нәзік жанды қаламгердің жүрегіне салмақ салып, жанын жаралады, түңілдірді. Әйелінің дүниеқоңыздығынан, тойымсыздығынан, ашкөздігінен, тәкаппарлығынан мезі болған жазушы кейде баспалардан шығатын кітаптары үшін қаламақы бермеуді өтінетін. Келе-келе әйелінің оспадар қылықтарынан, жағымсыз іс-әрекеттерінен, шайпау мінезінен құтылу үшін ұлы жазушы 82 жасқа келгенде, қарлы, аязды түні 46 жыл отасқан әйелінен құтылмақ болып, үйінен қашып шығады (базбіреулер оның бұл қылығын жасы келіп алжығанынан, қарттық склероздан, яғни есінен айрылудан деп қате түсіндіреді). Ақ қар, көк мұзды айсыз түннің құшағына сіңіп, жан сауғалап орманға еніп кете барады. Содан, іздеушілер оны он бір тәуліктен соң ғана шағын темір жол бекетінің маңынан әбден аяз сорып, үсік шалып, бойынан әл кетіп, ауыр халде жатқан жерінен тауып алады. Әлсіздіктен кірпіктері әрең қимылдап, тіл қатуға мұршасы жоқ жазушы, қиналып, талықсып жатса да бір сәтте бар күшін жиып, әзер дегенде: «Әйелімді жаныма жақындатпаңдаршы...», – дейді. Айтушылардың сөзіне сенсек, бұл ұлы жазушының өмірден өтіп бара жатқандағы ең соңғы сөзі, өтініші болыпты. Иә, сенесіз бе, әлем мойындаған ұлы жазушының өмірі осындай қайғылы оқиғамен аяқталыпты.
Қазақ жігіті әйелін құрметпен «жан жолдасым» дейді. Әйелдің рөлі отбасын сақтауда, бала тәрбиелеуде өте зор. Сондықтан болар қандай қоғам болсын, аналарды әрдайым құрметтеп, аялайды, сыйлайды. Өйткені олар соған әбден лайық! Ер жігіттердің өзі шыдас бермес кейбір әрекеттерге нәзік әйел бара алады. Оның бойынан тауды қопарардай ерен күш табылады. Оған мысалдар да жеткілікті.
Жазушы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтің ауыр тағдыры, ғылыми және шығармашылық еңбектері көкірегі ояу зерделі азаматтарға жақсы таныс. 35 жасында сал ауруына шалдығып, төсекке таңылғанына дес бермей, тағдыр тауқыметімен тайталасып, қайрат танытып, сенім-жігерін қамшылап, қолынан қаламын түсірмей көптеген шоқтығы биік еңбектер жазды. Дерт жанын қанша қинаса да, үміт отын лаулатып, ерінбей, талмай, беріле еңбек етті. Сөйтіп, әлем классиктерінің 10 романын, 25 кинофильмін аударып, «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» және «Үміт үзгім келмейді» атты төрт кітап жазып қалдырды. Әсіресе оның «Үміт үзгім келмейді» монолог-хикаяты – жазушының қаламгерлік қуатын, ой өрісін, күрескерлік күшін көрсететін ерекше туынды. Осы шығармасы арқылы Франц Кафка қоғамының марапатын иеленді. Ал сандаған ғылыми еңбектері өз алдына бір төбе. Ой таразысына салсақ, бұл ерлікке, батырлыққа тең үлкен іс емес пе?
Ауыр науқас, мүгедек жанның ауыртпалығын бір кісідей көтеріп, қала кітапханаларынан том-том кітап арқалап, үйі мен кітапханалар арасын жол қылған, төсекке таңылған жарының ауызша айтып аударған кітаптарын қайта-қайта қолмен жазып (ол кезде компьютер жоқ болатын), қайта-қайта бастырып, баспаға апарып беріп жүретін, еріне сүйеу, тіреу бола білген жұбайы Қуаныш апайдың еңбегін қалай бағаламайсың! Қос қанаты – ұлдары Мұхит пен Қайратты ел қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, терең, сапалы білім беру де Қуаныш апайға жеңіл іс болды дейсіз бе? Шіркін, сол бір жүрегі сыйға, нұрға, сезімге толы, қайырымы мол, сабырлы мінезді, дархан пейілді нәзік жанды қалай қастерлесек те жараспай ма?
Құс ұшса қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын кең-байтақ қазақтың киелі кең даласының ұлы перзенттерінің бірі – орта ғасырда өмір сүрген ірі ойшыл, қобызшы – Қорқыт ата. Оның соңында қалған әдеби және музыкалық бай мұра ұлағатты ұрпақтарға жетіп отыр. Халық арасында Қорқыт баба туралы, оның соңында қалған өнері, өмір сүрген кезеңі туралы көзқарастар, пікірталастар мол. Ал әйелдер туралы жазылған шығармалардың бастауы бағзы заман ескерткіші болып табылатын «Қорқыт ата» кітабынан шығады. Онда төрт түрлі әйел жайлы мынадай мысал келтірілген екен: «Сұлу әйелге үйленсең – оның күзетшісіне айналасың, атақты әйелге үйленсең – оның атағына телінесің, бай әйелге үйленсең – оның көп мүлкінің біріне айналасың, ал ақылды, иманды әйелге үйленсең – оның сенімді серігі боласың», депті. Бұл – ой салатын әсерлі, маңызы терең әңгіме.
...Бірер жыл бұрын облыстық аурухананың хирургия бөлімінде дерті әбден дендеген қарт ана жатты. Оның өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күрделі хирургиялық операция жасалды. Әр күннің атар таңын Алланың сыйы ретінде қабылдайтын кейуананың көрер күні әлі алда екен, Құдай жарылқап, аурудан көп қиналса да ауруханадан сауығып шықты. Ауруханадан кетер алдында сол ақжаулықты ананың ағынан жарыла айтқан мына бір сөздері әлі есімнен кетпейді:
– Тәңірге еш өкпем жоқ. Өмірдің ыстық-суығын, қуанышы мен қиындығын аз көргенім жоқ. Бала-шағам өсіп, аяқтарына тұрып, бұл күндері әр салада қызмет істеп жүр. Барлығы балалы-шағалы, пешенелеріне жазған бақыты мен бағынан өз үлестерін алып жүр. Шалым екеуміз 70-тің төріне шықтық, отауласқанымызға 50 жылдан асып барады... Оған тәубе етеміз. Өлімнен қорықпаймын. Оның ерте ме, кеш пе әйтеуір құрық салатынын білеміз. Бірақ пенде болғасын арман-үміт таусылмайды екен. Мені, әнеукүні аурудан қиналып жатқанда толғандырған басты ой мынау болды: «Егер мен өліп кетсем, анау жаман шалымның жағдайы не болады? «Маған шәйді енді кім береді, мұңымды кім бөліседі» деп көздері жәудіреп, мүсәпір болып қалады-ау байғұс» деп күйзелдім. Көрер жарығым бар екен, сендердің шипалы қолдарың мен аяулы алақандарыңның арқасында отбасыма оралып барамын. Жасаған еңбектеріңнің рахатын көріп, әрдайым абыройлы болыңыздар, қалқам! Өркендерің өссін, Құдай сендерге күш-қуат, сый-абырой, ұзақ ғұмыр берсін. Елдің ақ батасына кенеле беріңіздер, қарақтарым! Сендерге деген ризашылығым шексіз. Көп-көп рахмет! – деп еті қашқан салалы саусақтарымен бетін сипап, көздері жәудіреп, шын пейілмен бата берген болатын.
Расында, бұл жарық дүниеде тірі пенденің арманы таусылған ба, сірә? Адамның өмірге деген құштарлығын немен, қалай өлшеуге болады? Өмірдің тәтті екенін кім білмейді? Өмір өлшемі немен бағаланады? Тіршілік деген дариядан кім қалай «малтып» өтеді? Атқарып жүрген тірлігіміз кіммен, немен таразыланады? Иә, саналы адамға сараптар сансыз сұрақ жетіп артылады. Ол тым көп-ау, к-ө-ө-п...
Жастар өзіне өмірлік серік табу мәселесіне атүсті, жүрдім-бардым, жауапсыз қарап, ойланбай отау тіге салу қателікке ұрындыратынын, тағдырын кейде, тіпті тәлкек ететінін ұмытпағаны абзал. «Ойланбаған – от басады». Ойланған жөн...
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры, Журналистер одағының мүшесі
ТАРАЗ
egemen.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024
Қоғам
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024