Дөңгелеген дүниенің келешегі жастардың қолында болса, ол болашақтың жарқын болуы желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығы мен біліміне байланысты екенін білеміз. Ұлттың енді бір буын алмасқаннан кейінгі болмысы бүгінгі жасөспірімдердің тәрбиесі мен денсаулығына тәуелді болып қалатынын осы мәселемен тікелей айналысатын халықаралық ұйымдар ұдайы айтып келеді.
Мәселен, таяуда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен БҰҰ Тұрғын халық саласындағы (ЮНФПА) қоры жастарды репродуктивті денсаулық туралы хабардар ету үшін арнайы веб-сайтты іске қосты. Яғни Shyn.kz жаңа коммуникация құралы елдегі жастарды өз денсаулығын қорғауға және ыңғайлы қызметтерге қол жеткізуге бағыттайды.
Жасөспірімдер мен жастарға және олардың ата-аналары үшін репродуктивті денсаулық туралы ақпарат беретін байланыс пакетінде веб-сайт, мобильді қосымша және Telegram каналындағы чат-бот бар. Бұл құралдар Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жастардың денсаулығы мен әл-ауқатына инвестиция салуды жалғастыру мақсатында дайындалған. Аталмыш жоба ұлттық стратегияларда көрсетілген, сонымен қатар Найроби саммитінде де бұл туралы жарияланған.
Осы арада еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНФПА Жастар денсаулық орталықтарын (ЖДО) нығайтуда алға жылжыды деуге болады. Алайда қолдағы деректер осы істі ілгерілетіп, ұзақ мерзімді мақсаттарға жету үшін әлі де көп еңбектенуге тура келетіндігін аңғартып отыр.
Байланыс құралы жастарға арналған қызметтерді күшейтіп, тұрақты даму стратегиясын әзірлеумен қатар, елдегі Жастар денсаулық орталықтарын қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар ЖДО мамандарының жұмысын реттейтін бірқатар хаттамалар дайындауға үлес қосып, психологиялық және заңдық кеңес береді. Жастар орталықтарын «ресурстық» институттарға айналдыру үшін қолдау көрсетеді.
«Жастар денсаулық орталығы кәмелетке толмағандарға медициналық-психологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне айналмақ. Олардың басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық белсенділіктің алдын алу, контрацептивтерді қолдану, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру», дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят.
Денсаулық сақтау министрлігі ЮНФПА-ның қолдауымен өткізген зерттеуі көрсеткендей, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 30%-ы жыныстық қатынастың не екенін біледі. Бірақ көпшілігі сақтанбайды, ал басым көпшілігі, яғни 90%-ы әлі күнге дейін дауасы табылмаған АИТВ және ЖИТС кеселдері туралы хабарсыз.
«Жастардың болашақта балалы болу денсаулығына инвестиция салумен қатар, олардың өз денсаулығы туралы саналы шешімдер қабылдау, некеге тұруды кейінге қалдыру және жүктілікті жоспарлау құқығын қоса алғанда, өз құқықтарын білу және жүзеге асыру, жыныстық қолсұғушылықтан бас тарту, мамандардан кеңес алу құқығы, жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді білдіреді. Жастарға нақты және заманауи ақпарат беретін, оларға арналған денсаулық сақтау қызметтері – осы құқықтарға қол жеткізудің кілті. Сондықтан бұл коммуникациялық өнімдер жастарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және саналы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін тағы бір қадам болады деп үміттенеміз», деді БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі (ЮНФПА) Джулия Валезе.
Shyn.kz веб-сайты мен мобильді қосымша және Telegram каналындағы чат-бот Қазақстандағы ЮНФПА-ның техникалық қолдауымен, сондай-ақ ұлттық сарапшылар тобымен бірлесіп құрылды.
«SHYN – шынымен айтқанда...» жобасы жастар денсаулығы туралы қаншалықты шындықты айтатынын уақыт көрсетеді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Айша бибі
Ұқсас жаңалықтар
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024