дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:45

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Айша бибі

Айша бибі
ашық дереккөзі
Айша бибі

Тарихы тереңнен тамыр тартатын Әулиеата өңірі туралы сөз болғанда, көптің есіне әуелі Айша бибінің есімі түседі. Халқымыздың жадында есте жоқ ескі замандардан бері сақталып келе жатқан Айша бибі аңызының да түрлі нұсқалары бар. Көп жағдайда аңыз Айша есімін әйгілі билеуші Қарахан есімімен байланыстырады. Жаугершілік заманда Қараханмен уағдалы уақытында кездесе алмаған ару Айша оны Тараз шәріне өзі іздеп бармақ болып жанына Баба әжені алып, жолға шыққанда жолай оны жылан шағып өлтіргені туралы аңыз бәріне мәлім. Қайғылы оқиғаның үстінде Тараз шәрі жақтан Қарахан келіп, ару қыздың ақырғы демінде онымен некелесіп, «Бибі» атын қойған деген аңыз да ықылымнан бері санамызда жатталып келеді. Осы бір желісі үзілмеген аңыз ұлттың ұлы тарихын тануға, білуге құштар жандардың қызығушылығын тудыратыны анық. Тарихта адал махабаттың, шынайы сүйіспеншіліктің бейнесі ретінде қалған қос ғашықтың кесенесі де бүгінгі Жамбыл облысының аумағында орналасқан.

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының маңында Айша бибінің кесенесі бар. Бұл жерге еліміздің төрт құбыласынан туристер толассыз келіп жатады. Аңызды естіп, ат басын бұрған шетелдіктер де жетер­лік. Мәселен, біреулер аты ғасыр­лардан ғасырларға жалғасып келе жатқан махаббат иесінің рухына зиярат етуге келсе, енді бір келушілер оны шын мәнінде әулие санайды.

Ал ақиқатында Айша бибі кім болған? Тарихшылардың айтуы бойын­ша, ол шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Бір деректерде Айша ару Зеңгі бабаның қызы делінсе, енді бірде Сүлеймен Бақырғанидың қызы болғаны айтылады. Сондай-ақ оның әкесінің есімі Айғожа деген де деректер кездеседі. Бұл ретте Шерхан Мұртаза атындағы «Ру­ханият және тарихтану» орталығы тарихтану бөлімінің меңгерушісі Асылжан Дулати өзі зерттеп жүрген деректері­мен бөлісті. «Аңыздарда Айша бибіні орта ғасырда өмір сүрген дін ғұламасы Сүлей­мен Бақырғанидың қызы дейді. Ол рас. Айша бибінің нағашы атасы Қарабура әулие саналады. Ал Қарабура дегеніміз Қарахан империясын билеген патшалардың бірі болған Қара Боғра хан екендігін ескеруіміз керек. Біздің тарих­намамызда ең алғаш ислам дінін мем­лекеттік дін деп жариялап, түркілер ара­сында кеңінен насихаттаған да осы қара­хандықтар», дейді ол. Асылжан Дулати Айша бибінің түп-тегі патша әулетінен шыққан деген ойды айтады. Өйткені, әкесі Хакім атаның түбі түркілік ақсүйек тұқымынан болғандығын алға тартады. «Әкесі Сүлеймен Бақырғани қайтыс бол­ған соң, анасы әкесінің шәкірті болған Зеңгі атаға күйеуге шыққан, яғни Зеңгі ата өгей әкесі. Мұны Шоқан Уәлиханов та өзінің «Қашқар күнделігі» деген еңбегінде жазады. Онда «Әнбар ана Зеңгі атаның жұбайы, Зеңгі атаның ұстазы болған Хакім атаның жесірі. Эрхуббу бірінші күйеуінен туған ұлы, Әли-Асқар екінші күйеуінен» деген деректі алға тартады. Олай болса Айша бибінің бауыры бар болғаны ғой, ол – Эрхуббу. Бірақ бұл туралы деректер біздің қолымызда жоқ. Себебі, осы Айша бибі мен оның ата-анасына қатысты деректердің көбі Ташкент қаласындағы мемлекеттік архивте жатқанын айтуымыз керек. Және оның анасы Әнбар да, өгей әкесі Зеңгі ата да, әжесі Ұлықпатшаның мазарлары да Ташкент маңында», дейді Асылжан Дулати. Тарихта Айша бибінің басына кесене тұрғызған Қарахан екені айтылады. Бұл кесенеге қазақтың қол­өне­ріндегі әсем ою-өрнектер, түрлі әше­кейлер салынған. Кесене қабырғалары күйдірілген сары балшықтан құйылған кірпішпен өрілген. Орта ғасырлардағы сәулет өнерінің мұндай теңдессіз үлгісі талайдың таңдайын қақтыратыны сөзсіз. Тарихи ескерткіште арабтың куфа әріп­терімен бедерленген «Күз... бұлттар...жер ғажайып» деген сөз бар. Осы сөздің тылсымы да талайды терең ойға тартады. Бірақ, не себепті бұлай жазылғаны туралы деректерді де табу қиын.

 Айша бибі тек көптің көкейінде көрікті ару қыз, қысқа ғұмыры күрмеуге келмес шерменде тағдыр иесі, сертіне адал жан ретінде қалып қой­ды. Ел Айша бибіні осылай таниды. Кезінде Головачевка деп аталатын ауылға ке­йін­нен Айша бибі аты берілді. Сол келісті кесененің екі рет бұзылған тарихын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. 1911 жылдан бастап мұнда Ресейдің Курск, Воронеж губернияларынан орыстар келіп қоныстана бастайды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде, сол кездегі Головачевка ауылының оңтүстік-батыс жағынан әскери аэродром салынады. Мұндағы ұшқыштардың көбі поляк ұлтынан құралған екен. Айша бибі кесенесінің алғашқы бұзылу тарихы туралы бізге ауыл тұрғыны Райымбек Мұсатаев әңгімелеп берді. Бұл күнде сек­сен бес жасқа келіп отырған ақсақал бұл оқиғаның алғаш рет соғыс жылдары болғанын айтты. «1942 жылы қыс қатты болыпты. Біз ол кезде баламыз. Содан солдаттар жатқан казармаларға пеш салып, казарманы жылыту керек болады. Пештің құрылысына керекті кірпішті алу үшін үш солдат келіп Айша бибі кесенесін бұзған. Мұны естіген ауылдағы елдің берекесі қашқан. Ауылда Тойшыбек деген ақсақал болды. Оның Махан деген баласы менімен бірге оқыды. Сол Тойшыбек бұл іске ашу­ланып, кесененің кірпішін алған әлгі солдаттарға тұра ұмтылыпты. Қолында бал­тасы болған екен», дейді ол.

Негізінен көпшіліктің ойынша, Айша бибі кесенесі әулиелі, киелі жер болып саналады. Жұртшылықтың ерте кез­ден қалыптасқан пікірі осындай. Со­ғыс өрті тұтанып, қарапайым халық қай­ғыдан қан жұтып отырғанда бұл оқиға тағы соққы болады. Бірақ, көп ұзамай кесе­нені бұзуға бұйрық берген командир ұшақпен ұшу-жаттығу кезінде қаза болады. «Оқиғаны көрген кісілер әлгі командир мінген ұшақтың аспанда жарылып, жерге өртеніп шашылып түскенін айтып отыратын. Біз бала күнімізде сол ұшақтан шашылған жездерді теріп алып, сақаға орап ойнайтынбыз. Айша бибі кесенесін бұзған үш солдаттың екеуі көп ұзамай қайтыс болады. Сол солдаттар кесененің оңтүстік жағына жерленіпті. Райымбек ақсақал ол қабірлерді білетін болып шықты.

Екінші оқиға 1963 жылы болған. Сол кезде Жамбыл қаласында оқып жүрген СПТУ-дың оқушылары осы ауылға қант қызылшасын қазуға келеді. Райымбек Мұсатаевтың айтуынша, олар ішімдік ішіп, ешбір себепсіз өздерімен-өздері ой­на­ған болып, кесененің қабырғасында­ғы әшекейлі, өрнекті кірпіштерді алып лақ­тырған. Соның салдарынан тарихи нысан бүлінген. «Қалған құрылысты сақ­тау үшін кесененің маңын сол кезде­гі Қазақ КСР үкіметінің қаулысымен төртбұрышты етіп әйнекпен қоршады. Бірақ ауа болмағандықтан топырақ пен кірпіштердің тез бұзылу процесі басталды. Сөйтіп, батыс жағындағы екі қанаты ғана ең алғашқы нұсқасында сақталып қалды. Кейіннен күрделі жөндеуден толығымен өтті. 2005 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен алғашқы қалпына қайта келтірілді», дейді ауыл ақсақалы. Міне, кешегі кер заманда Айша бибі кесе­несінің толықтай бұзылып кету қаупі бол­ған екен. Одан кейін де жұрт Ресейден кел­ген тарихшылар кесененің қабірін қа­зып, топырағын алмақшы болғанын айта­ды. Сонда қазақтың біртуар ұлы, сол кез­дегі Қазақстан компартиясы орталық коми­тетінің хатшысы қызметін атқарып жүрген Өзбекәлі Жәнібеков бұл мәселеге қарсы болады. Тіпті, Жамбыл өңіріндегі жауапты басшыларға «Бір күрек те топырақ алдыртуға болмайтынын» айтып, тапсырма бергенін ел әлі күнге дейін айтады.

Айша бибі ел есінде мәңгілікке сақта­лып қалды. Талай ғасырдан бері ұлты­мыздың ұлы құндылығы болып келе жат­қан кесене бүгінде мемлекет қорғауында. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де Айша бибі ауылына арнайы келіп, жұртшылықпен жүздескен болатын. Елбасының пәрменімен кесенеге толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Қазіргі кезде сұлулықтың, адалдықтың, жастықтың символы болып мәңгі қалған Айша бибі арудың кесенесіне келушілер көп. «Негізі мұнда еліміздің бар қиырынан адамдар келеді. Әсіресе, Алматы, Түркістан өңірлерінен келушілер көп. Тіпті шетелдіктер де жиі келеді. Алайда қазіргі карантин жағдайына байланысты келушілер саны азайып қалды», дейді Айша бибі ауылы әкімі аппаратының бас маманы Дүйсеналы Ташметов. Бұдан кейінгі кезеңде де ұлттың осындай ұлы құндылықтарын баршаға таныту міндет. Тіпті, Айша ару мен қолбасшы Қарахан төңірегіндегі аңыздарды шиырлай бермей, олар туралы тың деректер табылып жатса, тіпті ғажап. Егер шын мәнінде Айша бибі туралы әлі ашылмаған мәліметтер Ташкент қаласында болса, Жамбыл өңірінің басшылығы еліміздегі білікті тарихшыларға сол жаққа барып, архив ақтаруға жағдай жасағаны дұрыс дер едік. Сонда дүниеге талай зерттеу еңбектері келеді деген ой бар. Себебі, жалпы Айша бибі болмысы, рухы әлі толық ашылмаған арал секілді. Сонау есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан Айша бибі бүгінгі ұрпақтың көзінде күрделі жұмбақ күйінде тұнып тұрғандай.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар