«Бауыржан Момышұлының шапанын кимей, кетпеймін деп жылады»: батырдың немере інісі Бекет Момынқұл таңғажайып оқиға туралы айтты
- авторИндира Тәліпқызы
- 7 маусым, 2024
- 749
«Бауыржантану» ғылыми-орталығының директоры, Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл jambylinfo.kz тілшісіне берген сұхбатында қазіргі қазақ жастары батыр бабамыз туралы көп білуді қалайтынын және оның бекзат болмысын үлгі тұтатынын айтты.
–Бекет мырза, «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форумға қатыстыңыз. Сіз тек бүгін ғана емес, үнемі жастардың ортасында жүресіз. Бүгінгі жастарға қандай баға бересіз?
–Бүгінгі жастар мықты. Шынымды айтайын, студенттер маған көп хабарласады. Құттыбек есімді студент жігіт бар, тіпті маған тыныштық бермейді. Үнемі өздері ұйымдастыратынын іс-шараларына шақырып, кездесулер өткізеді. Жастар ізденеді, еңбектенеді. Бүгінгі форумға қатысып жатқан кейбір адамдар мұны «науқаншылық» деп бағалап жатады. Ақиқатында олай емес.
–Аға, өскелең ұрпақтың батыр Бауыржан Момышұлы туралы ой-пікірі қандай?
–Өте тамаша деп айта аламын. Өздеріңіз білесіздер Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ» залы бар. Жай күндері келіп көріңізші, мектеп оқушылары, студент жастар көп келеді. Тіпті залда аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл аз десеңіз, бір ғана мысал айтайын, былтыр Бауыржан Момышұлының туған жері Жуалыдағы музейін көшпелі музей ретінде ұйымдастырып, аудан-ауданды араладық. Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Каменька деген ауылға атбасын бұрдық. Ол ауылда батыр атамыздың атында мектеп бар екен. Қазір есімі есімде жоқ, бірақ 9-шы сыныптың оқушысы екені есімде қалыпты. Сол оқушы Бауыржан Момышұлының ілулі тұрған шапанын кимей, кетпеймін деп тұрып алды. Өздеріңіз білесіздер, музейдің ережесіне сәйкес, құнды жәдігерлерді кимек түгілі, қолға ұстап көруге болмайды. Маған «Бекет аға, бір рет киіп көрейінші» деп қатты өтінді. Қиылып тұрған соң рұқсат бердік. Міне, көрдіңіз бе, енді бұл бала Бауыржан атасының шапанын кигенін ешқашан ұмытпайды, жадында мәңгі сақтайды. Бір қуантарлығы, қазақ жастары батыр бабамыз туралы көп білуді қалайды және оның бекзат болмысын үлгі тұтады.
–Бекет аға, сөз арасында мемлекеттік тілдің өз тұғырына қона алмай отырғанына қынжылатыныңызды айтып қалдыңыз...
–Иә, ана тіліміздің мәселесі қатты алаңдатады. Қостілділік - қазақтың қасіреті. Мысалы, Ресейде - бір тіл, Францияда - бір тіл. Ал Қазақстанда қос тіл. Бізде барлық құжаттар мемлекеттік және ресми тілде сұралады. Жастар қазақ тілінде сөйлейді. Бірақ олар жұмысқа тұру үшін орыс тілін білу міндетті. Жақында ғана аяқталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты тек орыс тілінде өтті. Күллі әлемге біз қандай ел екенімізді көрсеттік. Алайда конститутцияда ана тіліміздің мәртебесі анық көрсетілген. Сол себепті, Қазақстанның әр азаматы, ұлтына қарамастан қазақ тілін білуі тиіс.
–Сұхбатыңызға көп рақмет!