дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 23:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ассамблея атынан тоғыз депутат сайланды

Ассамблея атынан тоғыз депутат сайланды
ашық дереккөзі
Ассамблея атынан тоғыз депутат сайланды

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясына қатысып, ҚХА атынан Мәжіліске сайланатын де­пу­таттарға дауыс берді.

Сондай-ақ Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев дауыс беру рәсіміне қатыс­ты. Содан кейін Елбасы Ассам­блеяның маңызы туралы әңгі­мелеп берді. Тұңғыш Президент бүкілхалықтық сайлау өткізіліп, тұтас халық ретінде елдің бола­шағына дауыс бергенін атап өтті.

«Бұл алдағы бесжылдық бағ­дарламамызды бекіткен үлкен сайлау болды. Бұл сайлауда Nur Otan партиясы тағы да үлкен жеңіске жетіп, халықтың сеніміне бөленді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Бүгін Конституциямыз бойынша Қазақ­стан халқы Ассамблеясынан сайланатын 9 кандидатқа дауыс бердік. Ассамблеямыз 25 жыл­дан бері еліміздегі этнос­тар мен діндерді бір-біріне жақын­дас­тыратын, төзімділікке тәрбие­лейтін, бірлікті насихаттайтын, елімізді алға жетелейтін бірегей органға айналып келе жатыр», деді Елбасы.

Осы орайда Н.Назарбаев басқа елдер Қазақстан тәжірибесін үй­ре­ніп жатқанын атап өтті. Сон­дықтан Ассамблеядан сайланған де­путаттар елдің бірлігін сақтап, қазақ халқының төңірегінде бар­лық адамды біріктіруге өз үлесін қосады.

Бұдан бөлек, Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев, Мәжіліс Төр­ағасы Нұрлан Нығматулин, Үкі­мет басшысы Асқар Мамин, Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сондай-ақ түр­лі ведомство басшылары дауыс берді.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының XXVIII сессиясының ашылу рәсімінде ҚХА Төр­аға­сы­ның орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жиынның маңызына тоқталды.

«Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылы конституциялық реформа нәтижесінде қабылданған Ата заңға Қазақстан халқы Ассам­блея­­сынан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы берілген өзге­рістер мен толықтырулар енгі­зілген болатын. Бұл қадам біздің қоғамның бірлігін нығайтуға, этностар мүдделерін білдіруге, олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын жандандыруға бағытталған еді. Осы норма Бірік­кен Ұлттар Ұйымының, Еуро­падағы қауіпсіздік пен ынты­мақтастық ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың ха­лықаралық пактілер мен конвенциялары аясында Қазақстанның адам құндылықтары, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындау үдесіне жатады», деді Ж.Түймебаев.

Осы орайда ол бүгін Пар­ла­мент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын депутаттар анықталатынын атап өтті.

«Ассамблеяның 9 депутаты Қазақстанның барлық этнос­та­рының, бүкіл халықтың мүддесін білдіреді. ҚХА-ның депутаттық тобы елдің татулығы мен бірлігін нығайту мәселелері бойынша пар­тия­аралық ынтымақтастықтың парламенттік тетігі рөлін атқа­рады. «Сайлау туралы» Консти­ту­ция­лық заңға сәйкес, Ассам­блея сайлайтын Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына канди­дат­тар ұсыну Ассамблея Кеңесі­нің өкілеттігіне жатады. 2020 жыл­ғы 11 желтоқсанда Ассам­б­лея Кеңесінің отырысында Пар­ла­мент Мәжілісінің депутат­тығына Қазақстан халқы Ассам­б­леясы сайлайтын кандидаттар ұсынылды», деді Ж.Түймебаев.

Оның айтуынша, Ассамблея Кеңесі кандидаттар тізімін жасау барысында бірқатар маңызды критерийлерді ескерді. Атап айтқанда, депутаттық корпустың сабақтастығы, аймақтық қамту, гендерлік теңдіктің қамтылуы, жастарды тарту, этникалық топтардың ескерілуі, депутаттық корпуста екі мерзімнен артық сайланбауына маңыз берілген. Кеңес қарауының қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісіне депутаттыққа Ассамблея сайлайтын кандидаттар ұсыну туралы шешім қабылданып, олар сайлау бюллетеніне енгізілді.

Қазақстан халқы Ассам­блеясынан ұсынылған Парламент Мәжілісі депутатына кандидаттарды сайлау аяқталған соң, Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялады.

Дауыс беруге қатысқан ҚХА мүшелерінің жалпы саны – 351 адам. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар үшін берілген бюллетеньдер: Сауытбек Абдрахманов – 298, Аветик Амирханян – 270, Ильяс Буларов – 274, Наталья Дементьева – 292, Юрий Ли – 282, Вакиль Набиев – 285, Шамиль Осин – 271, Владимир Тохтасунов – 277, Абилфас Хамедов 290 дауысқа ие болды.

Дауыс беру нәтижесінде ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мәжілісіне өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар