сәрсенбі, 11 маусым, 2025 23:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Қатерлі көрсеткіш»: Адамзат тұтынатын контент көлемі жыл санап артып жатыр

«Қатерлі көрсеткіш»: Адамзат тұтынатын контент көлемі жыл санап артып жатыр
Pixabay.com
2025 жылы бұл көрсеткіш 181 зеттабайтқа, яғни 199 трлн гигабайтқа дейін өседі деген болжам бар

Интернетте жыл сайын өндірілетін деректер көлемі қарқынды түрде артып келеді. Бүгінде интернеттегі мәліметтердің 90%-ы соңғы екі жылдың ішінде жасалған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Салыстыру үшін айтсақ, 2010 жылы интернетте жасалған, көшірілген, түсірілген және тұтынылған контент көлемі небәрі 2 зеттабайтты (немесе 2,2 млрд гигабайтты) құраған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 147 зеттабайтқа жетті. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 181 зеттабайтқа, яғни 199 трлн гигабайтқа дейін өседі деген болжам бар.

Интернеттегі мәліметтердің басым бөлігі — видеоконтент. Видеоның негізгі көзі — әлеуметтік желілер, қазіргі таңда олар бейнемазмұнға толы. Мысалы, TikTok — толықтай видеоға негізделген желі және ол жылдан-жылға белсенді қолданушыларын арттырып келеді. Facebook желісіндегі контенттің 51%-ы да видеодан тұрады. Жалпы алғанда, әлеуметтік желілердегі (байланыс, жазбалар, фото) контент дүниежүзілік интернет-трафиктің 12,7%-ын құрайды. Ал бейнемазмұн, әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарға келетін болсақ, бұл үшеуінің үлесі интернеттегі барлық трафиктің шамамен үштен екі бөлігін немесе 75%-ын құрайды.

Қазақстанда биылғы жылдың басында DataReportal деректеріне сәйкес, 15,7 млн белсенді әлеуметтік желі қолданушысы тіркелген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 11,2%-ға көп. 2025 жылдың қаңтарында Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушыларының 81,5%-ы кемінде бір әлеуметтік желіні пайдаланған. Қолданушылардың басым бөлігі — ер адамдар (55,8%), ал әйелдердің үлесі — 44,2%.

TikTok пен Instagram ең көп белсенді қолданушысы бар платформалар ретінде көш бастап тұр — тиісінше 15,7 млн және 12,4 млн қолданушы. Дегенмен, әлеуметтік желіде қолданушылар саны көп болғанымен, бұл олардың сыртқы сайттарға трафик әкелуіне тікелей әсер ете бермейді.

Қазақстанда сыртқы веб-сайттарға ең көп трафик жіберетін әлеуметтік желі — Pinterest. Бұл платформа арқылы әлеуметтік желіден басқа сайттарға өтетін сілтемелердің 36%-ы жүзеге асады. Одан кейін Facebook (13,9%), X (бұрынғы Twitter) — 10,4%, VK — 9,8%, Instagram — 8,6% және Reddit — 4,2% үлеске ие.

Сонымен қатар, интернет кеңістігінің мұншалықты өсуі цифрлық мәдениеттің қалыптасуына, интернет-құралдардың күнделікті өмірге енуіне, сондай-ақ цифрлық сауаттылықтың маңызын арттыруға себеп болып отыр. Қазіргі таңда интернет тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар білім алу, байланыс орнату, жұмыс істеу мен шығармашылықпен айналысудың басты құралдарының біріне айналды. Әлеуметтік желілердің де рөлі кеңейіп, олар тек жеке байланыс құралы ретінде ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы, маркетингтік алаң және жаңалық тарату арнасы ретінде қолданыла бастады.

Деректер ағынының мұншалықты ауқымды әрі жылдам өсуі — бір жағынан мүмкіндіктер, екінші жағынан сын-қатерлер алып келеді. Солардың қатарында дербес деректердің қауіпсіздігі, фейк ақпараттың таралуы, интернет-тәуелділік секілді мәселелер де бар. Сондықтан интернеттегі белсенділіктің артуы мен деректер көлемінің көбеюі жағдайында бұл саланы жан-жақты зерттеу, реттеу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ пайдаланушылардың саналы интернет мәдениетін қалыптастыру — өзекті міндеттердің бірі болып қала бермек.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар