бейсенбі, 19 маусым, 2025 16:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қызылордада 15 мың гектардан астам суармалы алқап қалпына келтірілді

Қызылордада 15 мың гектардан астам суармалы алқап қалпына келтірілді
Pixabay.com
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді

Жалағаш ауданында Сырдария өзені бассейніндегі ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту жобасы толық аяқталып, нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығына серпін берілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жалпы ұзындығы 1362 шақырымнан астам канал жаңартылып, 14 мыңнан аса гидротехникалық құрылғы ауыстырылып немесе қайта салынды. Сонымен қатар 328 шақырымға жуық коллектор мен 151 бақылау ұңғымасы қалпына келтірілді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 15,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, егістік толық игерілді. Ең бастысы – су шығыны 30%-ға дейін қысқарып, жылына 95 миллион текше метр су үнемделетін болды.

Жергілікті диқандар оң пікір білдіруде.

Сұлтанбек Үсенов, шаруа қожалығының агрономы:

«Каналдарды тазалау, шлюздер орнату жұмыстарының арқасында су жеткізу сапасы 35-40%-ға жақсарды. Су тапшылығы кезінде де бұл жүйе үлкен көмек. Нәтижесі айқын» – дейді.

Бұл жұмыстар – Дүниежүзілік банкпен бірлескен Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында атқарылған.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, осындай жобалар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында да жүргізілуде. Жалпы 105 мың гектардан астам жердің суармалы жағдайы жақсармақ. Қазіргі таңда жобаның 86%-ы орындалып, 79 мың гектардан астам егістікке су жеткізу айтарлықтай жақсарды. Жыл сайын 201,8 миллион текше метр су үнемделуде.

Аталған жоба ауыл шаруашылығының су қауіпсіздігін күшейтіп, өңірлердегі аграрлық әлеуетті арттыруға нақты үлес қосып отыр.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар