сәрсенбі, 11 маусым, 2025 4:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Байзақта «Қауіпсіз балалық шақ – болашаққа бағдар» атты конференция өтті

Байзақта «Қауіпсіз балалық шақ – болашаққа бағдар» атты конференция өтті
Фото - ашық дереккөз
Іс-шараға тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындар өз мәселелері мен өтініштерін жеткізді

«Қоғаммен байланыс» – жобасы аясында Жамбыл облысының прокуратурасы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектебінде «Қауіпсіз балалық шақ – болашаққа бағдар» атты конференция өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Іс-шараға тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындар өз мәселелері мен өтініштерін жеткізді. Олар тікелей құқықтық кеңес алып, кейбір өзекті сұрақтарына шешім тапты.

Мектептің акт залында Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров 9–10 сынып оқушыларымен кездесті.

– Әрбір мектеп – оқушылардың білім алуы, тәрбиеленуі, бір-бірімен қарым-қатынас жасауы үшін қауіпсіз орта болуы тиіс. Бүгінгі жас ұрпақтың бойында ертеңгі күнге деген сенімділік пен қорғаныш сезімі қалыптасуы қажет. Сондықтан, өз іс-әрекетіңізге, мінез-құлқыңызға, жалпы өміріңізге жауапкершілікпен қараңыздар. Заң мен тәртіп – әр азаматтың өз құқығы мен міндетін біліп, оны орындауынан басталады, – деді Нұрғалым Әбдіров.

Конференция барысында Байзақ ауданындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты өзекті мәселелер қозғалды.

Білім бөлімінің басшысы Нұрбек Оршыбеков тәуекел тобындағы балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру және жасөспірімдердің өз-өзіне зиян келтіру әрекеттерінің алдын алу мен түзету жолдары жөнінде баяндады. Облыстық психологиялық қолдау орталығының басшысы Рашид Райф балалардың суицидтік мінез-құлқының психологиялық қырлары туралы сөз қозғады. Денсаулық сақтау басқармасының суицидологы Сауле Бурашова суицидтің медициналық аспектілеріне тоқталды. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің коммуникативтік дағдылар орталығының ассистент профессоры Айжан Құдайбергенова суицидтің алдын алу шаралары жайында ой бөлісті.

Баяндамашылардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу – ата-аналар мен педагогтердің бірлескен жұмысы болуы тиіс. Осы бағытта тиімді әдістемелер мен ұстанымдарды әзірлеу маңызды.

Жиын соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров көтерілген мәселелер назарға алынатынын және педагогтар мен полиция қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылданатынын айтты.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар