дүйсенбі, 9 маусым, 2025 11:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда жыл сайын 240 мыңнан астам адам жарақатпен ауруханаға түседі

Қазақстанда жыл сайын 240 мыңнан астам адам жарақатпен ауруханаға түседі
Pixabay.com
20 мамыр – травматолог-дәрігерлердің кәсіби мерекесі. Бұл күнде адам өмірі үшін күресіп жүрген, көзге көрінбейтін ерлік иелері – травматологтар ерекше құрметке ие. Олар ашық сүйек сынуы, күйік, көлік апаты немесе күрделі буын операциясы сияқты ауыр жағдайларда дер кезінде көмек көрсетіп, мыңдаған науқастың қайта аяғына тұруына себепкер болып отыр.

Бүгінгі таңда елімізде 1508 травматолог қызмет атқарып жүр. Олардың 174-і ауылдық жерлерде еңбек етуде, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

2024 жылы жарақат алып, ауруханаға түскен науқастардың саны 240 мыңнан асты. Аурухана ішіндегі өлім-жітім көрсеткіші 1,1 пайызға дейін төмендеп, медициналық көмектің сапасы артқанын көрсетті. Сонымен қатар, жалпы жарақаттану деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға азайған.

2024 жылы жарақаттарға байланысты жедел жәрдем шақыртуларының жалпы саны 741 728-ге жетті. Оның ішінде жол-көлік оқиғаларына қатысты шақыртулар 47,8 мыңды құрап, 4,6 пайызға өскен.

Елімізде жарақат алған азаматтардың басым бөлігі қол мен аяқ жарақаттарымен ауруханаға түседі. Бұл жалпы көрсеткіштің 35 пайызын құрайды. Ал бас пен мойын жарақаттары 24 пайызды, улану мен басқа да жарақаттар әрқайсысы 10 пайыздан алады.

Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында травматологиялық төсектердің саны 9,7 пайызға артты. Сонымен қатар, арнайы бөлімшелер мен кабинеттердің желісі кеңейіп, бүгінгі таңда елімізде көпбейінді стационарларда 160 травматология-ортопедия және күйік бөлімшесі жұмыс істейді. Оның 47-сі балаларға арналған. Бұған қоса, 80 травматологиялық пункт пен амбулаториялық-емханалық деңгейде 291 кабинет халыққа қызмет көрсетуде.

Оңалту қызметтерінің де ауқымы кеңейді. Мұндай орындардың саны 1218-ден 2251-ге дейін көбейіп, бұл көрсеткіштер мүгедектік деңгейінің төмендеуіне және пациенттердің өмір сапасының артуына оң әсер етуде.

Травматологиялық-ортопедиялық қызмет жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жетілді. Тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарына қатысты көмек қолжетімді, заманауи және оңалтуды қамтитын деңгейге көтерілді.

Денсаулық сақтау министрлігі өзге мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, тұрмыста, өндірісте және көлікте қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, алғашқы медициналық ұйымдар мен жедел жәрдем станцияларында оқыс оқиғалар кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша мамандарды оқыту жалғасуда.

Министрлік еліміздің барлық травматолог дәрігерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың кәсібилігі мен халық денсаулығын қорғауға қосқан зор үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар