сейсенбі, 26 қараша, 2024 4:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Барлық күш коронавируспен күреске жұмылдырылады

Барлық күш коронавируспен күреске жұмылдырылады
ашық дереккөзі
Барлық күш коронавируспен күреске жұмылдырылады

Қазіргі таңда әлемдік пандемиядан зардап шеккен экономиканы қалпына келтіру, індеттің ықтимал тәуекелдеріне дайындық жұмыстарын пысықтау және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын көтеру күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыстар мен алда тұрған мақсатты міндеттер жайлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берді. «Біріншіден, экономикалық белсенділікті қолдау. Пандемия мен карантин шектеулері, сауда қатынастарының бұзылуы еліміздегі іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізді. Көптеген ірі кәсіпорынның көрсеткіші төмендеді. Әсіресе шағын және орта бизнес қатты зардап шекті. Былтыр дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылданды. Оның ауқымы аса зор болғаны және жедел жүзеге асырылғаны баршаңызға белгілі. Бизнестің сұранысына ие болып отырған маңызды шаралар осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса, халықтың жағдайы соған пара-пар келеді. Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажет іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Әсіресе бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс», деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлының келесі кезекте тоқталған өзекті мәселесі – коронавирус індетіне қарсы вакцинация болды. «Әлбетте, бұл жағдайды еңсерудің тиімді және жүйелі жолы – жаппай вакциналау. Бұл кейбір арандатушылар айтқандай, вакциналау мәжбүрлі түрде жүргізіледі дегенді білдірмейді. Бірақ халық вакциналау қиын жағдайдан шығудың жолы екенін түсінуі керек. Оны сапалы жүзеге асыру үшін барлық жағдайды қарастыру маңызды. Бұл науқан жоғары ұйымдасқан деңгейде жүргізілуі тиіс. Дайындық жұмыстарын талдау нәтижесі вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарының жетіспейтінін анықтады.

Әсіресе күрделі жағдай Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, толыққанды дайындықты қамтамасыз етуді және жаппай вакциналауға 1 ақпаннан бастап кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаны тестілеудің оң нәтижесіне үміттенеміз. Бұл жағдайда өз басым қазақстандық вакцинаны қолданатынымды айтқым келеді», деді Мемлекет басшысы. Президент пандемияның сынақ режимінде отандық денсаулық сақтау саласына әжептәуір салмақ түскенін баса айтты. Салада жүйелік кемшіліктер анықталып, медициналық қызметтер зардап шегіп, бұл халықтың денсаулығына бірден әсер еткен. «Былтыр 156 анадан айырылу өлім-жітімнің 2,8 есеге өскенін көрсетеді. Бұл статистика жай сандар емес, 156 отбасы үшін орны толмас қайғы. Ана өлімінің негізгі себептерінің арасында жылдан-жылға перзентханалардың нашар жарақтандырылуы түрткі болуда. Реанимациялық бөлімшелердің де жабдықталуы көңіл көншітпейді. Ауыр науқастарды емдеуге арналған жабдықтар мен арнайы материалдар жоқтың қасы. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, кәсіби қауымдастықтарды тарту арқылы барлық денсаулық сақтау ұйымдарына керек-жарақ қондырғыларды түгендеуді тапсырамын. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылымдық жерлердің аздығына да баса назар аударды. Президенттің сөзіне сүйенсек, жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде екен. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жер пайдаланусыз жатыр. Сол себепті Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен Бас прокуратураға осы жылдың соңына дейін аталған жерлерді айналымға қосуды тапсырды. Президентті білім беру саласындағы жүйесіздік те алаңдатты. Әсіресе мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 36 пайызында кәріз жүйесінің жоқтығы, 29 пайызында ыстық су қаралмағаны және 11 пайызында талапқа сай дәретхана орнатылмағаны өзекті болып тұр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы отандық оқулықтардың сапасын да қатаң сынға алды. Және «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасы аясында 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салу міндеті тұрғанын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы экология мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Президенттің айтуынша, еліміздегі ахуал ойдағыдай емес. Сауалнама кезінде азаматтарымыздың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған орай жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, келешекте 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Сонымен қатар Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірлеу тапсырылып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді. Десе де биыл халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын нығайтып, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын мемлекетіміздің құндылықтарын дәріптеуге баса ден қойылмақ.

С.ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар