жұма, 22 қараша, 2024 13:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Арманы асқақ Алуа

Арманы асқақ Алуа
ашық дереккөзі
Арманы асқақ Алуа

«Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген даналардан қалған өсиет сөзге сүйенер болсақ, тілді білу бүгінгі заманның талабына айналып отыр. Өйткені, өркениетті елге айналу жолында тілді меңгеру жарқын болашаққа бастайды. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазіргі қазақстандық үшін үш тілді меңгеру - бұл өз игілігінің кепілі» деп айта келе, келешекке кемел біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірі екенін айтып өтті.

Үштілділік бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. «Тілдің арқасында біреуді біреу танып, бір халық екінші көрші халықты біліседі» деп Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов айтқан оймен Алуа Ермекқызының да ойы ұштасады. Өзі мектеп қабырғасында оқыса да үш тілді еркін меңгерген. «Ана тілін қадірлеу, қастерлеу - парызымыз» деген ол өзге елдің тілін меңгеру уақыттың талабы екендігін айтады.

Алуа - №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы. Мектептегі сабақ үлгерімі жақсы оқушылардың қатарында. Ол қоғамдық жұмыстармен қоса, түрлі пән олимпиадаларына қатысады. Оның ішінде орыс тілі пәнінен Айгүл Мәмбетбаеваның және ағылшын тілі пәнінен Гүлмира Ермекбайдың жетекшілігімен жарыстарға қатысып, дипломдармен, сертификаттармен марапатталған. Сонымен қатар, аудандағы «English stream» ағылшын тілін оқыту орталығында тіл үйренгеніне бес жылдың жүзі болған. Орталықтағы  ұстазы - Дана Сәулебекова.

-Жастар қауымына білімге ден қою керектігі міндеттеліп отыр. Оның ішінде тілді білу – біздің ертеңгі күніміздің кепілі. Өйткені, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін де біз білімді әрі тілді жетік меңгерген болуымыз керек. Қазір әлем біліммен сынасады. Мен үш тілді еркін меңгергенмін. Оның ішінде ана тілім - қазақ тілі маған анамның сүтімен дарыған қасиетті тілім. Ана тіліміз әрқашанда бірінші орында тұруы керек. Оны білу - әрбір адамның міндеті. Оның абыройы мен мәртебесі биік болу тікелей бізге байланысты. Қазақ тілі біздің мемлекетімізді, тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, қазақ екенімізді білдіреді, әлемге танытады. Қазақ тілі пәнінен ұстазымыз Гүлмира Ғарифолла қанша тіл білсең, де өз тіліңді құрметтеуді ұмытпаңдар деп үйретеді. Сондықтан қанша тілді білсем де, өзі тілімнің құдіретіне ешқандай тіл жетпейді.

Ал, орыс тіліне келетін болсам, бала күнімнен қасымдағы достарым, көршілеріміз орыс ұлтының өкілдері болды. Солармен бірге араласып, олар біздің тілді мен орыс тілін үйрендім. Кейіннен де мектеп қабырғасында ұстаздарымның арқасында мен тілді жетік үйрене бастадым. Яғни, қатынас құралы ретінде. Өзге елді түсіну, ойымды жеткізу мақсатында.

Анам «өзіңнің жаның қалаған нәрсемен айналысып, өмірде таңдауыңды жасап, өз орныңды табуың керек» деп ақылын айтып отырады. Сол себепті, менің тілге деген қызығушылығым ағылшын тілін меңгеруге септігін тигізді. Ата-анамның қолдауымен орталыққа жазылып,  ағылшын тілін үйренудің бірнеше сатысынан өтіп, сертификаттар алдым. Орталықтағы ұстаздардан білім ала жүріп, ағылшын тілінде жазу мен сөйлеу стилін қалыптастырдым, - дейді Алуа.

Оның арманы - аудармашы болу. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсу, оқу орнынан қытай, француз тілдерін меңгеру. Сондай-ақ, ол бала көңілімен бір мамандық иесі атансам, жетіске жетсем, қолымнан келгенше туған жеріме келіп тұрмыс жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға тегін тіл оқыту орталығын ашу арманымның бірі деп ағынан жарылды. Ол болашаққа қадамын да тілді үйреніп, өзге елдің мәдениетін бойына сіңіріп, тарихы мен табиғатын танумен байланыстырып отырған арманшыл жас. Бос уақытында шетел жазушыларының кітаптарын оқып, өз-өзін дамытып отырады. Олардың өркениетті мәдениетін, өнерлерін танып білсем дейді. Арманына қол жеткізу үшін көп ізденіп, еңбектену керек екенін де жақсы біледі.

-Менің қолдаушым да тура жол көрсетушім де отбасым. Анам Ұлболсын мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Менің оқуыма, тәрбиеме аса көңіл бөледі. Әкем Ермек қолынан барлық іс келетін шебер. Ал, әпкем  Сымбат маған мотивация беруші жан. Ол үнемі ізден, оқы деп, әсіресе кітап оқы деген кеңесін береді. Алға ұмтылып, мақсатыма жету жолында уақтысында керекті дүниелерді үйреніп, меңгеруімді қолдайды. Бізде барлық мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдалануымыз керек. Оқимын, білім аламын деген адамға ешқандай кедергі болмайды, - дейді ол.

Тілді меңгеру мектеп қабырғасынан басталғаны дұрыс-ақ. Өйткені, оң-солын таныған бала ана тіліне құрмет көрсете отырып, өзге тілді меңгереді. Ең бастысы, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатып, болашаққа қадам жасайды.

Жас талап Алуа да арманы асқақ, мақсаты айқын өскелең ұрпақтың бірі. Талаптанып, алға ұмтылуы - оның алдағы уақытта пайдасына жарап, биік белестерді бағындыруға жол ашпақ.

Айүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар