Дертпен күрес тас-түйін дайындықты қажет етеді
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мен партияның сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық сақтау» бағыты аймақтық комиссияның бірлескен отырысының күнтәртібіне медицина саласындағы өзекті мәселелер қойылды.
Жиынның кіріспе сөзін алған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев әлемдік пандемия өңірдегі емдеу ісіндегі бірқатар жайттарға көз жеткізгенін атап өтті. Атап айтқанда індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер мен медбикелер, кіші буындағы медицина қызметкерлеріне үстемеақы, өтемақы төлеу мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. Әлем елдері коронавирустық инфекцияның екінші толқынына қызу дайындыққа кірісіп жатқанда жамбылдықтар қарайым ПТР тестілеуден қайда, қалай өтуге болатынын білмей дал.
Десе де облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, қазіргі дайындықпен Жамыл медицина инфекцияның кезекті толқынын абыроймен еңсеруге әзір. Тіпті бұл орайда әрбір инфекциялық стационардағы төсек орындарын арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Бұл орайда емдеу ісіне жауапты мекемемен атқарушы биліктің бірлескен іс-қимылын атап өтпеске болмайды. Дегенмен бұл жайттардың ешқайсысы инфекция таралуының кезекті толқынына тас-түйін дайындықты білдірмейді. Жиын барысында сөз алған партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің пікірі осыған саяды. Мәселен партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ғалым Қасабай дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуы мәселесін көтерсе, Эльмира Мырза Ғали кіші медициналық қызметкерлерді көтермеақымен қамтамасыз ету, инфекцияға шалдыққан науқастарға денсаулық сақшылары тарапынан негізсіз шектеулер қойылғанын сөз етті. Өз кезегінде партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев жауаптылардан көтерілген мәселелердің оңтайлы шешу жолын қарастырып, дайындық шараларын пысықтауды талап етті.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз