жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 4:16

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өңірде дауларды шешудің баламалы тәсілдері қолданылмақ

Өңірде дауларды шешудің баламалы тәсілдері қолданылмақ
ашық дереккөзі
Өңірде дауларды шешудің баламалы тәсілдері қолданылмақ
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен облыстық азаматтық істер жөніндегі алқаның төрағасы Жомарт Рүстембеков «Татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға» қол қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту туралы тапсырғаны белгілі. Аталған шара Мемлекет басшысының сол тапсырмасы аясында қолға алынып, өңірде әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал ететін дауларды сотқа дейін реттеу, татуластыру рәсімдерін жан-жақты дамыту және белсенді енгізу бойынша өзара іс-қимылды нығайту мақсатында ортақ меморандумға қол қойылды. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев аталған меморандум аясында аймақта медиацияны дамыту жөніндегі іс-шаралардың біріңғай бағдарламасы негізінде өзара іс-қимылды жүзеге асыру мен оны үйлестіру жөнінде жұмыс тобы құрылатынын мәлім етті. – Жалпы, бұл меморандум аясында тараптар өкілдерінің дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдануға байланысты бірлескен кеңесулер, талдамалық зерттеулер, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып, семинар және басқа да іс-шараға қатысу арқылы оң тәжірибемен алмасуы көзделген. Сондай-ақ татуластыру рәсімдерін насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізіліп, татуластыру рәсімдерін қолданудың артықшылықтары туралы белсенді түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, меморандумды орындауға байланысты мәселелерді қарау үшін әр тоқсан сайын кемінде бір рет жұмыс кездесулері ұйымдастырылмақ. Аталған кездесулердің күн тәртібі тараптардың келісімімен бекітіледі, – деді Ержан Жұматұлы. Мұнан соң сөз тізгіндеген облыстық азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Жомарт Рүстембеков 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» Заң қабылданып, нәтижесінде дауларды баламалы шешудің жаңа түрі пайда болғанын сөз етіп, бұл жұмыспен осы уақытқа дейін сот жүйесінің мамандары айналысып келгенін жеткізді. Сондай-ақ ол аймақта аталмыш Заңды тиімді жүзеге асыру үшін 2018 жылдан бері үйлестіру кеңесі жұмыс істеп келе жатқандығынан хабардар етті. – Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда дау-дамай көбейіп кетті. Азаматтар кез келген ұсақ-түйек дау-шармен сотқа жүгінетін болды. Ал мұндай істерді сотқа жеткізбей, тараптарды ерікті келісімге шақыру жолында медиацияның маңызы зор. Өз кезегінде, медиацияның алға қойып отырған мақсаты ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей, халықты келісімге келтіруге үйрету. Расында, сот жүйесінде де бітімгершілік туралы көрсетілген. Дегенмен бұқара өз арасындағы дауды медиация тәртібі арқылы шешуге дағдылану қажет-ақ. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасы да осыған саяды, – деген Жомарт Қауасұлы меморандумдағы мақсат-міндеттер тек қағаз жүзінде қалып кетпей, іс жүзіне асатындығына сенім білдірді. Басқосуда сондай-ақ облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңалсын Есіркепов те сөз алып, медиацияның жұмысына тоқтала келе оны іске асыруда билер кеңесінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі 154 ауылдық округте 518 би бар екен. Ел ішінде халыққа сөзі өтімді, өмірлік тәжірибелері бар азаматтарды би ретінде сайлап, олардың 65-ін арнайы оқытып, «Кәсіби емес медиатор» деген сертификат беріліпті. Нәтижесінде өңірдегі билердің қатысуымен өткен жылы 450, ал биыл 243 түрлі дау-дамай сотқа дейін екі жақты тиімді шешіліпті. Осындай жұмыстарды тілге тиек еткен Оңалсын Қарибайұлы татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім құжатының маңыздылығына ерекше тоқталып, «Медиация» туралы облыстың өз бағдарламасы болуы қажеттігін жеткізді. Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар