сенбі, 23 қараша, 2024 15:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жайбасарлық жарға жығады

Жайбасарлық жарға жығады
ашық дереккөзі
Жайбасарлық жарға жығады
Облыс әкімдігінде өңір басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен кеңес отырысында білім саласындағы өзекті мәселелер мен індеттің болуы мүмкін екінші толқынына дайындық барысы қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова өңіріміздегі мектептердің құрылысы, санитарлық тораптарды ғимарат ішіне кіргізу және компьютермен қамтамасыз ету жұмыстарын тарқата айтып берді.

Білім нысандарының құрылыс жұмысы баяу

Жалпы, жыл соңына дейін 9 білім нысаны пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, кейбірі мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін. – Облыс бойынша 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні 30 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қалған 12 мектептің 9-ның күрделі жөндеу жұмыстары қараша айының басында аяқталады деп күтілуде. Облыста 285 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жоспарланса, қазір 282 мектепте жоспарлы жұмыстар аяқталған. Үш мектепте бұл жұмыстар әлі күнге соңына жетпеген, – деді Гүлнар Махақызы. Өз кезегінде Ержан Жұматұлы аудан әкімдерінің аталған салаға жауапты орынбасарларымен бейнебайланыс арқылы тілдесіп, аталған кемшіліктер бойынша әрқайсысынан жеке жауап алды. – Білім мекемелерінің құрылысы мен күрделі жөндеу және санитарлық тораптарды ғимарат ішіне орналастыру мәселесі облыс басшысының басты назарында. Сондықтан аудан әкімі мен оның салаға жауапты орынбасарлары істің межелі уақытта аяқталуын қадағалауы тиіс. Мердігерлердің құрылыстың кешігуіне қатысты айтып жүрген «жұмысшы тапшы» деген сөзі сылтау бола алмайды. Үлгермей жатса, екі ауысымда жұмыс істеу керек. Қосымша жұмыс күшін жұмылдырсын. Бұдан бөлек кейбір мектептердегі санитарлық тораптардың суы әлі жүргізілмеген, кейбірінің есіктері толық салынып бітпеген. Бұл мәселені де назарда ұстауымыз қажет, – деді Ержан Жылқыбаев. Сонымен қатар жиында оқушыларды компьютермен қамтамасыз етудің мән-жайы да сараланып, дәстүрлі және кезекші сыныптарда оқып жатқан мектептердегі санитарлық жағдай да әңгімеге арқау болды. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, жақында облыс әкімі аппаратының қызметкерлері тарапынан Тараз қаласында орналасқан 8 мектептің санитарлық талаптарды сақтауы зерделеніпті. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталған. – Зерделеу жұмыстары жүргізілген білім ошақтарының ешбірінде дезинфекциялық дәліз жұмыс істемейді. Мысалы №51 орта мектептегі 27 кезекші сыныпта 376 бала оқып жатыр. Сөйте тұра мектеп директоры жұмыс орнында болмаған. Кейбір сынып кабинеттерінің кіреберісінде дезинфекциялық кілемшелер жоқ. Оқушылардың партаға шахмат тәртібімен жайғасуы ұмыт қалған. Мектептің кіреберісіне турникет орнатылмаған. Оқушылар арасындағы әлеуметтік қашықтық сақталмаған. Білім ошағындағы кварц шамдары іске қосылмаған. Балабақшадағы әр топтағы бүлдіршіндер саны 15-тен аспауы тиіс. Ал топтағы балалар одан көп болып шыққан. Айта берсе осы тектес кемшілік көп, – деген Ержан Жұматұлы айтылған олқылықтар шұғыл арада ретке келтірілу керектігін және білім беру мекемелерін тексеру жұмыстары күшейтілетінін ескертті.

Санитарлық талап сақталмаса, індет өршиді

Кеңес отырысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев коронавирустық инфекцияның болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жайын баяндады. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыс аумағында жалпы індеттің 4 мың 147 жағдайы тіркелген. Ал 134 науқас пневмонияға шалдыққан. Ал кеше індеттің 2 дерегі тіркеліпті. – Қазір инфекциялық стационарда жатқан 9 науқастың алтауының жағдайы орташа, 3 науқастың халі ауыр. Соңғы апта ішінде індеттің 16 жағдайы тіркелді, – деген Әсет Әскерұлы емдеу мекемелеріндегі төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры, медицина қызметкерлері мен резервтегі ақ халаттылардың саны, тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жайына да тоқталды. Жиында коронавирустық инфекцияның екінші толқында күтілетін эпидемиологиялық ахуал туралы облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова сөз алып, Тараз қаласы мен Шу, Қордай аудандарында кейбір мекемелерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру, жұмыс уақытын таңғы 9:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қысқарту, қоғамдық көліктерде жолаушыны тек орындықтар саны бойынша тасымалдау секілді карантиндік шектеу шараларын енгізу қажеттігін айтты. Себебі осы аймақтарда індеттің өршу қаупі мүмкін көрінеді. Бұдан кейін «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің облыстағы уәкілі Айжан Тортаева дәріханаларға жеткізіліп жатқан медициналық қорғаныс заттары мен дәрі-дәрмек жөнінде есеп бере отырып, кейбір аудандардың аталған серіктестікке былтырдан бергі қарызы бар екенін жеткізді. Басқосуда Ержан Жылқыбаев медициналық ұйымдардың «СК-Фармация» ЖШС алдындағы қарыздарын төлеу бойынша кесте әзірленіп, сол бойынша жыл соңына дейін барлық қарыздарды жабу жайын қарастыру керектігін сөз етті. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен мекемелерде, тойхана, мейрамхана секілді кәсіпкерлік нысандарда санитарлық талаптардың сақталуын күшейту қажеттігін еске салды. Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарларынан санитарлық талаптардың сақталуын тексеруі тиіс мониторингтік топтың жұмысы не себепті әлсірегенін жеке-жек сұрады. – Біз санитарлық талаптың сақталуын қатайтуымыз керек. Өйткені тойхана, мейрамханаларда 30 адамға дейін бас қосу рұқсат етілгенімен, ел 200-300 адамға дейінгі жиын-тойға қатысып жүр. Мониторингтік топтың жұмысы әлсірегені соншалық, жұрттың алды медициналық маска тағуды ұмыта бастады. Облысымыздың шекарасындағы өткізу бекетіне де бақылауды күшейтуіміз қажет. Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы. Біз оны бәріміз бірге орындауға тиіспіз, – деді Ержан Жұматұлы. Кеңесті қорытындылаған Е.Жылқыбаев аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарларына өңірдегі денсаулық сақтау мекемелеріне барып, дайындығын, дәрі-дәрмектердің қорын көріп, ертеңгі күні дәрі жетіспей, халық қиналып қалмауы керектігін, талапқа бағынбаған тойхана иелеріне айыппұл салу жөнінде де қатаң тапсырды. Сондай-ақ жиында қаралған барлық мәселе жуық арада облыс әкімінің төрағалығымен өтетін штаб отырысында қаралатынын ескертті.   Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар