сенбі, 23 қараша, 2024 1:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әлеуеті артқан Әулиеата – дамудың даңғыл жолында

Әлеуеті артқан Әулиеата – дамудың даңғыл жолында
ашық дереккөзі
Әлеуеті артқан Әулиеата – дамудың даңғыл жолында

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, онда аймақ басшысы өңірдің есепті кезеңінде жеткен жетістігін баяндады. Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысына да жан-жақты тоқталды.

Экономикалық өсімге көңіл марқаяды

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларды тиімді іске асырудың арқасында өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің серпінді өсуі қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 102,1 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4, құрылыс 39,5, пайдалануға берілген тұрғын үй 7 және байланыс 1,6 пайызға артты. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция 7,8 пайызға көбейіп, 255 миллиард теңгені құрады. Инфляция деңгейі жыл басынан 105,3 пайызды құраса, бұл республикалық орта көрсеткіштен төмен деңгейді көрсетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды межелесе, бюджеттік кіріс 324,5 миллиард теңгеге жетті. Ал жыл қорытындысымен өндіріс көлемі 508 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Бұдан бөлек жыл соңына дейін инвестиция көлемін 368 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Есепті кезеңде 94 миллиард теңгеге 17 жоба қолға алынса, оның ішінде бүгінге 25,6 миллиард теңгеге 7 жоба нақты жанданып, 850-ден аса жұмыс орны құрылды. Оның ішінде баламалы электр қуатын өндіретін 4 жоба жүзеге асып жатыр десек, құрылыс аяқталғаннан кейін жалпы қуаттылық 403,65 МВт болады. Олармен өндірілетін баламалы электр өңірдің үштен бір бөлігіне жетеді. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 73 миллиард теңгеге 147 жоба мақұлданып, 49,1 миллиард теңгеге 136 жоба несиелендірілді, – деген облыс әкімі бұдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан фармацевтикалық бағыттағы жұмыстарға тоқталды.

Вакцина зауыты келер жылы іске қосылады

– Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асыру аясында фармацевтика саласы қарқынды дамуда. Ол есепті кезеңде номиналды мәнде 10 есе өсімді көрсетіп отыр. Гвардейский ауылында биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастап, мұнда әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын дайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар институт мамандары мен зауыт қызметкерлері үшін 60 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Тағы екі үйдің құрылысын жүргізу жоспарда бар, – деді Б.Сапарбаев.

Пияз облыстың брендіне айналды

Аграрлық салада да ауыз толтырып айтар тірлік көп. – Әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияны ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде биыл егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 735 мың гектарға жетіп отыр. 817 мың тонна астық жиналса, орташа өнімділік әр гектардан 22,7 центнерді құрады. Облыс пияз егу бойынша республикада көшбасшы болып отыр. Бүгінде өңірде елдегі пияздың 75 пайызы өсірілуде. Ағымдағы жылы шаруалар 691 мың тонна пияз жинап алды. 41,2 мың тонна өнім алыс және жақын шет мемлекеттерге экспортталса, алдағы уақытта көкөніс қоймаларын көбейтіп, жаңа технологиялар мен сұрыптарды енгізе отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тағы жандандыра түспекпіз. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында түркиялық компанияның қатысуымен таңқурай мен құлпынайды өндірістік отырғызу да қолға алынып, алғаш рет 835 гектарға күздік рапс егілді. Жыл ішінде 11,5 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, оның көлемі 178,5 мың гектарды құрады. Сонымен қатар озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақ 27 пайызға ұлғайып, 1313 гектарға жетті. Бұдан бөлек игерілмей жатқан 72,1 мың гектар ауылшаруашылық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қант қызылшасының өндірісі 133 мың тоннаға жетіп, 4,2 пайызға артты. Қант өндірісін дамыту үшін қуаттылығы жылына 148 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорын құрылысын 85 миллиард теңгеге «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Өндіріс орнын іске қосу 2023 жылға жоспарланған, – деді Бердібек Машбекұлы.

Балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлінуде

Биыл облыста картоп фриін өндіретін тың кәсіпорын да іске қосылғалы тұр. – Облыста алғаш рет нидерландтық инвесторлардың қатысуымен «K-АГРО» холдингі құны 54 миллиард теңге тұратын картоп фриін кешенді өндіру зауытын салуда. Өндіріс орны жылына 70 мың тонна өнім шығаруға әлеуетті. Ал «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құс фабрикасының бірінші кезеңінің құрылысын аяқтап қалды. Жобалық құны 28 миллиард теңге болатын зауыт жылына 45 мың тонна өнім өндіріп, 150 адамды жұмыспен қамтиды. Өңірде балық шаруашылығын жүргізуге арналған 121 су қоймасы бар. Шу және Талас өзендерінің учаскелерінде жасанды су қоймаларын құру үшін 24 оңтайлы нүкте анықталды. Таулы жерлерде форель өсіруге арналған 22 учаске анықталды. 2030 жылға қарай балық өндірісін 1,1 мыңнан 5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыста 400 тонна бал өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артты. Нәтижесінде жыл қорытындысымен 382 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, ол 4,6 пайыздық өсім мен еңбек өнімділігін де 7 пайызға арттырады, – деген облыс әкімі өз баяндамасында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының барысына айрықша басымдық берді.

Шаруалар пилоттық жобаның шарапатын көруде

– Жобаға облыстың 10 ауданының 8 мыңға жуық тұрғыны қамтылды. Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8,5 миллиард теңге игерілді. Мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша 6,9 миллиард теңгеге 45 мың мал сатып алынды. Пилоттық жобаны іске асыру барысында 7,1 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 21 мың тонна дәнді және мал азығы, 7,6 мың тонна ет және сүт өнімдері алынды. Бұл ауылдарда жаңадан 600 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздар саны 1129-дан 589-ға дейін азайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 490 адамға және нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 640 адамға кеміді. Ал 2238 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Ауыл тұрғындарының орташа табысы 42 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін өсті. Бұдан бөлек қазақстандық «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамымен бірлесіп ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін тиімді шарттарда ескі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және қалпына келтіру бойынша «Trade-in» жобасы іске қосылды. Жыл соңына дейін 100 бірлік ескі техниканы жаңарту жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылудағы «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасына 1 миллиард теңге бағытталды. Азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында төрт сауда желісі анықталып, онда делдалсыз екі сүт фермасы, құс фабрикалары және жеті шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуде. Бүгінге сауда желілері арқылы 5 мың тонна азық-түлік тауары мен 4,3 миллион дана жұмыртқа сатылды. Нәтижесінде қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндіріс жүктемесі 20-25 пайызға артып, азық-түлік тауарларының бағасы орташа есеппен 10-20 пайызға төмендеді. Облыста 6 әлеуметтік павильон жұмыс істеп тұрса, олардың санын 15-ке жеткізу және аудандарда ашу жоспарлануда. Өңірде 70 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда 125 мың адам жұмыспен қамтылған. Пандемияның теріс әсеріне қарамастан шағын және орта бизнес өнімдері мен қызметтерінің көлемі 9,2 пайызға өсіп, 194 миллиард теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен шағын және орта бизнес субъектілеріне 8,3 миллиард теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 152 кәсіпкерге 1,2 миллиард теңге берілді. Кәсіпкерлікті қолдау үшін «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 6,4 мың адам 3,5 миллиард теңге қайтарымсыз грант алса, 1224 кәсіпкерге 3,6 миллиард теңгеге шағын несие берілді. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында 14,1 мың бизнес субъектісі 2 миллиард теңгеге салықтық ынталандырулар алып, 740 субъектінің 3,9 миллиард теңге несиесі кейінге қалдырылды. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға дейін артады, – деді Б.Сапарбаев.

Құрылыс қарқыны көз қуантады

Бұдан кейін аймақ басшысы тұрғын үй құрылысына автожол, ауыз су, көгілдір отынмен қамту мәселелерінде сөз етті. – Тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Биыл 460,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7 пайызды құрады. Жыл соңына дейін 615 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарлануда. Сонымен қатар «Нұрлы жер» және жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 33,2 миллиард теңге бөлінген. Тараз қаласының қоғамдық көліктеріне электрондық билеттендіру енгізіліп, 232 стационарлық және 342 мобильді терминал орнатылды. Ағымдағы жылы автожол саласын дамытуға 26,7 миллиард теңге қаралған болса, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 1346,1 шақырым жолдар салынып, жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 85 пайыздан 90 пайызға артып, елді мекен көшелері 59,5 пайыздан 77,2 пайызға жаңаланбақ. Жыл соңына дейін 39 елді мекендегі 84 мың тұрғын ауызсумен қамтылатын болса, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 73,3 пайыздан 82,3 пайызға дейін артады. Газдандыруға келсек, жыл соңына дейін 45 елді мекендегі 120 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұған 14,1 миллиард теңге жұмсалатын болса, газбен қамтылған тұрғындардың саны 74,4 пайыздан 82,4 пайызға өседі. Есепті кезеңде өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 72,8 мың адам қамтылды. «Еңбек» бағдарламасы 51 мыңнан аса адам тартылып, 20,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұдан бөлек 30,6 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 19,1 мыңы тұрақты жұмыс орнын таба білді. Бұл жерде жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы көп демеу болғанын айта кеткен жөн. Бағдарлама аясында 20 мың жұмыс орны құрылып, 809 жобаны іске асыруға 64,2 миллиард теңге бөлінді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 51 мың компьютер және 16 мыңнан астам роутер-модем үлестірілді. Жыл басынан бері жан басына шаққандағы халықтың орташа табысы 70,3 мың теңгеден 78,7 мыңға өссе, орташа айлық жалақы 127 мың теңгеден 150,4 мыңға артты, – деген облыс әкімі әлемдік пандемия кезінде бұқараға көрсетілген әлеуметтік көмектерді де назардан тыс қалдырған жоқ.

Әлеуметтік көмек мұқтаж жандарға берілді

Әлемді әбігерге салған кесел халыққа оңай тиген жоқ. Ел әбден қиналған уақытта мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілді. – Жалпы пандемия кезінде облыстың 524 мың тұрғынына 44,6 миллиард теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша 62,1 мың адамға 3,5 миллиард теңге көлемінде көмек берілді. Азық-түлік және тұрмыстық төлемге 83,2 мың тұрғын қол жеткізіп, оларға 1,6 миллиард теңге үлестірілді. Оның ішінде 13,5 мың балаға 700 миллион теңгенің кепілдендірілген әлеуметтік пакеті берілсе, 14,7 мың азаматқа 1,1 миллиард теңгені құрайтын өзге де әлеуметтік көмектер тағайындалды. Сондай-ақ облыстағы 82 мың тұрғынның 2,4 миллиард теңгені құрайтын коммуналдық төлемдері өтелді. Бұдан бөлек пандемия кезінде табысынан айырылған 185 мың тұрғынға 42 мың 500 теңге көлеміндегі төлем төленді. 44,1 мың адамның кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 21,5 миллиард теңге сомасында берешегі өтелді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Biz birgemiz» акциясы аясында еріктілер 24 мыңнан аса отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізіп беріп, 38,9 мың адам 50 мың теңгеден алды. Пандемияға байланысты жаңа оқу жылында білім беру процесі 3 түрлі форматта ұйымдастырылды.Қашықтан оқыту үшін жергілікті бюджеттен 5 мың компьютерлік техника, республикалық бюджеттен 26,5 мың компьютер алынды. Биыл 22 білім беру нысанының құрылысы мен қайта жаңартылуына 10,7 миллиард теңге бөлініп, есепті кезеңде 3 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, 8 миллиардтан астам теңгеге 43 мектепке күрделі, 53 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1,1 миллиард теңгеге 285 мектептің санитарлық торабы ішке кіргізілді. Осылайша дәретхананы ішке орнату мәселесі толықтай шешімін тапты. Сонымен қатар облыстағы барлық мектепке бейне бақылау камералары орнатылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылғы жылы 40 мыңнан аса педагогтың айлығына 25 пайыздық үстеме қосу үшін республикалық бюджеттен 20,6 миллиард теңге қаралып, игерілді, – деді Бердібек Машбекұлы.

Індеттің екінші толқынына сақадай сай дайынбыз

Облыс әкімі брифинг барысында коронавирус індетінің болжамды екінші толқынына дайындық барысын да сөз етті. – Коронавирустың екінші толқынына дайындық шаралары басты басымдықтарымыздың бірі. Жалпы пандемиямен күреске 11,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Атап айтсақ медициналық мекемелерді жабдықтауға 4,7 миллиард теңге қарастырылса, оған 55 жедел жәрдем көлігі, 4 КТ, 97 ӨЖА, 2 ЭКО аппараты алынып, 100 көпбейінді және реанимациялық төсек және 4 ауруханаға оттегі стансалары орнатылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында дәрігерлерге шалғай ауылдарға жетуге көмектесетін 8 мобильді емхана республикадан бөлінді. КВИ-мен күреске тартылған 4 мыңға жуық медицина қызметкеріне 3,4 миллиард теңге сомасында үстемеақы төленді. Тараз қалалық перинаталды орталық және Т.Рысқұлов ауданындағы өкпе ауруы диспансері жұқпалы ауруханаға қайта бейімделіп, төсек қоры 350 орынға жеткізілді. Жалпы облыс бойынша 4,5 мың инфекциялық, сондай-ақ 450 реанимациялық төсек жабдықталған. 7 мың медицина қызметкері сақадай сай дайын отыр. Бұдан бөлек 280 дәрігердің резервісі бар. Бірыңғай дистрибьютормен облыстық медициналық ұйымдарға 11,8 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді. Сонымен қатар тұрақтандыру қорында 730 миллион теңгеге коронавирусты емдеуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры қалыптастырылды. COVID-19 коронавирустық індетпен ауырған пациенттерге арналған 120 төсектік оңалту орталығы ашылса, онда науқастарды оңалту және медициналық оңалту бөлімшелері жұмыс істеуде. Орталық 2,1 миллиард теңгеге заманауи медициналық техникалар мен оңалту құралдарымен жабдықталды. 2021 жылы 12 мыңға жуық медицина қызметкерінің еңбекақысы 30 пайызға артатын болса, бұл мақсатқа 6 миллиард теңге қарастырылған. Облыста биыл 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және 92 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Есепті кезеңде 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 76 алаңша қолданысқа берілді. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халық үлесі 32 пайызды құрады, – деді Б.Сапарбаев.

Қордай күн өткен сайын құлпыра береді

Облыс әкімі баяндамасында биыл Қордай ауданында қолға алынып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталды. – Биыл Қордай ауданын дамытуға 35,1 миллиард теңге бөлініп, 392 жоба іске асырылды. Зардап шеккен 157 нысан толығымен қалпына келтірілді. 4,6 мың жұмыс орны құрылып, орташа жалақы 5,1 пайызға өсіп, 171,4 мың теңгені құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6851 бірлікке жетіп, жұмыссыздық 4,4 пайызға тұрақтады. Бұдан бөлек ағымдағы жылы Қордай ауданының 100 мың тұрғыны бар 22 елді мекен газдандырылуда. Осылайша тұрғындардың газбен қамтылу деңгейі 47 пайыздан 95 пайызға артты. Ауданда 351 шақырым автожолға асфальт төселіп, 9 елді мекен жолы 100 пайыз жөнделді. Жазғы маусым кезінде 500 дүнген отбасы Шу ауданында егістік жұмыстарымен айналысса, 117 отбасы Алматы облысында, 74 отбасы Қарағанды облысында еңбек етті. Осылайша өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті арттырдық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста этнос өкілдері тығыз шоғырланған аймақ тұрғындарының проблемаларын нақты шешуге бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жыл басынан бері 30 мыңға жуық адамның қатысуымен 1144 іс-шара өткізілді. Онда 2 мыңға жуық азаматтың мәселесі шешіліп, 700 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. 236 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 550 миллион теңгеге 1000 адамға қайтарымсыз грант бөлініп, 1,9 миллиард теңгеге 132 бизнес жобаға қолдау көрсетілді. Көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында есепті кезеңде асарлатып салынған 45 үй пайдалануға берілді. Жоспар бойынша 117 үй беріледі деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін де жалғасын тауып, жоспарлы міндеттер мінсіз орындалатын болады. Бұл халықтың тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикалық өсуіне мол мүмкіндік беретіні хақ, – деп сөзін түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Сан сауалға – нақты жауап

Орталық коммуника­циялар қызметі алаңындағы брифингтің сұрақ-жауап кезеңінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа журналистер тарапынан салмақты сауалдар қойылып, тұшымды жауаптары берілді.

Алғашқы болып блогер Нәубет Бейсенов Қордай ауданында биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында салынып жатқан отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың жобалық құны мен оның өндірістік қуаттылығына қатысты сауалын қойды. Б.Сапарбаев: – Зауыттың жалпы жобалық құны 7 миллиард теңгеге жуық. Қуаттылығы жылына биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын өндіре алады. Мұнда шығарылған вакциналарды тек коронавирус індетіне ғана емес, егін мен мал шаруашылығы салаларындағы түрлі ауруларға қарсы қолдануға болады. Бір сөзбен айтқанда бұл еліміздегі теңдессіз зауыттардың бірі болмақ.

Облыс әкіміне екінші сауалды өзіміздің жергілікті «Jambyl» телеарнасының тілшісі Айбол Қарашев жолдады. Ол өңірде қант қызылшасының зауыттарға өткерілу барысын сұрады.

Б.Сапарбаев: – Меркі қант зауытына қатысты өткен жылы түйткіл туындаған болатын. Кәсіпорын шаруаларға 1 миллиард 200 миллион теңгедей қарыз болып қалған. Алайда қазір 80 миллион теңгеден басқасы диқандарға қайтарылды. Қалған қарыздан да зауыт жуық арада құтылады. Сондықтан биыл қант қызылшасы зауыттарда қалыпты режимде қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Келесі кезекте «The Qazaq Times» ақпарат порталының журналисі Асан Анарбайұлы Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешені қашан іске қосылатыны туралы сауалын қойды. Б.Сапарбаев: – «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне 4 миллиард 800 миллион теңге көлемінде инвестиция салынды. Қазіргі таңда оның 3 миллиард теңгесі игерілді. Мемлекет тарапынан демалыс орнына қажетті барлық инфрақұрылымдар жүргізілді. Бұйыртса тау-шаңғы кешені келер жылы толықтай іске қосылады деп күтілуде. Облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Индира Боташева өңірдегі ағын су мәселесі қаншалықты шешімін тауып жатқанына қызығушылық білдірді. Б.Сапарбаев: – Рас, Жамбыл облысы осы таңға дейін Қырғыз мемлекетінің суына тәуелді болып келген. Алайда біз биыл Байзақ пен Қордай аудандарынан үш су қоймасының құрылысын қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ «Ақкөл» су қоймасы ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өтті. Енді «Тасөткел» су қоймасын да жаңғыртсақ деген жоспарымыз бар. Осы сынды ауқымды бастамаларымыздың арқасында ағын су мәселесін алдағы жылдары толықтай шешеміз.

«Informburo.kz» сайтының тілшісі Диана Құлмағанбетова коронавирус індетінің алдын алу бағытында облыста құрылған мобильдік топтың жұмысын сұрады. Б.Сапарбаев: – Аталған мобильдік топтың жұмысы тікелей бақылауымда. Оған қоса олардың жұмысын әрдайым ширатып отырамын. Нәтижесінде бақылау күшейіп, жасырын той жасаушылар мен талапты бұзушылардың саны азайды. Салынған айыппұлды өндіру де жолға қойылды. Бұның бәрі әрине ең бірінші тұрғындардың денсаулығы үшін жасалуда.

Сұрақ-жауап кезеңінде журналистер тарапынан «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының келешегіне қатысты сұрақ көп жолданды. Аймақ басшысы жобаны қаржыландыру мәселесі жыл соңында өтетін Үкімет отырысында шешілетінін айтып, алайда тағы 20 елді мекен тұрғындарын қаржыландыру үшін 11 миллиард теңге сұрап отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы жобаның өміршеңдігіне мол сенім білдірді. Брифингте аймақ басшысына әлеуметтік салалар мен тұрғындардың тұрмысына қатысты өзге де сауалдар қойылып, тиісті жауаптарын алды.

  Бетті дайындаған Саян ТІЛЕУЖАН
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар