Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Qazaq radiosу»-ның тікелей эфирінде арнайы сұхбат беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тыныс-тіршілігін баян етті.
Алдымен аймақ басшысы өңірде карантин мен әлемдік дағдарыс салдарына қарамастан жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Мемлекет басшысының, Елбасының берген тапсырмалары түбегейлі орындалып, 10 айлық көрсеткіш бойынша өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында әлеуметтік экономикалық даму өсімі қалыптасқанын тілге тиек етті. Сұхбат барысында өңір басшысы дәл қазіргі басты міндеттердің бірі болып отырған халықты жұмыспен қамту мәселесіне жіті тоқталды. Айтуынша өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Ал бұл көрсеткіш республикада 5 пайыз деңгейінде. Бағаны негізсіз көтермеуге жол бермеу шаралары да айтылды. Еңбекақы былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға көбейген. Жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың аясында 10 айда 70 мың тұрғын жұмыспен қамтылған. Оның 30 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқандар. Олардың ең көбі «Еңбек» бағдарламасы мен жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының еншісінде. Нәтижесінде 10 айда 20 мың жұмыс орны ашылған. Оның 14 мыңы тұрақты жұмыс орны. Жұмыспен қамтудың жол картасы негізінде 800-ден астам жоба жүзеге асқан. Жобалар барысында әлеуметтік нысандар салуға, ауызсу, газ жүйесін тартуға басымдық берілген. Сонымен қатар аймақ басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне де тоқталып өтті. Ол үшін технология, техниканы жаңарту, тұқым, тыңайтқышпен қамту секілді атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Қордайдағы жағдайдан кейінгі аудандағы қордаланған әлеуметтік мәселелердің түбегейлі шешіліп келе жатқанын нақты көрсеткіштермен жеткізді. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында аудан халқының қордаланған мәселелері оң шешімін тауып отырғанын да атап өтті. Тікелей эфир барысында журналист Дулат Абибулла коронавирус індетінің екінші толқынына аймақтың дайындығын сұрады. Облыс әкімі дүние жүзін дүрбелеңге салған індетке қарсы санитарлық талаптардың толығымен сақталуын сөз етті. Осы бағытта аймақта 4330 төсек орны дайындалған. Соның 118-де қазір науқастар емделіп жатыр екен. Сонымен қатар бір жарым айлық дәрілік қордың бар екенін де жеткізді. Әр аудан орталығында компьютерлік томография, МРТ құрал жабдықтарының болуы негізгі мақсат екенін, 7 мыңға жуық өңір дәрігері мен бірге зейнеттегі және медициналық оқу орындарының жоғары курсында білім алып жүрген студенттердің індетке қарсы жұмылдырылатынын айтты.
Нұржан ҚАДІРӘЛІjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз