Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстың барысы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы, облыстағы білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарының жай-күйі қаралды.
Ақпараттық түсіндіруде ағаттық көп
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, құрамында 112 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық топ (409 мүшесі бар 75 ақпараттық топ қала, аудандарда жасақталды) құрылған. Топ мүшелері Жолдау жарияланғаннан бастап елді мекендерге 2 мәрте шығып, халықпен кездесулер өткізіпті. Кездесулер барысында ауыл тұрғындары тарапынан 100-ге жуық сұрақтар мен өзекті мәселелер көтерілген. Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да бекітілген медиа-жоспар бойынша жүргізілуде екен.
– Тұрғындардың Жолдаумен қаншалықты таныс екенін анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандардың 72 пайызы Жолдаудың мазмұнымен таныс екенін, 21 пайызы тек естігенін, ал 6,9 пайызы бас құжаттың жарияланғанын бірінші рет естігендерін айтқан. Сондықтан да барлық аудандарда ақпараттық жұмыстарды күшейту маңыздылығы туындап отыр, – деді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Ынтықбайұлы.
– Егер сауалнама нәтижесіне көз жүгіртсек, көңіл құлазиды. Байзақ ауданы тұрғындарының 24 пайызы, Жуалы ауданының 35 пайызы, Меркі ауданының 16 пайызы, Сарысу ауданы тұрғындарының 33 пайызы Жолдаумен таныс емес. Білмейді. Жолдау жарияланғалы да екі ай өтті. Сонда осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстың нәтижесі осы ма? Егер нәтижесі болмайтын болса ақпараттық топ құрудың қандай қажеттілігі бар. Әлде түсіндіру жұмыстарына да қаржы керек пе?
Жылдың аяқталуына екі-ақ ай қалды. Екі айда жұмыс жүйеленіп, олқылықтардың орны толтырылсын. Ақпараттық жұмыстардың санына емес, сапасына мән беріңіздер. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе оң шешімін табуы керек. Халықтың сенімі – жұмыстың өзегі. Сенімге селкеу түсіруге болмайды, – деді Б. Сапарбаев.
«Президентке үндеу жариялау дәстүрге айналды»
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, биыл да мемлекеттік көрсетілген қызмет сапасында кері динамика қалыптасқан. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бағалау нәтижелеріне кері әсерін тигізген кемшіліктер – көрсетілетін қызмет сапасына шағымдану, мерзімін бұзу, статистикалық мәліметтерін сапасыз ұсыну және өзге де фактілер.
Ағымдағы жылдың 9 айында облыстың жергілікті атқарушы органдарына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 31 357 өтініш түскен. Өтініштердің 7566-ы қанағаттандырылған, 1801-і қанағаттандырудан бас тартылған, 21 809-не түсініктемелер берілген, 181-ін қарау тоқтатылған. Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардың 1655 өтініші бақылауға алынып, орындалған. Қалған «бақылауда емес» 1209 өтінішке тиісті жауаптары берілген. Ал облыс әкімі аппаратына жоғары тұрған органдардан 315 өтініш келіп түсіпті.
– Түскен арыз-шағымдармен жұмысты бақылау және күшейту мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес ағымдағы жылдың тамыз айында облыс әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылды. Бөлім тарапынан өтініштердің орындалуына талдау жасалды. Сондай-ақ өтініш иелерінің берілген жауапқа қанағаттанбай, біренеше рет шағымданғаны анықталды. Мәселен Шу ауданының тұрғыны Е.Каршигабеков «Ақжол-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне тексеру жүргізу бойынша 10 рет, Жуалы ауданының тұрғыны К.Таджибаев ағаштарды кесу бойынша 23 рет шағым түсірген. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалар тарапынан жоғары тұрған мемлекеттік органға оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне бірнеше рет шағымданған. Шу ауданының тұрғыны У.Масақова 2 рет, Тараз қаласының тұрғыны О.Громик 2 рет шағымданған, – деді Қ.Қайшыбекұлы.
– ҚР Президентіне Үндеу жариялау, Президент Әкімшілігіне шағымдану соңғы кездері дәстүрге айналды. Неге? Мүмкін түрлі арыз-шағыммен қайырылған тұрғындарды «арызқой» деп айыптарсыздар. Естеріңізге жақсылап сақтап алыңыздар, тұрғындарды кінәлауға болмайды. Егер көтерген мәселесі уақытында шешілсе Үндеу жариялап, Президент Әкімшілігіне шағымдана ма? Әрине, жоқ Кінә өзімізде. Халықпен кері байланыс жоқ. Қандай жағдай болмасын тұрғындардың талап-тілегіне дер кезінде назар аударып, жауап беруіміз керек. Халықтың алғысын алуға жұмыс жасамасаңыздар ешқашан жақсы атқа ие болмайсыздар, – деді Б.Сапарбаев.
«Мемлекет міндетіне салғырт қарағандарға кешірім жоқ»
Аппараттық кеңесте соңғы айларда ең жиі көтерілген мәселе – білім нысандарының құрылыс жұмыстары. Өкінішке қарай жиында құрылыс жұмыстарына жауаптылардың осы уақытқа дейінгі сыннан нәтиже шығармағаны белгілі болды. Облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенованың айтуынша, жыл соңына дейін 7 білім нысаны пайдалануға берілуі тиіс екен.
Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылындағы 100 орындық орта мектеп, Қордай ауданы, Күнбатыс-2 ауылындағы 150 орындық, Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектеп, Меркі ауданы, Гранитогорск ауылындағы 120 орындық орта мектептің құрылысы аяқталмаған. Тіпті Қордай ауданы, Күнбатыс ауылындағы және Қалғұты ауылындағы мектептердің құрылысы биыл аяқталмау қауіпі бар көрінеді.
Жиын барысында аталған құрылыс нысандарының мердігерлері – «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Әлімбек Жұмабаев, «Строители Века» серіктестігінің прорабы, «Тараз Ирригация» серіктестігінің директоры Сулейменходжа Мадаминов, «Шұғыла-2002» серіктестігінің директоры Сұлтан Битемиров, «Теберда СтройСервис» серіктестігінің директоры Ғалымжан Қожахметов, «Темир-Строй Сервис и Ко» серіктестігінің директоры Ғабит Ниетқалиев, «Талас құрылыс» серіктестігінің директоры Әсет Ақатаев сөз алып, енді ешқандай мәселе туындамайтынын, көрсетілген уақытында аяқтайтындарын айтып уәде берді.
Талғат НҰРХАНОВ– Сегіз айдан бері бір мәселені он бірінші мәрте қарап отырмыз. Жиырма бір хаттама толтырылды. Облыс әкімінің басқа жұмысы жоқ деп ойлайсыздар ма? Соңғы кеңес қазан айының оны күні болды. Сонда 1 қарашаға дейін барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау керек дегенбіз. Бірақ тапсырмалар толықтай орындалған жоқ. Сенбі күні Тараз қаласын аралап, төрт мектептің де құрылысы баяу жүріп жатқанын көрдім.
Ешкім ешкімді қинаған жоқ. Өз еріктеріңізбен жұмысқа кірістіңіздер. Келісімшартқа отырдыңыздар. Келісімшартта құрылыстың басталуы, аяқталу мерзімі тайға басқан таңбадай көрсетілген. Құрылыс нысандарында бірнеше мәрте болдым. Бәріңіз уәде бердіңіздер. Алайда уәде орындалмады.
Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында оқушылар балабақшада, мәдениет үйінде білім алып жатыр. Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Миллиардтаған ақша бөлгендегі мақсатымыз осы ма еді?
Жыл аяқталғанда құрылыс, жол саласын арнайы қорытындылаймыз. Мердігерлердің өз міндетін қалай орындағаны сараланады. Рүстем Рысбайұлы, «Шұғыла-2002» серіктестігі осы күнге дейін қанша мәрте уәде берді. Серіктестік кешіккен әрбір күніне келісімшарт бойынша айыппұл төлесін. Сондықтан естеріңізге сақтаңыздар, мемлекет алдындағы міндетіне салғырт қарағандарға кешірім болмайды. Жамбыл облысы емес, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырыласыздар, – деді Бердібек Сапарбаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде не айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024