сенбі, 26 шілде, 2025 7:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент құқық қорғау органдарының алқа мәжілісінде бірқатар маңызды бастамалар көтерді

Президент құқық қорғау органдарының алқа мәжілісінде бірқатар маңызды бастамалар көтерді
Фото: Ақорда
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Президент ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы басты міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылықпен күресті ерекше атап өтіп, бұл салада нақты нәтижелер бар екенін айтты.

Бұл бағытта заңнамалық және институционалдық тұрғыда батыл қадамдар жасалды. Отбасылық зорлық-зомбылық үшін жазалар күшейтілді. Соның нәтижесінде биыл отбасылық-тұрмыстық сипаттағы орташа және ауыр қылмыстардың саны 30 пайызға азайды, – деді Президент.

Соңғы бес жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайған. Мемлекет басшысы бұл үдерістің қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа деген төзбеушілік көзқарастың қалыптасуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетіп, құқық бұзушыларға қатысты заңды қатаң қолдануда.

Президент балалардың құқықтарын қорғау бағытында әзірленіп жатқан «Қазақстан балалары» бағдарламасының маңызын да атап өтті. Құжатта өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен мүддесін қамтамасыз етуге арналған маңызды тетіктер қарастырылмақ.

Бұдан бөлек, есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесі де кеңінен қозғалды. Президенттің айтуынша, биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі көлемі 84 пайызға артқан. Есірткі өндірумен айналысқандарға қолданылатын жаза қатаңдатылған – бұл қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру да қарастырылып отыр.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы көлеңкелі экономикамен және заңсыз қаржы айналымымен күрес мәселесіне тоқталды. Соңғы жылдары ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендегенімен, бұл көрсеткіш әлі де жоғары деңгейде.

 Мемлекет адал әрі жауапты кәсіпкерлерді қорғауға тиіс. Ал негізсіз қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды. Бас прокуратура осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруы қажет, – деді Президент.

Президенттің тапсырмасы бойынша Бас прокуратура шетелдік қатысы бар 34 триллион теңгеден асатын жүздеген инфрақұрылымдық жобаларға құқықтық қолдау көрсетіп келеді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар