Жамбыл облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес күшейтілмек
- авторАрайлы Жақсылық
- 23 маусым, 2025
- 308

Ерте жүктілік, аналар мен балалар арасындағы суицид көрсеткіші және отбасындағы күш көрсету деректері бойынша өңір республикада алдыңғы орындардың бірін иеленіп отыр.
Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында аталған проблемалар жан-жақты қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғау және олардың құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру болды.
Жиында облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Диляфруз Абазқызы баяндама жасап, жағдайдың ушығып тұрғанын мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 24 қаңтарда облыстық полиция департаменті жанынан отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған арнайы бөлім құрылды. Бұл – нақты әрі жүйелі іс-қимылға бағытталған маңызды қадам. Өйткені қоғамдағы ең осал топ – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Мәселен, 2024 жылы облыста тұрмыстық сипаттағы 13 қылмыс тіркелсе, биылғы 5 айдың өзінде бұл көрсеткіш 81-ге жетіп отыр. Бұл – 523 пайызға өсім, – деді ол.
Оның айтуынша, мұндай өсімді құқықтық реформалармен де байланыстыруға болады. Себебі бұрын әкімшілік құқықбұзушылық саналған әрекеттер – «ұрып-соғу», «жеңіл дене жарақаты» сияқты істер енді Қылмыстық кодекске енгізіліп, жауапкершілік күшейтілген. Бұл – зорлық-зомбылыққа деген нөлдік төзімділіктің нақты көрінісі.
Диляфруз Абазқызының мәліметінше, биылғы бес айда отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 2 297 арыз-шағым келіп түсіп, 1 998 әкімшілік іс қозғалған. 284 адам қамауға алынып, 145 адамға ішімдік ішпеу немесе отбасы мүшелеріне жақындамау жөнінде сот шешімі шығарылған. Сонымен қатар 1 516 қорғау нұсқамасы беріліп, 34 адам қайталанған қылмысы үшін жауапқа тартылған.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында сауалнама жүргізіліп, 1 363 жәбірленушімен сұхбат алынған. Оның 37-сі жоғары қауіп тобына жатқызылып, ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар 72 ақпараттық іс-шара өткізілген. «Жігер» жобасы аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен конференция ерекше атап өтілді. Бұл жиынға ата-аналар, ұстаздар, студенттер мен психологтар қатысып, заңнан тыс моральдық жауапкершілік мәселелері де кеңінен талқыланды.
Әлеуметтік желілерде де зорлық-зомбылыққа қатысты пікірталастар артып келеді. «Мамочки Тараза», «Тараз аналары» сияқты Instagram парақшаларында жазбалар жиілеген. Биыл осындай 46 нақты оқиға тіркеліп, 34 әйел мен 12 балаға көмек көрсетілген. Бұл бағытта дағдарыс орталықтары да белсенді жұмыс істеуде.
Жиын барысында тұрмыстық жанжалдардың себептері де сараланды. Агрессорлар қатарына енген екі мыңнан астам адамның 65 пайызы – ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңге байланысты тіркелсе, қалғаны ата-ене, бауыр, тіпті ата-аналар мен балалар арасындағы жанжалдарға байланысты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева тұрмыстық жанжалдардың бір себебі ретінде жұмыссыздықты атады. Оның пікірінше, кейбір ер адамдар ашушаңдық пен қысымға жұмыссыздықтан душар болады. Сондықтан оларға жұмысқа орналасу немесе шағын бизнес ашуға мүмкіндік беру – зорлық-зомбылықтың алдын алудың бір жолы.
Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылованың айтуынша, орталыққа жүгінетіндердің басым бөлігі – ауылдық жерде тұратын, көпбалалы, білімі төмен немесе мүлдем жоқ, жұмыссыз әйелдер.
– Ерте тұрмысқа шыққан, өмірлік тәжірибесі аз аналардың психологиялық тұрақсыздығы мен экономикалық тәуелділігі негізгі себеп болып отыр. Біз оларға психологиялық, медициналық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетеміз. 6 айға дейін паналау мүмкіндігі бар. Балаларын мектеп пен балабақшаға орналастырып, қажетті қызметтермен қамтамасыз етеміз, – деді ол.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде ашылып жатқан 234 отбасын қолдау орталығы туралы да айтылды. Бүгінде республика бойынша 115 орталық ашылса, Жамбыл облысында Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда (Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Меркі, Мойынқұм) мұндай орталықтар жұмыс істеп тұр. Алайда кейбір аудандарда орталықтардың ашылмауына қаржы мен ғимарат тапшылығы қолбайлау болуда.
Осыған байланысты Серік Сәлемов аудан әкімдерінің орынбасарларына селекторлық байланыс арқылы тапсырма беріп, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін барлық ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашуды міндеттеді.
Ол сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте қоғамның белсенділігін арттыру керектігін баса айтты. Ауыл-аймақтағы ақсақалдар алқасы, қоғамдық кеңестер мен билер кеңесінің шынайы ықпалын арттыру қажеттігін атап өтті.
– Қоғамда болып жатқан осындай мәселелерге тек полиция немесе білім басқармасы ғана араласуға тиіс емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес, билер алқасы – бәрі белсенді болуы керек. Олардың тек мерекелік шараларға қатысып қоймай, нақты проблемалармен айналысатын уақыты келді, – деді Серік Жақсылықұлы.
Жиын соңында облыс көлемінде «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» атты бір айлық акция ұйымдастыру, арнайы мобильді топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды. Агрессорлармен нақты тізім бойынша жеке жұмыс жүргізу, ақпараттық түсіндіру шараларын күшейту – негізгі міндеттердің бірі болмақ.
Айта кету керек, агрессорлар тек ер адамдар емес. Қазақ қоғамында келінге қысым көрсететін ене, қайынсіңлі сынды әйелдер тарапынан жасалатын зорлық түрлері де кездеседі. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес кешенді, қоғамның барлық деңгейін қамтитын жұмысқа айналуы тиіс.