бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 7:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сенім жүгі

Сенім жүгі
ашық дереккөзі
Сенім жүгі

Бүгінде елімізде көпбалалы аналар мен әлеуметтік сала мамандарына мемлекет тарапынан аз қолдау жасалып жатқан жоқ. Есесіне олар қоғам өміріне белсене араласып, саясат сахнасында да өзіндік үнін жеткізіп жүр. Оған жуырда өткен «Nur Otan» партиясының партияішілік праймеризі дәлел бола алады. Саяси науқанда көпбалалы аналармен қатар әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандылар да өзгелермен теңдей бақ сынады.

Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясында жария пікірсайысқа шығып, делегаттардың басым даусын жинағандар қатарында «Мейірім» медициналық орталығының директоры, білікті дәрігер Гүлдара Нұрымова да Парламент Мәжілісіне депутаттыққа түсуге мүмкіндік алды. Конференцияда ең алдымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияның облыс бойынша сайлауалды бағдарламасын бекітті. Бұдан кейін праймеризден үздік шыққан 15 үміткер жария пікірсайысқа түсіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Алғашқылардың бірі болып кандидат Ерқанат Манжуов зейнетақы жүйесін қайта реформалау туралы сайлауалды бағдарламасын таныстырса, тағы бір кандидат Мейрамбек Төлепберген мемлекеттік тіл мен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде ой қозғады. Ал кандидат Мәден Мұсаев жер мәселесін көтерсе, Гүлдара Нұрымова саламатты өмір салтын берік ұстанған ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Бұдан бөлек пікірсайыс барысында жас ғалымдарды қолдау, медицина саласын білікті кадрлармен қамту, ауылдық жерлерге ғаламтор желісін тарту және табиғатты қорғау сынды түйткілдер төңірегінде де ойлар ортаға салынды. Сұрақ-жауап кезеңінде үміткерлер бір-біріне сауал жолдап, тұшымды жауаптар ала білді. Бұдан кейін Парламент Мәжілісіне үміткерлерге пікірсайыс қорытындысы бойынша дауыс беруге кезек беріліп, 120 делегат өз таңдауын жасады. Айта кетейік дауыс беру электрондық түрде жүргізіліп, барлық үміткер LED-экран арқылы жинаған дауыстарын бақылап отыру мүмкіндігіне ие болды. Дауыс беру қорытындысында Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев 106 дауысқа ие болып, жеке дара көш бастады. Ал облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген 78 дауыспен екінші орынға табан тіреді. Үздік үштіктен 70 дауыспен «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова көрінді. Төртінші және бесінші орынды облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров пен Байзақ ауданындағы Диқан тірек орта мектебінің директоры Сұлтан Үсербаев өзара бөлісті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Машбекұлы аталған бес кандидат Парламент Мәжілісіне ұсынылатынын айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ аймақ басшысы Мәжіліс депутаттығына кандидаттар арасында әйелдер мен жастарға биыл белгілі бір деңгейде басымдық берілетіндігін көпшіліктің есіне салды. Парламент Мәжілісіне үміткерлердің есімі белгілі болғаннан кейін партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізіммен таныстырды. Ал партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне делегаттарды сайлау туралы хабарлама жасады. Партия облыстық филиалының кезектен тыс конференциясының қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданды.

 

Саян ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар