сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 19:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Салы молда» мешітінің бастамасы

«Салы молда» мешітінің бастамасы
ашық дереккөзі
«Салы молда» мешітінің бастамасы

Қиналғанға қол ұшын созып, жаны жүдеу жандарға жәрдемдесу – адами қасиет. Осындай игі қасиетті берік ұстанған Тараз қаласы маңындағы «Ақжол» саяжайындағы «Салы молда» мешітінің ұжымы жамағатпен бірлесіп, басында баспанасы жоқтарға үй салып беруді дәстүрге айналдырған.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері мешіт ұжымы жамағатты және өзге де демеушілерді қайырымды іске жұмылдыруды қолға алыпты. Осыған дейін аталған саяжайдан екі баспана бой көтеріп, үйге мұқтаж отбасылардың игілігіне берілген екен. Мәселен күні кеше ғана бір шаңырақтың құрылысын бітіріп, көптің қуанышына ортақтасқан. Әлбетте жаны қысылып, көңілі ортайған әрбір жан Алланың үйіне асығатыны белгілі. Сол секілді «Ақжол» саяжайының бір топ тұрғыны Айжан Мұсабаеваның отбасына үй салып беру туралы ойларымен мешіт ұжымына өтініштерін жеткізіпті. Олардың өтінішін жерде қалдырмаған мешіт қызметкерлері тұрғындардың және демеушілердің көмегімен 5 миллион теңге жинап, 5 бөлмелі үй салып берген. Баспанада барлық жағдай қарастырылыпты. Оның ішінде көгілдір отынды да тегін кіргізіп берген. – «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» деп текке айтылмаса керек-ті. Рас өңірде баспана тауқыметін көріп отырғандар аз емес. Мешітімізге Айжан Мұсабаеваның көршілері келіп, оның жағдайын жеткізді. Мұнан соң Айжанның шаңырағына барып, шынында екі мүгедек баласымен аядай ғана тар үйде күнелтіп жатқанына көз жеткіздік. Сөйтіп өз ауласынан 5 бөлмелі үй тұрғызып бердік. Бұл жұмысқа атсалысқан барша жамағатқа алғысымыз шексіз. Сонымен қатар облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен шаһар имамы Амантай Садиев те бастамаға рухани көмек беріп, ісімізді қолдағанын айта кеткен жөн, – дейді «Салы молда» мешіті бас имамының көмекшісі Елдос Қырықбаев. Тар үйден кең сарайдай баспанаға қоныс аударған Айжан Мұсабаеваның қуанышында шек жоқ. Неше жылдан бері өзі де жарымжан жан болса да екі бірдей мүмкіндігі шектеулі баласымен аядай шаңырақта күн кешіп келген екен. «Салы молда» мешітінің ұжымы мен жамағаты мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазіргі таңда осы саяжайдағы баспанаға мұқтаж тағы бір отбасыға үй салып беруде. Бұл үй жыл соңында иелеріне табыс етілмек.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар