«Тапсырмалар мүлтіксіз орындалады»: жаңа премьер қандай уәде берді
- авторjambylinfo.kz
- 6 ақпан, 2024
- 639
Бектенов өзінің кандидатурасын қолдаған барша депутатқа шынайы ризашылығын білдірді.
«Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту бағытында бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды», – деп сендірді жаңа премьер-министр мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі. Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшек шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салалар барынша дамиды. Ұлттық бизнеске қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар, премьер ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды екенін атап өтті.
«Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнімделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады», – деді ол.
Бұған қоса көлік-логистика саласы мен цифрландыру да назардан тыс қалмайды.
«Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді», – деп түйіндеді сөзін үкімет басшысы.
43 жастағы Олжас Бектенов бүгіннен бастап Қазақстанның үкіметін басқарады. Оның кандидатурасын биліктегі Amanat партиясы ұсынды. Президент те қарсы болған жоқ.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз