Телефон арқылы сөйлескен Трамп пен Путин қандай мәселелерді талқылады?
- авторБақытжан Бекболат
- 20 мамыр, 2025
- 575

Бұл жолғы келіссөз Трамптың президенттікке сайланғаннан кейінгі кезеңдегі маңызды халықаралық байланыстарының бірі болды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz BBC NEWS-ке сілтеме жасап.
Әңгімеден кейін екі мемлекет басшысы қысқаша мәлімдеме жасап, сөйлесудің мазмұнын тереңірек тарқатпады.
Путин мен Трамптың әңгімесі шамамен екі сағатқа созылды. Бұдан кейін Путин журналистерге АҚШ-тың Ресей мен Украинаның тікелей бейбіт келіссөздер жүргізу бастамасын қолдағаны үшін Трампқа алғыс айтқанын жеткізді.
Путин Ресейдің Украинамен болашақ бейбіт келісімге қатысты меморандум әзірлеуге және сол бойынша жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
«АҚШ президентімен болашақта жасалуы мүмкін бейбіт келісімге байланысты меморандум әзірлеу туралы келісімге келдік. Бұл құжатта қақтығысты реттеудің негізгі қағидаттары, бейбіт келісімді жасау мерзімдері және келісімге қол жеткізілген жағдайда уақытша бітім орнату сияқты мәселелер көрсетілуі мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ, Путин бұл мәселеде ең маңыздысы – Ресей мен Украина тараптарының бейбіт жолды шын ниетпен қалауы және барлық тарапқа қолайлы ымыра таба білуі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей үшін басты мәселе – бұл дағдарыстың негізгі себептерін жою.
Ал Дональд Трамп әңгіме барысын «өте жақсы» өтті деп бағалап, Путинмен сөйлесудің «рухы мен үні керемет» болғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей мен Украина тараптары «дереу» атысты тоқтату және бітімге келу жөнінде келіссөздерді бастайды.
«Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағаттық сөйлесуімді енді ғана аяқтадым. Бұл әңгіме өте жақсы өтті деп санаймын. Ресей мен Украина қақтығысты тоқтату және соғысты аяқтау бойынша келіссөздерді дереу бастайды. Мұндай келіссөздердің мазмұны екі тараптың арасында жүруі тиіс, себебі барлық егжей-тегейді солар ғана жақсы біледі», – деп жазды ол Truth Social желісіндегі парақшасында.
Трамп келіссөздердің жақын арада басталатынын және бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленскийге, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенге, Франция президенті Эммануэль Макронға, Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге, Германия канцлері Фридрих Мерцке және Финляндия президенті Александр Стуббқа хабарлағанын атап өтті.
Сондай-ақ, Трамптың айтуынша, Ватикан да бұл келіссөздерге қатысуға үлкен қызығушылық білдіріп отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Таяу Шығыс шиеленісі: Трамп саммитті тастап, елге оралды
- авторБақытжан Бекболат
- 17 маусым, 2025