Бұл спорттық оқиға ауқымы мен рухани құндылықтары жағынан ерекшеленбек, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдағы Олимпиаданың басты ерекшелігі - көпорталықты өткізу моделі. Ойындар бірден үш аймақты қамтиды: Миланда орналасқан Ломбардияны, Венето және Трентино өңірін, оның ішінде Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме.

Бұл тәсіл әр спортшыға үлкен спорт мерекесінің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Ал көрермен үшін - әр қала, әр тау, әр арена тарихқа айналатын ауқымды жарыстың атмосферасын сезінуге жағдай жасайды.
Ашылу салтанаты: Armonia және Италия мәдениетіне деген құрмет
2026 жылдың 6 ақпанында Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионы Armonia - спорт, өнер және инновациялардың үйлесімділігін паш ететін мерекенің орталығына айналады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Armonia - ортақ құндылықтарды суретке, дыбысқа, эмоцияға айналдыра алу қабілеті. Бұл - Италияның өнері мен шығармашылығын, адамилығын бейнелейтін сапар.

Салтанатты іс-шара Италия жайлы көркем әрі эмоциялық баяндама негізінде құрылмақ. Онда Леонардо да Винчидің мұрасынан бастап, ұлы өнертапқыштар, заманауи дизайн, музыка және италиялық нәзік стиль көрініс табады.
Шараның креативті тобына Олимпиаданың алдыңғы шоуларын дайындаған Марко Балич жетекшілік етеді. Оның командасында Симоне Феррари, Дамиано Микьелетто, Лида Кастелли, Андреа Фарри және Массимо Кантни Паррини бар.
Ашылу салтанатының ерекше бөлігі - 2025 жылы өмірден өткен атақты модельер Джорджио Арманиге арналған құрмет. Көп жыл бойы оның Emporio Armani (EA7) бренді Италия құрамасының Олимпиада және Паралимпиада спорттық киімін әзірлеген. Оған арналған арнайы бөлім оның мұрасы мен италиялық спорт мәдениетіне ықпалын бағалауға бағытталады.
"Салтанатты іс-шара үндестік, сұлулық, дизайн мен стиль жайлы болмақ. Ал Джорджио Армани - осы құндылықтардың ең жарқын бейнесі", - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Ашылу екі қалада қатар өтеді - Милан мен Кортина-д’Ампеццода. Спортшылар шеруі де екі аймақта бір мезетте өтіп, екі Олимпиада алауы жағылады. Бұл тәсіл әр спортшыны ашылу рәсімінің тікелей қатысушысы етуге бағытталған.

Басты назар Олимпиада алауында
Милан-Кортина 2026 алауының дизайны минималистік стильде жасалған. Мақсат - басты кейіпкер саналатын алауды айшықтап көрсету.
Заманауи технологиялардың арқасында жалын көлемдірек әрі көрнекі етіп жасалған, ал алаудың сыртқы пішіні - ықшам әрі стильді. Ол бүкіл Италияны аралап, бірлік пен күш-қуатты нақыштайды. Дизайн Armonia тұжырымдамасымен үйлеседі.
Медаль: бірлік әрбір бөлшекте
Ойындардың ресми медальдары екі бөліктен тұрады: бір жағы - тегіс, айнадай жылтыр, екінші жағы - бұдырлы. Бұл Милан мен Кортина, сондай-ақ, спортшыны қолдайтын команданың, отбасы мен бапкерлердің бірлігін білдіреді.
Алдыңғы бетінде Олимпиада шеңберлері (Паралимпиадада - Agitos логотипі), артқы бетінде - ойындардың логоcы және спорт түрінің атауы бейнеленген. Паралимпиада медальдарына қосымша Брайль жазуы түсірілген.
Медальдарды Италия мемлекеттік теңге сарайы (IPZS) жаңартылатын энергия мен экологиялық материалдарды пайдалана отырып дайындайды. Барлығы 1146 медаль жасалады.

Спорттық бағдарламалар және кластерлер
Ойындарда 116 олимпиадалық және 79 паралимпиадалық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Барлық классикалық қысқы спорт түрлері ұсынылады: тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, сноуборд, фристайл, бобслей, шана спорты. Алғаш рет ски-альпинизм бойынша жарыс ұйымдастырылады.
Бұл қысқы Олимпиада тарихта гендерлік теңдік пайызы жоғары ойындарға айналады. Өйткені жарысқа қатысушылардың 47 пайызы әйелдер.
Ойындардың бойтұмарлары - Мило мен Тина есімді ағалы-қарындас - Олимпиада мен Паралимпиаданың, екі қала мен екі әлемнің бірлігін бейнелейді.
Олимпиада ойындарында көптеген спорттық нысан мен кластерлер қолданылады. Мұз айдынындағы және тауда өтетін жарыстар аймақтарға бөлініп, әрқайсысы өз бағытында ұйымдастырылады.
Милан: мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, хоккей Milano Santagiulia Ice Hockey Arena кешенінде және Fiera Milano көрме орталығындағы уақытша аренада өтеді.
Кортина-д’Ампеццо: әйелдер тау шаңғысы (Olympia delle Tofane), бобслей, скелетон, шана спорты, керлинг. Жаңартылған дәстүрлі нысандар пайдаланылады.

Вальтеллина/Бормио: ерлер тау шаңғысы (әлемдегі ең күрделі жарыс жолдарының бірі - Stelvio Ski Centre), сондай-ақ, ски-альпинизм жарыстары алғаш рет өтеді.
Ливиньо: фристайл және сноуборд жарыстары, арнайы Snow Park және фристайл аймағы жұмыс істейді.
Валь-ди-Фьемме / Предаццо / Тесеро: шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы.
Антольц-Антерсельва (Оңтүстік Тироль): биатлонның басты аренаcы - Südtirol Arena. Бұл жерде бірнеше мәрте әлем чемпионаты өткен.
Жабылу рәсімі Веронада, ежелгі рим амфитеатры Arena di Verona-да өтеді. Б.з. 30 жылдары салынған бұл нысан - ЮНЕСКО мұрасы. Олимпиаданың жабылу салтанаты мұндай тарихи орында өтуі - сирек кездесетін оқиға. Финал спорт мерекесінің мәдени әрі көркем нүктесіне айналмақ.
Ұйымдастырушылар көрерменге бір күнде бір ғана кластердің нысандарын тамашалауға кеңес береді. Осылайша ұзақ жол жүріп, орын ауыстырудың қажеті жоқ.
Таулы аймақтардағы кейбір нысандарда (Bormio, Livigno, Anterselva) арнайы автотұрақтар мен шаттл автобустар қызмет көрсетеді. Бір кластердің ішіндегі жол жүру уақыты шамамен 1-3 сағатты құрайды.

Олимпиадалық қалашықтар
Миланда жаңадан Олимпиада қалашығы (Milan Olympic Village) салынған. Оның сыйымдылығы 1300-1400 адамға арналған. Ойындардан кейін студенттер жатақханасы мен тұрғын үй кешеніне айналдыру жоспарланған.
Кортина-д’Ампеццо/Альптар аумағындағы спортшыларға экологиялық таза, табиғатқа зияны аз мобильді үйлерден тұратын уақытша қалашық дайындалады. Бұл тау жарыстарына қатысатын спортшылар үшін ыңғайлы орын.
Бұл екіжақты жүйе тұрақтылық, ресурстарды үнемдеу және табиғатты қорғау қағидаттарына негізделген.

Географиясы мен нысандардың орналасуы Олимпиада кезіндегі логистиканы күрделендіргенімен, бұл тәсіл жаңа құрылыс нысанын салуды қажет етпей, дайын тұрған және жаңартылған спорт алаңдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2026 жылғы Олимпиада - мәдениет, өнер, дизайн, музыка және экология үйлесім тапқан ауқымды мереке болмақ.
Armonia рухы «Сан-Сиродан» бастап экологиялық медальдар мен Олимпиада алауына дейін әр бөлшектен көрініс табады.
Ойындарға шамамен 3 мың спортшы қатысады.
Ұқсас жаңалықтар
Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 3 желтоқсан, 2025






