жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 4:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қалада қос спорт нысаны ашылды

Қалада қос спорт нысаны ашылды
ашық дереккөзі
Қалада қос спорт нысаны ашылды
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыс орталығында қос бірдей спорттық кешен пайдалануға берілді. Ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қарасу» мөлтек ауданындағы №25 орта мектебінің ауласында жаңадан бой көтерген №3 облыстық мамандандырылған балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне ат басын бұрды. Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстарын мердігері «ТаразҚұрылысДизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мерекеге орай аяқтап, спорт саласында ел абыройын асқақтатуды армандайтын жастардың қуанышын еселеп отыр. — Әрбір ұлтты, мемлекетті басқа бір ұлтқа, мемлекетке таныстыратын бірден бір сала – спорт. Осыдан қырық жыл бұрын қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің арқасында қазақ деген ұлттың бар екенін, Қазақстан деген мемлекеттік бар екендігін біраз елдер білді. Одан кейінгі Жахаңның жолын біздің олимпиада чемпиондарымыз Ермахан Ибрагимов, Бақтияр Артаев секілді саңлақтар абыроймен жалғастырды. Бір облыстан төрт олимпиада чемпионы шыққан өңірлер көп емес. Соның барлығы жастарымыздың спортқа деген құштарлығы, солардың еңбегі, бапкерлеріміздің төккен терлерінің арқасы. Алдымыздағы болатын байрақты бәсекелерде де біздің жамбылдықтар жеңімпаз болады деп сенеміз. Билік болғаннан кейін жастарға жағдай жасауымыз керек. Әсіресе бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың санын көбейтуіміз қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап жастарға көңіл бөліп, жақсы білім, тәрбие беріп, денсаулықтары мықты болуы үшін жағдай жасауды тапсырған болатын. Биылдың өзінде осындай 13 жабық спорт нысанын, 92 спорт алаңдарын салып жатырмыз. Ондағы мақсатымыз – спортпен айналысатын тұрғындардың санын ең кем дегенде 40 пайызға жеткізу. Сол кезде жастарымыз қылмысқа бармайды, заң бұзбайды және мықты кәсіпқой спортшы болып шығады. Індетке байланысты көптеген жарыстарды өткізе алмай жатырмыз. Бұл індеттен де аман-есен құтыламыз, ары қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Жылдан жылға спорт саласына бөлінетін қаржы көбейіп келеді. Оның ішінде біз ауылдағы спортты дамытуымыз керек. Осындай жаңа нысандар ауылдарда көптеп салынса, шалғайда жүрген қара домалақтар спортпен айналысса, солардың ішінен де дүниежүзінің чемпиондары шығады. Аталған 13 нысанның барлығы осы айдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның үшеуі қалада, қалғандары аудандарда. Ең негізгісі халқымыздың дені сау болып, еліміз, мемлекетіміз дами берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын,-деді Бердібек Машбекұлы құттықтау сөзінде. Сонымен қатар аймақ басшысы жұмысты уақытынан бұрын аяқтаған құрыш қолды құрылысшыларға алғысын жеткізді. Алдағы уақытта аталған мөлтек ауданындағы бұлақтардың көзі ашылып, заман талабына сай абаттандырылып, тұрғындардың сүйікті орнына айналатынын тілге тиек етті. Сөз соңында жаңадан ашылған спорт нысаны таң ертеңнен кешке дейін спортпен айналысамын деген жастарға қалтқысыз қызмет етуі қажеттігін баса айтты. Тіпті демалыс, мереке күндері де жабылмауын тапсырды. Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі спорт кешенімен жан-жақты танысып шықты. Одан кейін Бердібек Машбекұлы облыс орталығына қарасты «Шалғай Қарасу» алқабында мерекеге орай ел игілігіне берілген «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубының дене шынықтыру-сауықтыру кешене де арнайы ат басын бұрып, спортсүйер жастардың қуанышымен бөлісті. Нысанның құрылысын мамыр айында бастаған «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де жұмысты мерекеге орай мерзімінен бұрын аяқтап отыр. «Осыдан алты ай бұрын алқапқа келгенде тұрғындар осы жерден жабық спорт нысаны болса деген талап тілегін айтқан еді. Сіздердің өтініштеріңіз бойынша Тәуелсіздік күні жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұған қоса алқаптан 600 орындық мектеп салынып жатыр. Келесі жылы ол мектепті де іске қосамыз» деген өңір басшысы тұрғындарды мерейлі мерекемен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Бұдан кейін дзюдодан олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов сөз тізгіндеп, тәуелсіздік тартуы болған жаңа нысанның ашылуына орай ізгі лебізін жеткізді. Елбасымыздың спортты қолдауының арқасында осындай спорттық кешендер ашылып жатыр. Жақсылық Үшкемпіров атамыз өзінің ізбасарлары ел намысын қорғап, тура жолда жүрсе екен, бір қазақ шықса екен және ол бір қазақ болып қалмаса екен деп армандайтын. Атамыздың арманы орындалды деп ойлаймын. Бәріміз сол аға буынға қарап бой түзеп өстік. Егер біздің соңымыздан өніп өсіп келе жатқан інілеріміздің бүкіл әлемді тік тұрғызып қойып Әнұранымызды тыңдатамын деген арман, мақсаты болса, осындай спорттық кешендер сол арманға жетуге зор мүмкіндік. Және осындай мүмкіндікті жасап отырған Елбасыға, Мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс айтамын,-деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Айта кетсек, мереке қарсаңында пайдалануға берілген кешенде әмбебеп залы, күрес залы және жаттығу залдарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектермен жабдықталған медициналық кабинет бар. Заманауи стандарттарға сай салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені күніне 260 адамды қабылдауға қауқарлы.   Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар