Жуырда Алматыда грек-рим күресінен өткен Қазақстан чемпионатында 67 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Алмат Кебісбаевқа тең келер қарсылас табылмады. Расында да, бұл балуанның жанкештілігі мен табандылығына сүйсінбеу мүмкін емес. Үстіміздегі жылдың 12 желтоқсанында 33 жасқа толған Алматтың аса жоғары деңгейдегі жарыстарда атой салып жүргеніне 10 жылдан аса уақыт болды. Сол аралықта ол өрелі өнерімен жанкүйерлердің жүрегін жаулап, биік белестерді бағындырды. Қазақ балуанының ендігі мақсаты – Олимпиада жолдамасына иелік етіп, Токио төрінде атой салу.
Алмат Кебісбаев – даңқты Үржар күрес мектебінің түлегі. Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Тарбағатай тауының оңтүстік баурайында орналасқан Тарбағатай ауданынан грек-рим күресінің көптеген хас шебері шықты. Алысқа бармай-ақ ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұстағы нәтижелерге тоқталсақ та көп нәрсеге көз жеткіземіз. Бұл өңірден Әсет Иманбаев, Әсет Мәмбетов, Дәурен мен Дархан Баяхметовтер, Ербол Қоңыратов, Данияр Алмағамбетов сынды дүлдүлдер түлеп ұшты. Олардың алды Олимпия ойындарында атой салса, өзгелері құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланды. Солардың санатында Алмат та бар.
Алмат айтады: Мен ауылда қарапайым отбасында туып-өстім. Әкем Қабдраш аудан орталығында мал дәрігері болып жұмыс істеді. Жастық шағында ол да спортпен айналысқан. Анам Мәрияш музыкалық мектепте домбырадан сабақ берді. Ол кісілер мені екі жаққа тартты. Әкем спортпен айналысу қажеттігі жайында ақыл-кеңес берді. Анам музыка саласына бейімделгенімді қалады. Әу баста әке-шешемнің көңілін қалдырмауға тырысып, «екі кеменің басын ұстаған» едім. Бірақ түбінде спортқа аңсарым ауды. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне қабылдандым. Анамның туған інісі Марат Сүлейменов те кезінде мықты балуан болған. Ағам мені білікті бапкер Жұмаш Иманбаевқа табыс етті. Ал Үржар күрес мектебінің атағы алысқа жайылғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Алақандай ауданнан байрақты бәсекелерде топ жаруға жараған талай саңлақ спортшылар шықты. Біз де алдымыздағы ағаларымызға еліктедік. «Шіркін, солардың деңгейіне жетсек қой», деп армандадық. Сөйтіп, менің спорттың соқпағына түсуімнің тарихы осындай.
Шеберлігі шыңдала келе Алмат астанадағы Қажымұқан атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа қабылданды. Ол жерде білікті бапкер Рысбек Нұрғазиннің қол астында жаттықты. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы елішілік жарыстарда жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, қырағы мамандардың назарына ілікті. Халықаралық додаларда да ара-тұра жүлде алып жүрді. Уақыт оза ересектер дуына қосылды. 2007-2009 жылдар аралығында Кебісбаев ел кубогын екі мәрте олжалады. Бұл жарыстарда ол Елдар Қайратов пен Ермек Көкетов сынды мықтыларды жолынан ығыстырды. Үш рет Қазақстан чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылды. Грекияның Салоники қаласында өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатында бас жүлдені олжаласа, Таиландтың Патая қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс медальды мойнына ілді. Алматтың үлкен спорттағы жеңісті жолы осылай басталды.
2010 жылы Ресейдің Түмен қаласында Иван Поддубныйдың мемориалы өтті. Кіл мықтылар ғана күресетін бұл турнир «кіші әлем чемпионатына» баланатын еді. Және де бұл жарыста бас жүлдені олжалаған қазақстандық балуандар некен-саяқ. Осы дүбірлі додада дара талантымен оқшауланған Кебісбаев бес бірдей қарсыласын қапы қалдырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Сол кезден бері ол танымал бапкер Боранбек Қоңыратовтың қол астында жаттығады.
2010-2019 жылдар аралығында Алмат Кебісбаев көптеген байрақты бәсекеде Қазақ елі намысын абыроймен қорғады. Атап айтсақ, әлем чемпионаттарында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілді. Оның үшеуі – қола медаль. 2010 жылы Мәскеудегі жарыста 60 кг салмақта белдескен қандасымыз шешуші тұста Еуропа чемпионы Гасан Әлиевтен (Әзербайжан) ұтылды. 2015 жылы Лас-Вегаста болашақ Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Исмаэль Боррероға (Куба) есе жіберді. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Синобу Отаға (Жапония) жол берді. Десек те елге құралақан оралғысы келмеген қазақ балуаны үшінші орын үшін бәсекелерде барын салды. Иво Ангелов (Болгария), Сослан Дауров (Беларусь) және Тынар Шершенбековті (Қырғызстан) тізе бүктірген ол көздеген мақсатына қол жеткізді.
2011 жылы Ыстанбұлда жалауы желбіреген жарыста қандасымыздың төрткүл дүниенің теңдессізі атануға барлық мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде Еуропа біріншілігінің үш дүркін жүлдегері Иво Ангелов (Болгария), Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы Руслан Түменбаев (Қырғызстан) және жас пері Андрес Экстремді (Дания) ұтып, жартылай финалда Панамерика ойындарының жеңімпазы Луис Лиендодан (Венесуэла) басым түсті. Финалда ол Азияда алдына жан салмаған Үміт Норузиді (Иран) үш ұпай айырмашылығымен ұтып жатқан-тын. Енді уақыт созып жүріп алса да, жеңіс қазақ жігітінің еншісіне жазылатын еді. Алайда атойлап ұтуды мақсат тұтқан Алмат шабуылды бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ. Ақыры ағаттық жіберді. Бұл қателікті Иран өкілі ұтымды пайдаланып, бәсекені 6:5 есебімен өз пайдасына шешті. Өкініш өзекті өртесе де, басқа амал жоқ. Түркия төрінде Кебісбаевтың күміс медальды қанағат тұтуына тура келді.
Алмат айтады: Шынын айтқанда, алғашында Мәскеу төріндегі төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста жүлдегер атанғанымды жөнді сезіне алмадым. Өйткені, әлем чемпионатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер менсіз де жетіп артылады. Тек дүбірлі додадан құрқол қайтпай, ел сенімін ақтауға күш-жігерімнің жеткеніне қуандым. Ал елге оралғанда ерекше күй кештім. Әуежайдан ел ағалары, туған-туыстар, жанкүйерлер гүл шоқтарымен қарсы алды. Қолдарында бір-бір плакат. Сол сәтте қандай шаруа тындырғанымды анық сезіндім. Ал Ыстанбұлдағы жарыстың жөні бөлек. Бұл бәсекеге мен қайтсем де былтырғы көрсеткішімді жақсартамын деп аттандым. Түркияда күміс медальға қол жеткіздім. Одан кейін тағы екі рет үшінші тұғырға табан тіредім. Өкінішке қарай, бас жүлде алу бақыты әлі бұйырмай жүр. Оған мен еш мойымаймын. Бәрі де Алланың қалауымен болатын нәрсе. Бәлкім, алдағы уақытта алтын тұғырдан қол бұлғау бақыты бұйыратын шығар.
Егер тәуелсіздік алған кезден бергі кезеңдегі Қазақстан спортының тарихына көз жүгіртсек, еліміздің екі өрені ғана төрт бірдей әлем чемпионатында олжаға кенелген екен. Олар – Юрий Мельниченко мен Алмат Кебісбаев. Тоқсаныншы жылдары талай апайтөстің аяғын көктен келтірген Мельниченко екі алтын мен екі күміс медальды қоржынға салса, Кебісбаев бір күміс пен төрт қоланы қанжығасына байлады. Өзге отандастарымыздың ешқайсына ондай бақ бұйырған жоқ.
Құрлықтық деңгейдегі жарыстарда да Алмат сан мәрте дараланды. Тарқатып айтсақ, 2014 жылы Инчхонда алауы тұтанған Азия ойындарында қола медальды иеленді. Қандасымыздың бұл қоласын «алтынмен пара-пар» деп жатты. Өйткені соның алдындағы бәсекелердің бірінде Кебісбаевтың миы шайқалып, жағы сынған болатын. Бапкерлер оған «Жағдайың мүшкіл. Үшінші орын үшін күреспей-ақ қой. Денсаулығың дұрыс болса, әлі талай белесті бағындырасың», деп тоқтау айтты. Бірақ Алмат «Арым – жанымның садағасы» деді де, боз кілемге жұлқынып шықты. Кореялық Ким Юн-Жунмен аянбай айқасқан қазақ жігіті жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Сол кезде Инчхондағы спорт кешеніне жиналған барша көрермен қайсар ұлға орындарынан тік тұрып қошемет көрсетті. Елде отырып, көгілдір экранға көз тіккен біз де риза болдық. Сол кезде өр мінезді өрен жайында «Жағы сынса да, сағы сынған жоқ» деген мақала жазған едік.
2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында Кебісбаев 67 кг салмақта өнер көрсетіп, күміске қол созды. Небір мықтыларды жолынан ығыстырған жерлесіміздің әлемнің екі дүркін чемпионы Рю Хан Суға ғана әлі жетпеді. Дәл сол балуан Инчхондағы додада да дара шыққан еді. 2011 және 2018 жылдары Алмат Азия чемпионы атанса, 2009 және 2017 жылдары күміс медальды еншіледі. 2013 жылы Қазанда ұйымдастырылған Дүниежүзілік Универсиадада қола жүлдені олжалады.
Алмат Кебісбаев екі бірдей Олимпия ойынына қатысты. Өкінішке қарай, екі ретінде де үздіктер санатынан көріне алмады. 2012 жылы Лондондағы додада қазақ балуаны өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол украиналық Ленур Темиров, венесуэлалық Луис Лиендо және болгариялық Иво Ангеловтан айласын асырғанымен, өзінің сыралғы қарсыласы Үміт Норузиден жеңілді. Арада небәрі 10 минут өткен соң Алмат қола медаль үшін белдесуге шықты. Әлі дұрыстап тынығып та үлгермеген жерлесіміз жапониялық Рютаро Мацумотоға жол беріп, бесінші орында қалып қойды.
2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпиадада да Алмат жаман күрескен жоқ. Әсіресе оның жұбаныш бәсекесіндегі жанкештілігі жайында жанкүйерлер күні бүгінге дейін айтып жүр. Иранның даңқты балуаны Хамид Сориянмен болған бәсекеде 0:7 есебімен ұтылып жатса да қандасымыздың жігері жасыған жоқ. Ол дамылсыз шабуылдап, ақырында қарсыласын қос жауырынымен жерге қадады. Сол кезде шарасыздықтан басын шайқаған Сориянның аянышты түрін көрсеңіздер ғой. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің алты дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Парсы елінің саңлағы қазақтың қайсар ұлының алдында тізе бүкті.
Келесі жұбаныш бәсекесі қола медаль үшін күш сынасатын балуандарды анықтауға тиіс еді. Бұл жолы Кебісбаевтың жолы әлем чемпионатының қола жүлдегері, норвегиялық Стиг-Андре Бергемен қиысты. Хамид Сориянмен болған сайыста барлық күші сарқылғанын сол сәтте ол анық сезінді. Екі ұпай айырмашылығымен жеңіске жеткен Скандинавия түбегінің түлегі жүлделі орын үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Ал Алмат үшін Риодағы жарыс аяқталды.
Қазір Алмат – ардагер балуандар санатында. Бірақ оның бағыты – анық, мақсаты – айқын. Үржар күрес мектебінің түлегі әлі де бабында екеніне жуырда ғана аяқталған ел чемпионатында анық көз жеткіздік. Жиырмадан енді ғана асқан жалынды жастардың да, талай дүрмекті көрген сақа спортшылардың да Кебісбаевты қапы қалдыруға күш-жігерлері жетпеді. Енді Алмат келесі жылы алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қатысып, Токио төрінде атой салуды армандайды. Егер жолы болып жатса, бұл оның үшінші Олимпиадасы болмақ.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024
Президент гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупованы қабылдады
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024