Қазақ балуандары Сурдлимпиада ойындарында бес медаль жеңіп алды
- авторБақытжан Бекболат
- 24 қараша, 2025
- 560
Қазақстандық балуандар жалпы есепте бес медаль жеңіп алып, табысты өнер көрсетті: бір алтын, бір күміс және үш қола, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
65 келі салмақ дәрежесінде Шадияр Пернеш жарқырап көрініп, Сурдлимпиаданың чемпионы атанды. Ол шешуші белдесуде ирандық Кейван Ростамабадиді 4:2 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстанға еркін күрестегі жалғыз алтын жүлдені сыйлады. Қиындығы мол финалдан кейін Пернеш қуанышын жасыра алмады. Оның айтуынша, бұл медаль — спорттық жолындағы «ең көп күткен әрі ең қымбат» жетістіктерінің бірі.
57 келіде белдескен Габит Есжанов финалда ирандық Мохаммад Шиавошимен кездесіп, 6:15 есебімен қарсыласына жол берді. Осы нәтижемен қазақстандық спортшы ойындардың күміс медалін иеленді.
Үш бірдей қола медаль келесі балуандарға бұйырды:
Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) — алдымен бейтарап спортшы Алексей Калесныйды 22:8 есебімен жеңіп, кейін қола жүлде үшін болған күресте Денис Трегубенкодан 11:0 есебімен басым түсті.
Сабыржан Рсалы (86 кг) — грек балуаны Николаос Иосифидисті 16:5 есебімен жеңіп, қола медальға қол жеткізді;
Қайратхаан Шонқу (125 кг) — үндістандық Ган Шьямды 12:1 есебімен техникалық шеберлік танытып ұтып, жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Ал 97 келіге дейінгі салмақта Бексұлтан Малайдар қола медаль үшін белдесуде ирандық Ерфан Саттариге есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды.






