Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында 4 алтын жеңіп алды
- авторБақытжан Бекболат
- 14 мамыр, 2025
- 165

Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде жалпы 12 медаль жеңіп алып, оның төртеуі алтын болды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Olympic.kz сайтына берген сұхбатында бас бапкер Қайсар Нұрмағанбетов спортшылардың өнеріне баға берді.
Чемпионатта ел намысын 26 спортшы қорғады. Құрамада тәжірибелі есешілермен қатар жастар да болды. Нәтижесінде, Қазақстан төрт алтын, төрт күміс және төрт қола медаль иеленді.
Алтын жүлделерді келесі спортшылар жеңіп алды: Ольга Шмелёва мен Ирина Подойникова (байдарка-екілік, 500 метр), Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко (аралас байдарка-екілік, 500 метр), Сергей Емельянов пен Руфина Искакова (аралас каноэ-екілік, 500 метр), Қазақстанның әйелдер құрамасы (байдарка-төрттік, 500 метр).
Күміс медаль иеленгендер: Бекарыс Раматулла (байдарка-жалғыздық, 500 метр), Виктор Степанов (каноэ-жалғыздық, 200 метр), Стелла Суханова (байдарка-жалғыздық, 1000 метр), Сергей Емельянов пен Полат Төребеков (каноэ-екілік, 500 метр).
Қола медальды иеленгендер: Ольга Шмелёва (байдарка-жалғыздық, 200 метр), Мария Бровкова (каноэ-жалғыздық, 500 метр), Қазақстан құрамасы (аралас байдарка-төрттік, 500 метр), Қазақстан құрамасы (аралас каноэ-төрттік, 500 метр).
Командалық есеп бойынша Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Бірінші орында – Қытай, үшінші – Иран.
"Жоспарланған дайындықтың бәрін жасадық, оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Әрине, медаль көбірек алғымыз келді. Бірақ 12 жүлдемен және командалық екінші орынмен нәтиже жаман емес. Енді басты дайындықты әлем чемпионаттарына бағыттаймыз. Әлем кубогының алғашқы екі кезеңін өткізіп жібереміз. Бар назар – ересектер мен жастар, жасөспірімдер арасындағы әлем біріншіліктеріне", – деді бас бапкер.