Әбиба Әбужақынова: "Соңына дейін күресіп, қолымнан келгеннің бәрін жасадым"
- авторБақытжан Бекболат
- 19 маусым, 2025
- 371

Бұған дейінгі әлем біріншіліктерінде екі мәрте қола медаль жеңіп алған спортшы бұл жолы финалға дейін сүрінбей жетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дәл осы әлем біріншілігінен кейін Әбиба Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, жарыстағы есте қалған сәттері мен алдағы жоспарлары жайында ой бөлісті.
Әбибаның айтуынша, финалда кездескен италиялық балуан – жарыстағы ең қиын қарсылас болған.
«Шынымды айтсам, оның қандай әдіс қолданатынын алдын ала біліп, дайындығымды да соған қарай құрған едім. Бірақ белдесудің қызу сәтінде күтпеген жерден дәл сол әдіске түсіп қалып, қарсыласым юко ұпайын еншіледі. Ол сәт мен үшін өте маңызды әрі шешуші болды. Уақыт та таусылуға жақын еді. Сондықтан тәуекелге бел байлап, барымды салып шабуылға көштім. Соңына дейін күресіп, қолымнан келгеннің бәрін жасадым», – деп еске алды Әбиба.
Жеңіс оңай келмегенімен, Әбиба өзіне артылған үмітті ақтап, жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Ол жарыс барысында қолдау білдірген жанкүйерлерге алғысын жеткізді.
Алдағы уақытта дзюдошы біршама үзіліс алып, шілде айының басында өтетін оқу-жаттығу жиынына тың күшпен оралмақ.
"Сол уақытқа дейін толыққанды демалып, күш-қуат жинап алуды жоспарлап отырмын. Бұл кезеңде жаттығу жасамай, денемді қалпына келтіріп, денсаулығымды нығайтуға көңіл бөлмекпін. Жарақаттардың алдын алып, әрі қарайғы дайындықты тың қарқынмен бастау үшін маңызды қадам», – дейді спортшы.
Жыл соңына дейін Әбибаны бірнеше ірі халықаралық турнирлер күтіп тұр. Солардың ішінде Grand Slam бәсекелері де бар.
"Әрине, нақты шешімді бапкерлер штабы қабылдайды. Бірақ мен барынша дайын болуға тырысамын. Жаттығуды жүйелі түрде жалғастырып, физикалық та, техникалық та деңгейімді жаңа сатыға көтеруім керек. Әр белдесуде кеткен қателіктерді саралап, солармен жұмыс істеу – басты назарда. Себебі алтынның ауылы алыс емес деп ойлаймын", – дейді Әбиба Әбужақынова.