Жамбыл облысында жасырын алтын өндірісі әшкереленді
- авторСадуақас Айсұлу
- 19 маусым, 2025
- 180

Қазақстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) стратегиялық маңызды салалардың бірі — бағалы металдар өндірісіндегі заңсыз әрекеттерді анықтау бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл шаралар әсіресе алтынды заңсыз өндіру, өңдеу және шетелге тасымалдау жолдарын анықтауға бағытталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап.
2025 жылғы маусымда Жамбыл облысындағы "Ақбақай" кен орнында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды. Топ құрамында жергілікті тұрғындармен қатар, комбинат және қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері болған. Олар алтын құрамды шикізатты заңсыз өндіріп, өңдеп, тасымалдаумен айналысқан.
Нәтижесінде:
50-ден астам адам ұсталды,
6 кг алтын тәркіленді,
8 жасырын цех жойылды,
Кәсіпорынға келтірілген шығын — 400 млн теңгеден асты.
Қылмыстық іс ұйымдасқан қылмыстық топ құру және қатысу баптары бойынша тергелуде. Алтын контрабандасының арналары мен басқа да заңсыз әрекеттер бойынша тергеу жалғасуда.