Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін береді - Президент
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 12:55
- 65
Мемлекет басшысы ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысы Ербол Хамитовтың жетістікке жету жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды.
– Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді. Атлеттеріміздің жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Табысқа жету формуласын бәрі біледі. Алайда асқақ мұратқа қол жеткізу үшін көптеген игіліктен және өмірдің қызығынан бас тартып, қиын жолды еңсеруге екінің бірі тәуекел етпейді. Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін береді. Бұл өте маңызды. Өйткені спортпен шұғылданатын, өз-өзін қамшылап, күн сайын шыңдайтын, сондай-ақ темірдей тәртіпке үйренген адамдар тіршіліктің тауқыметіне мойымайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл ретте паралимпиадашылардың жөні тіптен бөлек. Олардың өмірі – нағыз ерліктің, қайтпас қайсарлық пен мұқалмас ерік-жігердің үлгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық гимнасттар Aphrodite Cup турнирінде 4 жүлде жеңіп алды
- авторБақытжан Бекболат
- 23 наурыз, 2026





