2015 жылдың қыркүйегінде Қордай ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қытайдың Шаньси провинциясы Сиань қаласынан жолға шыққан «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» керуенін күтіп алу салтанаты өтті. Алыстан ат арылтып келген меймандарға ерекше сый-құрмет көрсетіліп, қазақ өнері мен мәдениетін кең ауқымда таныстыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Әлі есімізде, сонда ауыздығымен алысқан арғымаққа мініп, қыз қууға шыққан қаршадай ғана қазақ қызының қайсарлығына, өжеттігіне тәнті болмаған жан қалған жоқ. Қыз қууға құлшынып шыққан қытай жігітін қамшының астына алып, ат үстіндегі ептілігімен дүйім жұртты тамсандырған шабандоздың есімі Жания Жақсыбайқызы екенін ұйымдастырушылардан кейінірек сұрап, білген едік.
Одан бері де ескен желдей, көшкен селдей бес жыл өте шығыпты. Бес жыл бұрынғы шабандоз қызбен арнайы жүздесіп, мақала жазу туралы ойымызды да ұмытқалы қашан?! Мүлдем еске түсірмес те ме едік?! Жуырда республикалық «Аrgymaq.kz» ұлттық танымдық порталының «Атбегі арулар» мақаласы есімізге салды. Аталған сайттың редакторы, журналист Ержан Жаубайдың еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлпарды тұрысынан, жүйрікті жүрісінен танитын атбегі қыздар жайлы мақаласындағы таныс есім, таныс бейнені көргенде Қордайдағы қыз қуу көріністері көз алдымызда көлбеңдеді. Мақалада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, қыз қуудан Қазақстан чемпионы Жания Сатылғанова 1995 жылы Қордай ауданында дүниеге келген екен. Қордай ауылындағы №2 Ломоносов атындағы орта мектепті бітірген кейіпкеріміз бүгінгі таңда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде жоғары білім алып жатыр. Жастайынан жылқының жалында өскен атбегі арудың өмір дерегіне қаныққаннан кейін жүздесуге асығып, әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатуға тырыстық. Алайда кездесуге мүмкіндігі болмай, тек телефон арқылы ғана тілдесе алдық. Бәйге аттарын суытуға дайындалып жатқанын, сондықтан да уақытының тығыз екенін айтқан Жания Жақсыбайқызы бірден әңгімесін бастап кетті. Айтуынша, атасы Мұратхан Қартабаев ауданға, елге белгілі атбегілік өнердің өкілі. Өмірін атбегілікке арнаған, бүгінде алпыстың асқарына шыққан Мұратхан Бексұлтанұлының жылқытану ілімінің негізінде тұрған атбегілік өнердің, ұлттық спорттың дамуына қосқан еңбегі аз емес көрінеді. Атасының қасынан қарыс қадам қалмаған бойжеткен Жания жастайынан қазақы тәрбиеге сусындап, атбегілік өнердің қыр-сырына қанығып өседі. «Адам тегіне тартпай тумайды». Бүгінде немересі Жания да ат баптап, жүйрік жаратып, ата жолын жалғап жүр. – Атам атбегілікпен айналысқандықтан жылқыға жақын болып өстім. Ойын баласы кезімде қатарларым қуыршақ ойнап жүргенде мен ат қорада атама қолғабыс етіп жүретінмін. Көрген-білгенімнің бәрін санама түйіп өстім. Осылайша жыл санап атбегілік өнерге қызығушылығым арта берді. Ең алғаш рет 18 жасымда Қордай ауылындағы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бәйгеге қатыстым. Араға бір жыл салып, үздіктердің үздігі ғана қатысатын Қазақстан Республикасы Президентінің кубогында бақ сынадым. Өкінішке қарай жорға жарыста тізгіндеген жүйрігімнің бабы келіскенімен, бағы жанбай, алтыншы орынды қанағат тұттым. Барлығы бес мәрте жорға жарыста бағымды сынап, көбінде жеңімпаз атандым. Одан бөлек отыз бір рет қыз қууға шығып, бәрінде жеңіске жеттім. Отыз бір жігітті сабадым (күліп). Жалпы кез келген жарыста топ жаруың ең алдымен атқа байланысты. Осы уақытқа дейінгі жеткен азды-көпті жетістіктеріме «Қызкүрең» атты жүйрігімнің арқасында қол жеткіздім, – дейді Ж.Сатылғанова. Қазір бір өзі бәйгеге он, көкпарға екі, қыз қууға арнайы екі атты баптап, жаратып отырған кейіпкеріміз жүйріктің табиғатына, бітіміне байланысты баптау әдіс-тәсілдері әр алуан болатынын айтады. Күзде ас беріп, ат шаптыратындар көбейетіндіктен қазір тіпті жұмысы еселене түсіп, барлық уақыты аттарды күтіп-баптаумен өтеді екен. – Атбегілікпен айналысудан бөлек, асау үйретіп, көкпарға шапқанды жаным жақсы көреді. Басына құрық тимеген шу асауды үйретіп, өз ырқыңа көндіру – көңіліңді көкке көтеріп, ғажап бір толқынысты сезімге бөлейді. Қателеспесем, бүгінге дейін он бес асау үйреттім. Асауды бас білдіріп, көкпар шауып түрлі дене жарақатын алған кездерім де болды. Көкпарға алғаш шауып жүрген кезімде ер азаматтар, үлкен кісілер таң қалып жататын. Бірақ ешқашан теріс пікір айтқан емес. Керісінше, ауыл ақсақалдары батасын беріп, ақ тілегін жаудырады. Командалық көкпарға қатысып, бірнеше мәрте салымды болдым. Отыз бес келіге дейінгі серкелерді емін-еркін көтеремін. Тіпті жерде жатқан серкені шауып келген күйі іліп кеткен кездерім де болды. Қазір жасым жиырма бесте. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Мал дәрігері» мамандығы бойынша білім алып келемін. Мақсатым – оқуымды ойдағыдай аяқтап, білікті маман болып шығу. Ал болашақтағы арманым – Қазақстан атын әлемге әйгілі ету, – дейді Жания Сатылғанова. Жанияны осыдан бірнеше жыл бұрын ат баптау үшін Ресейге арнайы шақырғандар да болыпты. Алайда белгілі бір себеппен ұтымды ұсыныстан бас тартқан. Атбегі бойжеткен енді келесі жылы оқуын аяқтағаннан кейін атбегілік өнерге, жылқы шаруашылығына түбегейлі бет бұруды көздейді. ...Енді-енді әңгіменің өрісі кеңейіп, тіл шешіле бастағанда Жанияның ат суытатын уақыты өтіп бара жатқандықтан, қоштасуға тура келді. Естіп-білген бір бөлек, барып көрген бір бөлек. Алдағы уақытта Қордай ауданына жол түссе, ат үстін алтын тақтан артық көрген атбегі Жания Сатылғанованың ерлерге бергісіз кәсібін көзбен көруге іштей бекініп отырмыз. Журналистік қым-қуыт қарбалас тірлік тағы да ұмыттырып жібермесе...
Талғат Нұрханов
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Көше атауын қазақшалауда кілтипан көп
Ұқсас жаңалықтар
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024