жексенбі, 7 шілде, 2024 9:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Демеп жіберсең, жетістікке жетер жастар баршылық»

«Демеп жіберсең, жетістікке жетер жастар баршылық»
ашық дереккөзі
«Демеп жіберсең, жетістікке жетер жастар баршылық»

«Өркен-ниет» қоғамдық қоры 2013 жылы ашылып, 2014 жылдан бері Тараз қаласында жүйелі жұмыс істеп келеді. Қор сол уақыттан бері біраз жұмыс атқарды. Бүгінде білім саласындағы жобаларға ат ізін салды. Ондағы мақсаты балалар біліміне – ел болашағына капитал құю. Жуырда оттегі концентраторын облысқа жеткізу ісінде де белсенділік танытып, қайырымдылықтың бел ортасында жүрді. Осы ретте қор директоры, облыстағы белсенді жастардың бірі – Ақжол Базаровпен әңгіме-дүкен құрып, бірқатар сұрақтарымызға жауап алдық.

– Ақжол, қорды сырттай білгенімізбен, тарихынан, осы күнге дейінгі жүріп өткен жолынан хабарсызбыз. Қор тарихымен таныстыра кетсеңіз... – Қор 2014 жылдан бастап толыққанды жұмыс істей бастады. Мен ол кезде кеңесші болдым. Арада екі жылдай басқа кәсіппен айналысып, 2017 жылы директорлық қызметке кірістім. Біз жылына шамамен мыңға жуық отбасыға азық-түлік, киім-кешек, қысқы отын түріндегі материалдық көмек көрсетеміз. Осыдан үш жыл бұрын 5 вагонмен 315 тонна көмір алып, Тараз маңындағы сол кезде табиғи газға қосылмаған «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарының тұрғындарына тараттық. Азық-түлікті кәсіпкерлерден жинаймыз. Сосын үйме-үй аралап, мұқтаж жандардың жағдайына көз жеткіземіз. Кейде көмектескісі келген кәсіпкердің өтінішімен де үй аралап, зерделейміз. Бір сөзбен айтқанда жағдайларына көз жеткізбейінше ешқандай көмек көрсетпейміз. – Қазір немен айналысып жүрсіздер? – Біз негізінен аз қамтылған отбасылармен жұмыс істейміз. Сондықтан да қайырымдылыққа бағытталған іс-шараларымыз қыркүйекке қарай қыза түседі. Көпбалалы отбасылардың балаларына бір жылға болмаса да, алты айға жететіндей кеңсе тауарлары мен мектеп формасын алып береміз. Мұндай көмекті шамамен жүз шақты отбасыға бағыттаймыз. Құрбан Айт кезінде де тұрмысы төмен отбасыларға ет жеткізіп беруге тырыстық. Расында ет асып жемек түгілі балалары ет көрмеген отбасылар да бар екен. Десе де біздегі жағдай кейбір елдермен салыстырғанда анағұрлым жақсырақ. Жалпы іс-шараларымыз азық-түлік, киім тарату, көмір жеткізу, «Мектепке жол» акциясы сынды бағыттарға сай жүргізіледі. 2019 жылдан бастап білім саласына түбегейлі көштік. – Осы жоба жайлы толығырақ айтып берсеңіз... – Бұған да түрткі болған жағдайлар аз емес. Шынын айтқанда біз көмек көрсетіп жүрген отбасылардың кейбірінде өмірге деген талпыныс жоқ. Қит етсе бізге хабарласып, көмек сұрап жатады. Былайша айтқанда қалталы азаматтар үнемі оларды асырап отыру керек деген масылдық психология қалыптасып қалған. Жұмыс істеуге ынталанбайды, балаларға тәрбие беріп, оқуына мән бермейді. Қысқасы біздің берген көмектен ешқандай прогресс жоқ. Сондықтан «Балық берме, қармақ бер» деген қағидаға сүйеніп, біз ол отбасылардың балаларының дұрыс білім алуын назарымызға алдық. Біраз кәсіпкерлермен ақылдасып, кеңесіп, «Бұл отбасылар неге кедей? Осы кедейшілікке алып келген қандай себеп?» деген сұрақ төңірегінде кішігірім зерттеу жүргізіп көрдік. Біздің бұған дейінгі қайырымдылық әрекеттеріміз тек кедейліктің салдарымен ғана күресумен шектеліп жатты. Түпкілікті себебіне үңілмеппіз. Яғни кедейшілік тамырының өзегіне балта шабу керек екенін түсіндік. Бұндай қадамға кей отбасылардағы жалындап тұрған, көзінде оты бар балалардың болашағына деген алаңдаушылығымыз түрткі болды. Ол балалардың қанша жерден жақсы өмірге деген ынтасы, талпынысы байқалғанымен отбасындағы психологиялық қысым, жасықтығы қоғамнан алшақтатып жіберген. Өздігінен жетістікке жетуге кедергі көп. Кейбірінің әкесі, не шешесі жоқ, ата-анасы ішкілікке жақын. Одан қалса, алты-жеті баланың ортасында өсіп, үйдің тірлігінен-ақ шыға алмай жүрген балалар да бар. Әлеуметтік тұрғыдан алып қарасаң, егер ол отбасында бір өзгеріс болмаса сол кеткені кеткен. Мардымды білім алмағандықтан, ертең есейгенде ол балалар қалаған мамандығымен жұмысқа да орналаса алмайды. Жұмыссыздық деген кесел осындайдан жабысады. Қылмысқа баратындар да көбіне тұрмысы төмен ортадан шыққан азаматтар. Ондай адамдарды саяси арандатушылар да қаржылық-материалдық жағынан қолдап, өз пайдасына қарай көтерілістерге де айдап салып жатады. Қысқасы кедейлікке алып баратын факторлардың 60-70 пайызы білімсіздіктің үлесінде. Білім болмаған соң лайықты, тұрақты жұмысы, не табысы жоқ. Сосын ол қылмысқа барады. Ал қиын жағдайда өмір сүріп жатқан отбасыларда сәл демеп, өмірге деген талпынысын арттырып жіберсең, ары қарай алып кететін еті тірі балалар баршылық. Міне бізге бұлақтың көзін ашу жағы жетпей жатыр. Тараз қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 10-11 сынып оқып жүрген 80 баланы іріктеп алып, «Достық» білім беру орталығымен келісімшартқа отырдық. Біз ақшасын төлейміз, олар балаларды оқытып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап береді. Және орталық та бізге аздап жеңілдіктер жасап отыр. Одан бөлек тек сабақ оқытып ғана қоймай түрлі тренингтерге қатыстырып, жеке-жеке сөйлесіп, психологиялық тұрғыдан да дәріс береді. Басында 80 оқушыға жоспарлап едік, кейін алты оқушыны әртүрлі себепке байланысты оқудан шығаруға тура келді. Бұл балаларды таңдағанда да көп жайтқа қарадық. Алдымен ата-анасына мән бердік. Себебі олардың оқуына, қоғаммен еркін сіңісіп кетуіне ата-ана бірінші мүдделі болып, жағдай жасамаса белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиын. – Зер салсақ бұл жобаға кетер шығын да аз емес сияқты. Тұрақты қолдаушылар бар ма? – Бар әрине. Мәселен ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов 9 оқушыға шәкіртақы беріп отыр. «Дәмді себет» дүкендер желісінің қожайыны Алмас Төлтаев, Бауыржан Малтабарұлы сынды біраз кәсіпкерлер де бірден келісе кетті. Жылдың басында бұл балаларды Шымкент қаласындағы «RIXOS» қонақүйінде ұйымдастырылған білім саласының көрмесіне қатыстырдық. Ол жерде олар еліміздегі біраз жетекші жоғары оқу орындарымен танысып, мамандық таңдау бойынша кәсіби бағдар алып қайтты. Оқушылардың жолақысы мен тамақтану шығындарының бәрін кәсіпкерлер көтерді. Кейін Ерболат Саурықовтың қолдауымен ТИГУ-ды аралаттық. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, KIMEP, ҚБТУ сынды біраз танымал оқу орындарына да алып барып, саяхат жасату ойда бар еді, карантиндік шектеулер қолды байлады. Бұйыртса алда бұл мақсатымызға да жетерміз. Бұл оқу орындарына оқу үшін білім керек, тіл білу керек. Өз көзімен көріп келген соң бірі болмаса да бірі талпынып, білімнің соңынан шырақ алып түсер. Сол себепті біз бір баланы болса да тығырықтан шығарып, болашаққа деген сенімін нықтасақ дейміз. Шамамыз жетсе бала санын 150-ге жеткізсек деген де мақсатымыз бар. Ол үшін әлі біраз кәсіпкердің есігін қағуға тура келіп тұр. – Бұл өте керемет жоба екен. Кәсіпкерлердің қолдау білдіргені де қуантады. Жамандық шақырғандық емес, десе де елде түрлі жағдай қалыптасып жатыр ғой. Кәсіпкерлер алда-жалда қаржыдан қиналып қалып, қорға құяр ақшасы болмай, жобаның орта жолда тоқтап қалмауына кепілдік бар ма? – Бұған дейін ек-үш баланы ғана оқытып келдік. Ал былтырдан бері жобаның нақты концепциясын жасап, кірісіп кеттік. Бұлай сенімді түрде кірісіп кету үшін де тірек керек. Әрине бізге тұрақты ақша аударып тұратын кәсіпкер азаматтардан қорқыныш жоқ. Өйткені олар мойнына алған жауапкершілікті түсініп отыр. Дегенмен сіз айтқандай жағдай орын алып жатса оқушыларға кәсіпкер ақша бермей жатыр деп айта алмайсың. Айтқан күнде де өте ыңғайсыз жағдай. Сондықтан біз жаңадан алдына барған кәсіпкермен дәл осы мәселенің басын ашып аламыз. Қаржыңыз барда бір жылға толық бергеніңіз жөн дегенге келтіреміз. Десе де ешкімге өкпе жоқ. Әркім шама-шарқынша, кешіктіріп болса да беріп жатыр. Біз осы жобаға жұмсалар қаржының басын ашып алғаннан кейін ғана іске кірістік. Орта жолда қалмайтын шығар деген үміттемін. – Кейінгі кезде қайырымдылық қорлары, я болмаса белгілі бір мұқтаж адамға ақша жинаушылар көбейіп кетті. Әлеуметтік желіде де осындай аккаунттар жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап жүр. Тіпті жас жігіттер бір-бір қорапша ұстап алып көшеде де ақша жинап жүргенін көріп қаламыз. Осылардың ішінен көп ұзамай алаяқтары да әшкере болып жатады. Жалпы жұрт осыларды бір-бірінен қалай ажыратады? – Әлеуметтік желідегі парақшасы болса, оның ашылу тарихын көруге, жұмысымен танысуға болады. Сайты болса, сондағы көрсетілген телефон номерлері арқылы неге хабарласып, сұрақтарыңызды қоймасқа? Тіпті тірліктері бұлыңғыр болып, сенімсіздік танытсаңыз кеңселеріне барыңыз. Қайырымдылық, қоғамдық қорлар заңды жұмыс істеуі үшін міндетті түрде тіркеледі. Сол тіркеу куәлігін, мөрін, банктегі есепшотын, жарғысын сұрауға болады. Бұлар құпия ақпаратқа жатпайды. Егер көрсетпей, жасырып қалып жатса, онда ойлануға болады. Жалпы көзі ашық адам сұрастыра келе қордың алаяқ немесе шын жанашыр екенін ажырата алады. Мәселен біздің қордың көпшіліктен жасы­ратын еш құпиясы жоқ. Және біз астыртын жұмыс істемейміз. 2014 жылдан бері қаншама әкімнің алдына бардық. Кезінде Асқар Мырзахметовтің де қабылдауында болдық. Ол кісінің қолдауымен де біраз іс-шараларымыз жүзеге асты. Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев мырзаға, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа да жолықсақ деген жоспарымыз бар. Өйткені жуырда біз атсалысқан оттегі концентраторларының көптеп алынуына облыс басшысы үлкен еңбек сіңірді. Кәсіпкерлерге үн қатып, халыққа қол ұшын беруге шақырды. «Antikor» орталығымен, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділерімен, облыстық кәсіпкерлер палатасымен де етене жұмыс істедік. Бір сөзбен айтқанда, біздің жұмыс қоғамға 100 пайыз ашық. Қамқоршылық кеңесіміз бар, құжаттарымыз да қанттай. Кез келген адамға көрсете аламыз. Алаяқтарға ұрынбау үшін тұрғындар қорлардың осындай тарихына, жұмыс ауқымына үлкен мән беру керек. –Қайырымдылық деген ұғымды қалай түсінесіз? – Негізі түсіне білсек, қайырымдылық адамға үлкен ләззат сыйлайды. Қайырымдылыққа атсалысқан адам өзіне іштей риза болады. Бір адамға жақсылық жасағаныңа қуанасың, дәл қазір болмаса да әйтеуір бір Алладан қайтарымы болар, пайдасы тиер деген үміт болады. Біз кейде кәсіпкерлердің өзін ортаға саламыз. Яғни берген ақшасына азық-түлік алып, мұқтаж адамдарды тауып береміз. Олар өздері мұқтаж жандардың тұрмыс-тіршілігін көзімен көріп, отбасылық көмегін береді. Бір жағынан сауап, екінші жағынан кейбір жандар шүкіршілігін арттырып жатады. Осы жерде бір жігіттің айтқан оқиғасы еске түсіп отыр. Әлгі кәсіпкер көлігінің орындық қаптамасына деп таңертең үйінен 50-60 мың теңгедей ақша ала шыққан екен. Жолай қайырымдылық шарасы аясында тұрмысы төмен отбасының үйін өз көзімен көріп «Мен патшалар сияқты өмір сүріп жатыр екенмін ғой», деп көлігін сәндеуге ала шыққан бар ақшасын сол үйге қалдырып кетіпті. Біздің мақсат тек мұқтаж жандарға көмек қолын созу ғана емес, көмек беріп жатқан адамның да жүрегін ашып, қамқорлық сезімін ояту. Кейбір кәсіпкерлер тұрмысы төмен отбасыға көмегін берерде отбасымен келеді. Яғни балалары да барлық бала өздеріндей керемет өмір сүріп жатпағанын санасына сіңіріп, оларды қамқор, мейірімді болуға, шүкір етуге тәрбиелегісі келеді. Кейбірі келіншегін алып келіп, тәубесіне түсіріп жатады. Қазір бізбен бірлесе жұмыс істейтін осындай 3-4 отбасы бар. Заттарын алып береміз, олар діттеген жеріне жеткізіп береді. – Жақында елге таратқан оттегі концентраторын жеткізу ісіне қалай араласып кеттіңіздер? «Шұғыла» қайырымдылық қорымен бірлесе жұмыс істеу бұрыннан тәжірибелеріңізде бар ма еді? – Біздің жұмыс істеу бағытымыз білім беру саласымен байланысты. Десе де карантин кезінде қол қусырып қарап отырғанша, елге пайдамыз тисін деген ниетпен көмек қолын создық. Оның үстіне біздің «Шұғыла» қорымен серіктестік жөніндегі меморандумымыз бар. Яғни бір-бірімізге волонтерлік тұрғыдан қол ұшын беріп, жобаларымызға қолдау білдіруге уағдаласқанбыз. Негізі бұл істе «Шұғыла» қорының көп еңбек сіңіргенін айта кету керек. Денсаулық сақтау министрлігімен Қытайдан жеткізу мәселесін түбегейлі шешті. Бар тауарды бір жерден алғандықтан бағасы да арзанға түсті. Ал біз жан-жақтан тек қаржысын жинап, Алматыдан облысқа жеткізіп бердік. Біздің қорға шамамен 70 аппаратқа жететін 7 миллион теңгеден аса қаржы жиналды. – Қордың жұмысымен қанша адам айналысады? – Қорда мен және көмекшім бар. Одан бөлек Алла разылығы үшін, қоғамның дамуы үшін тегін жұмыс істеп беретін 20-30-дай азамат бар. Олардың бәрі бірдей жас емес, араларында үлкен ағаларымыз да бар. Бұл кісілер біреуге жасаған жақсылығынан рахат алатын азаматтар. Еткен еңбегін міндетсінбейді, жариялауды қажет қылмайды. Тәуліктің кез келген уақытында хабарлассаң уақыт тауып келетін жандар да көп. Өйткені садақаның түрі көп қой, тек қана қаржы беру ғана емес. Біреу қол еңбегімен, біреу көлігімен жеткізу қызметін ұсынып жатады. Осындай қайырымды жандар қатары артқанда ғана қоғам алға жылжиды деп ойлаймын. – Мына қос бүйірден қысқан қиын шақта елге болысар, құлағанға қолын ұсынар қайырымды азаматтарымыз көп болсын! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар