сенбі, 23 қараша, 2024 2:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Хиджама: қан алдыру қаншалықты дұрыс?

Хиджама: қан алдыру қаншалықты дұрыс?
ашық дереккөзі
Хиджама: қан алдыру қаншалықты дұрыс?

Бүгінде дәстүрлі медицинамен қатар, халықтық ем-дом тәсілдері де дамып келеді. Солардың бірі – хиджама. Жалпы, ағзадағы тұрып қалған қанды алдырту арқылы денсаулыққа дем беретін терапияның бұл тәсіліне жұрттың бәрі бірдей қарайды дей алмаспыз. Десе де, сұраныс болғандықтан хиджама орталықтары да елімізде аз емес. Оған мемлекет те еш шектеу қойып отырған жоқ. Тек барлық гигиеналық, санитарлық талаптар сақталса болғаны. Кейінгі жылдары осы хиджамаға қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды да әлеуметтік желіден, ел арасынан жиі байқап жүрміз. Осы ретте Тараз қаласындағы «Тараз Хиджама» орталығының негізін қалаушы, хаджам Жанат Сарқұловамен сұхбаттасып, елдің білгісі келген сұрақтарына жауап алуға тырыстық.

– Жанат Әлімжанқызы, алдымен хиджама дегеніміз не? Оны қалай жасайды және көпшілік хиджаманы донорлықпен шатастырып жатады, осының ара-жігін ажыратып берсеңіз... – Хиджама дегеніміз – біздің ағзамызда тұрып қалған қанды шығару. Бұл негізінен шығыс, оның ішінде ислам медицинасына жатады. Көпшілік мұны дұрыс түсінбей, біз шығаратын қанды тері мен еттің арасында тұрып қалған қалдық қан деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Біздің қанның құрамында эритроцит, лейкоцит, тромбоцит деген жасушалар болады. Содан эритроцит 30 күн, лейкоцит 7 күн, тромбоцит 4 күн өмір сүреді. Одан басқа да моноцид, базофил деген секілді жасушалар да қан құрамында пайда болып, уақыты келгенде өліп, қайта жаңартылып тұрады. Өлгеннен кейін ол сүзгіден өтіп, өт, бүйрек арқылы табиғи жолмен ағзамыздан шығып жатады. Ал шықпай қалған аз-маз қан майда қылтамырларға (капилляр) жинала береді. Ол терінің үстіңгі қабатында орналасады. Жалпы терінің өзі 3 қабаттан тұрады емес пе? Біз хаджамдар сол ең үстіңгі қабаттың жоғары жағында тұрып қалған, «арам» қандарды шығарамыз. Егер білместікпен қылтамырдың астын тіліп жіберсек, адам көп қан жоғалтып, әлсіреуі мүмкін. Тіпті ол жерде үлкен тыртық та қалуы ықтимал. Біздің мақсат – «арам» қанды сол қылтамыр арқылы тазарту. Жалпы, хиджаманың үш түрі бар. Олар құрғақ, ылғалды және веноздық хиджама. Құрғақ хиджама кезінде ағзаның биологиялық белсенді нүктелеріне банка қою арқылы жасаймыз. Ал ылғалды хиджамада қылтамырларға алдымен банканы қойып, оның орнын майда тілімдермен тіліп, үстіне қайта банка қойып, қанды тарту арқылы жасаймыз. Веноздық хиджаманы біз тамырдан аламыз. Оны қай кезде, қалай аламыз дейтін болсаңыз, мәселен пациенттің қан қысымы жоғары болғанда немесе асқазаны ауыратын болса тілдің астындағы тамырдан аламыз. Тілдің астында арнайы екі қан тамыры болады, соны тіліп, сол жерден қан шығарамыз. Сол секілді мұрынның ішінде, түп жағында да сондай тамыры болады, ол үшін мұрынды арнайы құралмен ашып бірреттік шприцпен тесіп, қанын аламыз. Сонымен бірге адамда варикоз болған кезде де майда қылтамырларынан қан аламыз. Егер варикоз тамырлары үлкен болған жағдайда, біз ол пациентті міндетті түрде қан құрамында тромбтың бар-жоқтығын анықтау мақсатында УЗИ-ге тексерілуге жібереміз. Егер тромбтың бар екені анықталған жағдайда алдымен аяғына сүлік қойып, қанды сұйылтуымыз керек. Егер тамырда тромб ұйып тұрса, оған мән бермей хиджама жасасақ, ол тромб үзіліп кетіп, барлық қан айналу жаңарып, миға «адам қан жоғалтты» деген дабыл барады. Сол кезде ағзамызда қорда тұрған қан жұмысқа кіріседі. Адамның қан қысымы көтеріліп, қан құрамындағы гемоглобин, эритроциттер жаңаша түзіледі. Сол кезде тромбоцит жүрекке немесе басқа бір жерге тіреліп қалуы мүмкін. Сол себептен тромб барда хиджама жасалмайды. – Сіздердің орталықта хиджаманың барлық түрі жасала ма? – Орталық осы жылдың ақпан айында ашылды. Біз хиджаманың барлық түрін жасай береміз. Себебі біздің орталық қызметкерлерінің медициналық білімі бар. Клиникалық тәжірибе жасауға рұқсат беретін сертификатты да алдық. Бүгінде мұнда менен бөлек 3 қызметкер жұмыс істейді. Екеуі хаджам, біреуі массаж жасайды. Айта кетейін, аптаның бір-екі күні ерлерге күйеуім хиджама жасайды. Ол күні әйелдерге қызмет көрсетілмейді. – Хиджама барлық ауруға ем бе? Бір рет жасатқан адам бойындағы бар ауруынан айығуы мүмкін бе? – Хиджаманы жасаудың да өз жөні бар. Ауруханаға барсаңыз да сізге дәрі-дәрмекті белгілі мерзімге есептеп береді ғой, массаждың да 5-10 күндік курсын аласыз, сол секілді хиджама жасатудың да белгілі кезеңі бар. Нәтижеге жету үшін сол заңдылықты сақтаған дұрыс. Жалпы хиджама барлық ауруға ем десек қателеспейміз. Бірақ жасауға болмайтын бірлі жарым ауру түрі бар, ол гемофилия ауруы (қанның қоюланбауы) және жүйкесінде ақауы бар кісілер мен 80 жастан асқан қарттарға хиджама жасатуға болмайды. – Хиджама жасауда сәтсіздіктер болған жоқ па? Қанша дегенмен адамның қанымен жұмыс істеу оңай емес қой. – Сәтсіздіктер болған жоқ, бірақ кейде пациенттеріміз талып қалып жатады. Ондай кезде хаджам жылдам жұмыс істесе, талған адам бірден есін жиып алады. Мәселен кейбіреулер тамақтанбай келуі немесе кейбіреулердің талма аурулары болуы мүмкін, бірақ айтпай келеді. Дегенмен менің тәжірибемде адам өміріне қауіп төндіретіндей жағдай болған жоқ. – Адамның қаны да ішіп-жеміне, жасаған тіршілігіне орай әртүрлі болып келеді деген ақпаратты оқығаным бар еді... – Жалпы, адамның қаны бәрінде бірдей ғой. Бірақ адамның ішіп-жеген тамағына байланысты өзіне тән иісі болады. Әсіресе қанының иісі мен түсінен адамның темекі шегіп, ішімдік ішкенін сезіп отырамын. Ол енді жұмыс өтіліме, тәжірибеме байланысты деп ойлаймын. – Ғаламторда жақында кейбір елдерде коронавирусты емдеуге хиджаманы қолданып жатыр деген ақпарат тарады. Осы қаншалықты рас? – Мен де қырғыз бауырларымыздың коронавирусқа хиджаманы ем ретінде пайдаланып жатқанын көрдім. Бірақ мен оны аса қолдамаймын. Себебі бізде адам қатты тұмаумен немесе инфекциялық аурулармен ауырып жатқанда хиджама әдісі қолданылмайды. Қолданылған күннің өзінде оның анау айтқандай әсері болмайды. Ондай кезде хиджаманы сүлікпен қосып жасаған дұрысырақ. Коронавируспен ауырғанда адамның қаны қоюланады. Оны тескенде қою қан тек тамшы болып шығады да қояды. Сол үшін сүлікті қойып барып хиджама жасаған абзал. Бізге де коронавируспен ауырып жазылған жандар келіп жатады. Ауырып жазылғандарға, әсіресе қайта қалпына келуі кезеңінде хиджама әжептәуір әсерін береді. Жеңілдеп, дұрысталып қалады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар