«Өңірлік университет аймақ ғылымының драйверіне айналуы қажет»
- авторjambylinfo.kz
- 24 қыркүйек, 2020
- 443
Қоғам өмірінің сан саласында қордаланған мәселелерге қозғау салған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім-ғылым саласына да айрықша назар аударылды. Президент, әсіресе жоғары білім беру ісіне ерекше басымдық беріп, бұл секторды жетілдірудің тиімді тетіктерін тілге тиек етті. Бұл орайда университеттерге маман даярлауда саннан сапаға көшу маңызды. Ал Үкіметтің қаулысы мен тиісті министрліктің бұйрығына сәйкес, Тараз қаласындағы екі ірі жоғары оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті былтырдан бері бірігу процесінен өтіп, «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып биыл қайта құрылды. Жолдау жүктеген міндеттің үдесінен шығу жайында, өңірдегі жоғары білім беру секторындағы жаңа құрылымның бүгіні мен ертеңі, алға қойған стратегиялық мақсаттары туралы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Махметғали Сарыбековпен сұхбат құрған едік.
– Махметғали Нұрғалиұлы, ғылым саласының өкілі ретінде Мемлекет басшысының Жолдауынан қандай ой түйдіңіз? Білім-ғылым саласын дамытудағы Президент ұстанымдары қаншалықты нәтижелі болмақ? – Осынау күрделі кезеңде жарияланған Президент Жолдауында ел дамуының жан-жақты шешімдері, сын сағатында болашаққа бағдар болар жол табу мүмкіндіктері толық қамтылды. Бұл жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталып, нақты шешімдер ұсынды. Стратегиялық жоспарлау мен реформалау бойынша тікелей Президентке бағынатын агенттіктің құрылуы мемлекет дамуына тың қозғалыс, жаңа дем бермек. Бұл агенттік ең алдымен жоспарлау мен жүзеге асырудың арасын алыстатпауға, сөзден іске көшуге ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ аталған агенттік білім мен ғылым саласында да ұтымды, тиімді жобалар жасайды деген үмітім бар. Ел Президенті өз Жолдауында сапалы және қолжетімді білім беруге ерекше тоқталды. Пандемия жағдайында білім алуда оқушылар алдында еш кедергі болмау керектігін басып айтты. Иә, қашықтан оқыту көпшілік үшін тың жаңалық, жаңа жағдай болғандықтан көптеген қателіктер, кемшіліктер орын алды. Дулати университеті бұл жағдайда тиімді шешім, ұтымды жол таба білді. Бұл үшін біз университет оқытушыларына, ұлағатты ұстаздарымызға алғыс білдіреміз. Ғылымға үлкен мән беріп, оны дамытуға үлкен күш салу мақсатында Президент Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырды. Ғылымға жасаған капитал еселеп қайтатынын түсінгеніміз жөн. Президент айтқандай, ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қаржыландыруға өз үлесін қосатынына сенеміз. – Жаңа оқу жылынан бастап өңірдегі екі жоғары оқу орны біріккенін білеміз. Бірігу жұмысы қалай жүзеге асты? – Осы екі университеттің өткеніне көз тастайтын болсақ, бұл білім ордалары бұрындары да қосылып, қайта бөлінген. 2004 жылы педагог мамандарды даярлайтын оқу орны бөлек болу керек деген ұйғарыммен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бөлініп шықты. Енді міне, араға жылдар салып оқу орындары қайта қосылып, бір білім шаңырағына айналды. Жаңадан құрылған Дулати Университетінің алдында, әрине, бірқатар стратегиялық міндеттер мен үлкен мақсат-мұраттар тұр. Атап айтсақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары кәсіби кадрларды дайындау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірдің инновациялық экономикасы мен әлеуметтік саласына енгізілген ғылыми зерттеулерді жүргізу, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру сынды өзімізге үлкен жауапкершілік жүгін артып отырмыз. Оған қоса өңірлік университет алдында үштұғырлы міндет бар. Атап айтқанда жоғары оқу орны аймақ үшін ғылымның, мамандар дайындаудың және өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуының орталығы болуы тиіс. Жалпы бүгінде бірігу жұмысы толық аяқталды. – Өзіңіз де білесіз, елдегі карантин жағдайы біраз салаға тосқауыл болды. Бұл шектеулер білім саласына қалай әсер етті, әсіресе студенттерді қабылдау жұмысы қалай жүргізілді? – Карантин жағдайында биылғы қабылдау жұмысы жылдағыдан өзгеше болғаны белгілі. Жасыратыны жоқ, қашықтан құжаттарды қабылдау, талапкерлермен онлайн сұхбаттасу оңайға түспеді. Осы тұста озық технологиялардың оңтайлы тұстары баршамызға үлкен көмек болды. Университетіміздің ресми сайты, әлеуметтік парақшалары арқылы қажетті мәліметті беріп, тікелей эфирге шығып, түсіндіру жұмыстарын барынша жүргіздік. Осы табанды әрекеттің арқасында биыл 4 мыңнан аса талапкер студент қатарына қабылданды. Жалпы студенттеріміз наурыз айынан бері қашықтан білім алып жатыр. Жаңа оқу жылын да қашықтан оқыту форматында бастап кеттік. Алғашқы дәріс жылдағы дәстүр бойынша «М.Х.Дулати: өмірі – өнеге, тарихи танымы – тағылым» тақырыбындағы университет ректорының онлайн-дәрісімен басталды. 1-курс студенттеріне арналған дәріс YouTube видеохостингі арқылы берілді. Бүгінде студенттер «Платонус», «Сириус» платформалары арқылы оқып жатыр. Оларға қажетті мәліметтің барлығы дерлік қамтылған жолсілтеуші анықтамалық әзірлеп, таратып бердік. Бұл анықтамалықты ресми сайттағы 1-курс студенттеріне арналған арнайы «Бағдарлау апталығы» парақшасынан жүктеп алуға болады. Жалпы бұдан бөлек те барлық ақпаратты 1-курс студенттері университет сайтының басты бетіндегі «Бірінші курс студенттеріне арналған бағдарлау аптасы» бөлімінен таба алады. Біз сабақ өткізу үшін жалпыға қолжетімді «ZOOM» және «Webex» платформаларын, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі тікелей эфирді қолдануды жөн санадық. Сондай-ақ оқу орнының сall-орталығы, виртуалды кеңсе студенттерді мазалаған сұрақтарға нақты жауап беруге дайын. – Бүгінгі өңірлік университеттің негізгі бағыттарының бірі – ғылымды дамыту екенін жоғарыда айтып қалдыңыз. Осы мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып отыр. Ғылымды дамытуда сіз басқарып отырған университетте қандай нақты мүмкіндіктер бар? – Ғылымның дамымауын жоғары оқу орындарымен ғана байланыстырып, біржақты баға беруге де болмайды. Ғылыми жаңалықтардың экономиканың айналымына түсе алмай жатқанына кедергі болып отырған жайттар аз емес. Жалпы білім саласындағы үлкен түйткілді мәселенің бірі – ғылыми жаңалықтың өндіріске енуінде кедергілердің болуы. Мәселен біздің университет ғалымдарының 700-ден аса патенттелген ғылыми жұмысы бар. Бірақ өндіріске енгені саусақпен санарлық қана. Атап айтсақ, бүгінгі күні университетте «Қант диабетімен ауырған науқастарға ыңғайлы аяқ киім әзірлеу» және «Тамақ және парфюмерлік, косметикалық өнеркәсіпке арналған шөлдік цистанхе өнімдерін өндіру технологиясын әзірлеу» атты екі ғылыми жоба коммерцияландырылған. Өндіріс орындары, кәсіпкерлер ғылыми жаңалықтарға қолдау жасап, ғалымдарға мүмкіндік берсе деген ұсынысымыз бар және бұл ойымды әрдайым айтып жүремін. Себебі ғылым тек қана мақала, монография немесе диссертация үшін дамымайды. Оның негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижелерін өндіріске енгізіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға нақты үлесін қосу. – Жақында Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруды құзырлы мемлекеттік органдарға тапсырды. Осы бағытта өңірлік университет қандай нақты жұмыс атқара алады? – Университеттің негізгі мақсаттарының бірі – жастарды өмірге дайындау. Яғни оларды негізгі мамандықты игерумен бірге шағын және орта бизнеспен айналысуға бейімдеу ерекше орын алады. Мысалы мен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының жанындағы бизнесті қолдау конкурстық комиссиясына соңғы 5 жылда төрағалық еттім. Комиссияның шешімі бойынша облыс кәсіпкерлеріне «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы гранттар бөлінеді. Өкінішке қарай көптеген қатысушылардың кәсіпкерлік мәдениеті өте төмен. Өз жобаларына байланысты нақты жаңалығын, бизнес-идеясын, еңбек нарығындағы бәсекелестігін, қосымша жұмыс орындар ашу арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға қосатын үлесін нақты айта алмайды. Сондықтан да біз бүгінгі жастарымызды мектеп, колледж, университет қабырғасынан бастап кіші және орта бизнеспен айналысуға дайындауымыз қажет. Бүгінде бизнес экономистерін емес, бизнес инженерлерін дайындау аса өзекті болуда. Себебі әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін инженерия саласынан шыққан жас кәсіпкерлер қалаған. Мысалы Марк Цукерберг Facebook-ты 19 жасында, Билл Гейтс әлемдік ақпараттық технология саласында үлкен жаңалық болған «Microsoft»-ты 20 жасында, Стив Джобс «Apple» компаниясын 21 жасында құрған. Яғни бүгінгі жастарымыз бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білу керек. – Махметғали Нұрғалиұлы, қос білім ордасы бірігіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті атанған оқу орнының ендігі жоспары ауқымды екені анық. Болашаққа деген бағдарларыңызға кеңірек тоқтала кетсеңіз? – Әрине алдағы мақсаттарымыз, жоспарларымыз жетерлік. Ғұлама ғалым, тарихшы, саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, ақын Мұхаммед Хайдар Дулати атын иеленген оңтүстік өңірдегі іргелі оқу орны бүгінгі күні өрісі кеңейіп, бұрынғыдан беделді, бұрынғыдан еңселі білім ордасына айналды. Ең басты мақсатымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлау. Осы жолда жұмыстарымызды жетілдіруіміз керек. Ғылым шекарасын кеңейтіп, байланысымызды арттыра түсуіміз қажет. Халқымыздың ұлы ғалымдарының бірі Әлкей Марғұланның «Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу – өрлеу де болмас еді» деген өте орынды сөзі бар. Яғни, үздіксіз білім алудың, оқудың арқасында ғана өсу мен өрлеу болмақ. Бүгінде университетте 20 мыңнан астам студент, магистрант пен докторант білім алуда. Бірігу әрине оңай жұмыс емес. Түрлі пікірлер, қолдау да, қарсылық та болары заңды құбылыс. Алдымызда қыруар жұмыс, жаңа міндеттер тұр. Ауқымы кеңейген білім ордамыздың атқаратын жұмысы да артты. Ғылымның дамуына үлкен күш сала түсуіміз керек. Ғылымға бет бұрған жастарды қолдап, қанаттандыру да үлкен міндет. Жас ғалымдарымыздың ашқан жаңалықтарын өндіріске енгізу, сол жаңалыққа деген кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыру, өндіріс орындарынан қолдау табу үлкен еңбекті қажет ететін жұмыс. Қысқасы, өңірлік университет бұл тұрғыда аймақтың ғылым саласындағы драйверіне айналуы қажет. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ мақсатта алға ұмтылсақ жақсы нәтижеге жетеріміз анық. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз