дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 23:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Рухани жаңғыру» – ой-сананың кемелденуі»

«Рухани жаңғыру» – ой-сананың кемелденуі»
ашық дереккөзі
«Рухани жаңғыру» – ой-сананың кемелденуі»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шыққалы елде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып, жемісті жобалар жүзеге асты. Тарихымызды танып, рухымызды оятуға бағытталған тетіктерде іске қосылды. Нәтижесінде қарашадағы қара үйге қарайласар азаматтардың қарасы көбейіп, ауыл тіршілігі түлесе, студент жастар әлемдік озық оқулықтарды қазақ тілінде оқи бастады. Айта берсек мұндай мысал жетерлік. Осы орайда облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Зарина Қуатовамен сұхбаттасудың сәті түсіп, байыпты бағдарламаның өңірдегі аяқ алысы жайлы тілдескен едік.

– Зарина Пердыбекқызы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асқанына 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында аталмыш бағдарлама елімізге не берді деген заңды сұрақ туындайтыны анық... – Еліміз жаңадан Тәуелсіздік алғанда «алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидасын берік ұстанды. Сондықтан халықты тығырықтан шығару, экономиканы тоқырау жылдарынан аман-есен өткізу, халықаралық аренада сыртқы саясатты орнықтыру секілді бағыттар алға шығып, шыны керек, мемлекет рухани мәселеге мән бермеді. Оның үстіне көпшілік күнделікті тіршілікті күйттеп, бала-шаға, қара қазанның қамымен базар жағалап кетті. Ғалымдардың барлығы жаппай өз саласынан кәсіпкерлікке кетіп жатты. Былайша айтқанда халықтың руханиятты ойлауға мұршасы болған жоқ. Сол аралықта әлемдік жаһандану дәуірі басталып, технологиялар дами түсті. Оның ішінде интернет, ондағы әлеуметтік желілер арқылы біз өзге елдің менталитетін тез бойымызға сіңіріп алдық. Яғни «Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық» болып қалды. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бүгінгі жаһандану дәуірінде соның ықпалына ілесіп кетпесін деген оймен, осы бағдарламаны қабылдап, дер кезінде халыққа жолдады. «Рухани жаңғыру» не берді дегенге тоқталар болсам, бағдарлама қабылданғалы үш жарым жыл уақыт ішінде мыңдаған жоба жүзеге асты. Ұмыт болған салт-дәстүрді, ұлттық рухты оятып, қайта халықтың есіне салды. Біздің облыстағы «Асарлатып үй салу» жобасының өзі осы рухани жаңғырудың көрінісі. Асар – қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Соның аясында облыс аумағындағы ең мұқтаж деген 120 отбасыға үй салып беру, сонша жанның баспаналы болуы бұл рухани жаңғырудың жемісі. Одан бөлек, мыңдаған игі жоба жүзеге асты. Білім беру, мәдениет саласы, латын әліпбиіне көшу, жастар тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, тарихымызды қайта еске түсіру, тасада жүрген елжанды азаматтардың есімін ардақтаған «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының өзі үлкен бір жетістік. Өйткені біз тек бұрынғы еңбегі сіңген, тарихта қалған азаматтарды ғана білеміз де, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жаңа тұлғаларды көпшілігіміз толық тани бермейміз. Сондықтан осы жоба аясында ел дамуына, қалыптасуына үлесін қосып келе жатқан сан саладағы азаматтардың еңбегі еленіп, елге танылып жатыр. Ол дегеніміз – ертең тарихқа таңбаланып қалады деген сөз. Сол секілді «100 жаңа оқулық» жобасын алсақ, Оксфорд, Гарворд, Кэмбридж сынды шетелдің ең үздік халықаралық университеттерінде оқытылатын оқулықтарын қазақ тіліне аудару қолға алынды. Экономика, саясаттану, тіл білімі, одан бөлек дінтану сияқты барлық саладағы әлемнің ең мықты деген ғылыми еңбектері «100 жаңа оқулық» бағдарламасына енгізіліп, оның 88 аталымы бүгінде аударылып бітіп, Қазақстанның барлық оқу орындарына, кітапханаларына таратылды. Енді кез келген қазақ тілді студент әлемнің үздік оқулықтарын аударып, не орысша нұсқасынан оқып әуре болып жатпайды. Одан бөлек «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Түлектер» деген жоба қолға алынды. Туған жерінен түлеп ұшып, сан салада еңбек етіп, елге танылған азаматтар, кәсіпкерлер өзінің туған ауылының көркеюіне өз үлесін қоссын, қаржылай да, рухани тұрғыдан да көмек берсін деген Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай көптеген ел азаматтары өзінің кіндік қаны тамған жерге қол ұшын созып, біреуге үй алып беріп немесе мешіт, спорт кешендерін соқтырып жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген тағы арнайы жоба бар. Мысалға бізде киелі жерлер жетерлік, бірақ, осы уақытқа дейін оның арнайы картасы жасалмаған. Жобаны іске асыру барысында Қазақстанның киелі жерлерінің картасы сызылып, оған біздің облысымыздан 35 нысан еніп, республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарынан орын алды. Оларға ерекше мән берілді. Электрондық маршруттары жасалған. Арнайы мобильдік қосымшаны смартфоныңызға орнатып, тарихи нысан қай жақта орналасқан, оған қалай баруға болады, қандай кереметтігі бар дегендей ақпараттарды алдын ала біле аласыз. Ол арқылы ішкі туризмді, жалпы туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол. – Бұқаралық ақпарат құралдарынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының игіліктерін көріп-біліп, танысып жатырмыз. Өзіңіз де барынша түсінікті етіп айтып өттіңіз. Дегенмен өңірдегі бағдарламаны барынша жүзеге асыруда «әттеген-ай» дегізген тұстары болды ма? – «Әттеген-ай» дейтін бір ғана нәрсе болды. Көпшілік бұл бағдарламаның атауын өздері түсінбей, терең мән бермей, кез келген іс-шараға «Рухани жаңғырудың» эмблемасын қойып, қадірін қашырып алды. Сондықтан мен өзім осы қызметке келе сала басымдықты санға емес сапаға беруді көздеп, жөн-жосықсыз іс-шараларға шектеу қойдым және осы «Рухани жаңғырудың» эмблемасын кез келген іс-шараға қоюды тоқтаттым. – Өзіңіз айтып өткендей, көпшілік әлі күнге дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын, мақсат-мүддесін аса түсінбейтін секілді. Бір ауыз сөзбен айта кетсеңіз, жалпы, рухани жаңғыру дегеніміз не? – Рухани жаңғыру дегеніміз – ол сананың жаңғыруы, яғни өзіңнің ұлттық құндылықтарың мен ұлттық болмысыңды ұмытпай, күнделікті өміріңде қолдана отырып, замана ағымына ілесу. Рухани жаңғырамыз деп, ұмыт болған ұлттық салт-дәстүрлердің бәрін жаңғыртып алып, бәріміз қазақша киім киіп, киіз үйде дәл бұрынғыша өмір сүру керекпіз деген сөз емес. Әрине ұлттық киімге деген құрмет өшпейді, бірақ замана көшіне ілесе алмаған көнерген салт-дәстүріміз сол қалпында қалады. Мәселен қазаққа тән қонақжайлылыққа байланысты аса ысырапшылдыққа жол бермей, үнемшілдікке баса назар аудару арқылы шетелдің тәжірибесін қолданып, бірақ тарихымыз бен ділімізді, тіршілігімізді заманауи озық үлгілермен ұштастырып, бәсекеге қабілетті болу, білімді болу – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты көздегені. – Басқа елдерде, әсіресе пост кеңестік елдерде мұндай бастама қалай жүзеге асып жатыр, халқының рухын оятуда қандай жұмыстар атқарылды деген мәселемен салыстырмалы түрде зерделеу жасалды ма? – Қырғызстан, Өзбекстан елдері тәуелсіздіктерін алғаннан кейін де экономикасымен қатар руханият жағына көңіл бөлуді тоқтатқан жоқ. Мәселен Өзбекстан тәуелсіздік алған соң бірден латын қарпіне көшуді бастап кетті. Сондай-ақ Қырғызстан көптеген салт-дәстүрін патенттеуді қолға алды. Оның өзі рухани ерекшеліктеріне аса мән берудің бір белгісі ғой. Одан кейін Қырғызстан да, Өзбекстан да туризмді дамыту арқылы бүкіл әлемге өзінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өзінің ұлттық құндылығын паш етіп отыр десек болады. Ол елдерде осы ішкі туризмді дамыту өте жақсы жолға қойылған екен. Туризмді дамыту дегеніміз, ол тарихыңды таныту, өзіңнің ұлттық ерекшелігіңді дәріптеу. Шетелдіктер соны көруге келеді. Сондықтан бұл тұрғыда Қырғызстан, Өзбекстан тәуелсіздік жылдарында руханиятын дамытып, тынысын кеңейтуді тоқтатқан жоқ. Бұған қосымша «Рухани жаңғыру» бағдарламасына әдістемелік көмек көрсететін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған. Осы мекеме батыс пен шығыстағы өзге мемлекеттерде, пост кеңестік елдерде бұл бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр деген мәселемен біраз зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Анықталғандай жалпы рухани жаңғыру бағдарламасы, ұлттық сананы жаңғырту жобалары барлық елдерде бар. Мәселен қарқынды дамып, Азияның барысына айналған Сингапурда білім беру, ғылым шарықтап кетті. Ол жақта медиа саласына да қатты көңіл бөліп жатыр екен. Атап айтсақ Сингапур елінде ақпаратты қолдау орталықтары көптеп құрылған. Ондағы мақсат – әлеуметтік желідегі ақпараттың халыққа дұрыс жетуін қамтамасыз ету. Яғни халқының ақпаратты дұрыс қабылдау сауаттылығын арттыру жаппай жүргізілуде. Әлеуметтік желінің дамығаны соншалық, бұл сананың өзгеруіне әсер етуде. Сондықтан Сингапур билігі ел азаматтарына желідегі ақпаратты дұрыс қабылдауды үйретуді мықтап қолға алған. Міне бұл бағдарлама әр елде өзінің қажеттілігіне қарай түрлі бағытта дамып жатыр. – Облыста қазір сіз жетекшілік етіп отырған «Рухани жаңғыру» жобалық офисінен бөлек Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бар. Осы екі мекеменің функциясы бірдей емес пе? Жалпы бір-бірлеріңізбен байланысып, бірлесе жұмыс істейсіздер ме? – «Рухани жаңғыру» жобалық офисі Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен барлық өңірлерде құрылған. Ал енді аталған орталықпен функциямыз бірдей емес. Біз облыста 30 мекеменің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы атқаратын жұмысын, өткізетін іс-шараларын үйлестіреміз, қадағалаймыз. Ал Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жанынан құрылған. Олар негізінен өңірдегі тарихқа, руханиятқа қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысады. Десе де ол орталық та «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып тұрады. – Жоғарыда қысқаша тоқталып өткен «Асарлатып үй салу» жобасы жайлы кеңірек айтып өтсеңіз. Талай отбасыға қуаныш сыйлаған бұл бастама келер жылы да жалғаса ма? – «Асарлатып үй салу» жобасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тарапынан қолдау тапқан үлкен жобалардың бірі. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 123 үйдің кілті табыс етіледі. Алдағы уақытта да жалғасын табады. «Асар» деген ұғым қазақтың бұрыннан қанына сіңген, күнделікті тіршілігімен астасып жатқан дәстүр ғой. Біз бала күнімізде ағайын-туыстарымыздың үйіне егін егісіп, кейін оны асарлатып жинауға көмекке баратынбыз. Үй тұрғызып жатса әкелеріміз бен ағаларымыз кірпішін құйысып, төбесін жабуға жұмылатын. Бірақ соңғы жылдары бұл үрдіс халық санасынан шығып, әркім өзімен-өзі болып кетті. Міне осы қазақтың бойына сіңген игі дәстүрді қайта жаңғырту, елдің бірлігін арттыру, қамқорлығы мен жанашырлық сезімін ояту мақсатында осы жоба ұсынылған еді. Облыс басшысының қолдауымен өңірге тарады. Қазірдің өзінде «Келесі жылы кімдерге үй соғылады?», «Биыл қандай қиыншылық, кедергілері болды?», деген мәселелер төңірегінде кеңесу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы қанша үй соғылатыны жылдың басында белгілі болмақ. – Зарина Пердыбекқызы, енді жобалық офистің алдында тұрған келер жылғы міндеттер мен межелер жайлы айтып, сұхбатты қорытындыласақ... – Әлемді әбігерге салған пандемия рухани құндылықтарымызды қайта қарап, өмір сүру салтымызды басқаша етіп қалыптастыру керек екеніне көзімізді жеткізді. Мысалы өздеріңіз көріп-біліп жүргендей жаһанданудың лебімен әлемде материалдық құндылықтар руханияттың алдына шығып кеткен болатын. Бірақ пандемия кезінде материалдық құндылық адамдарды бір-бірімен жақындастырмайтынын, тіпті ешнәрсе сізге кепіл бола алмайтынын көрсетті. Өзіміз көрдік, ел басына күн туған кезде адамдардың бірлігі, бір-біріне деген жанашырлығы ғана қиындықтан бірге құтылуымызға сеп болды. Мысалы «Біз біргеміз!», «Жақыныңа жанашыр бол!» акциялары халықтың тығырықтан шығуына, бірге болуына жәрдемдесті. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақтың, жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін кезекті рет дәлелдеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алдағы уақытта ұлттық жаңғыру бағдарламасына айналады. Келесі жылғы біздің жоспарымызда облыста үлкенді-кішілі жүзден астам жобаны жүзеге асыру бар. Оның ішінде тек қана біздің офис ірі-ірі деген оншақты жобаны жүзеге асырамыз. Басымдықты жастар тәрбиесіне береміз. Мысалға алатын болсақ, қазіргі мектеп оқушылары үшін өмірлік дағдыны меңгеру аса қажет болып тұр. Өйткені қазір әлеуметтік желінің дамып кеткен, технология дәуірінде қазіргі жастарымыз өмірлік дағдыға бейімсіздеу болып өсіп келе жатыр. Сондықтан «Прогресс» деген жоба арқылы жастардың күнделікті өмірге бейімделуіне күш салмақпыз. Аталмыш жоба аясында бір мектептің жоғары сыныбы тәжірибеге алынады. Ол жерде сыни тұрғыда ойлау, дұрыс шешім қабылдау, риторика секілді дағдыларын дамытып, яғни теория мен практиканы бір-бірімен астастырып, оқушыларды үлкен өмірге дайын тұлға ретінде дайындауды көздеп отырмыз. Одан бөлек пандемиядан аман-есен өтіп, карантин шектеулері тоқтатылса оқушыларға арналған «Көшбасшы» ұлттық лагерін қолға алмақшымыз. Осы секілді жобалар көп, бірақ басымдық жастар тәрбиесіне берілмек. – Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар