сенбі, 23 қараша, 2024 8:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тұңғышбай Жаманқұлов: «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың»

Тұңғышбай Жаманқұлов: «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың»
ашық дереккөзі
Тұңғышбай Жаманқұлов: «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың»
– Аға, алғашқы сұрағымды өткеннен бастағаныма, ренжімеңіз! 2017 жылы үстіңізден қылмыстық іс қозғалып, «Феникс» фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты деп айыпталдыңыз. Бұл іс бойынша сотқа тартылған тоғыз адам да айыпты деп танылып, бәріне шартты жаза кесілген еді. Бүгін осы мәселенің жай-жапсарын тарқатып берсеңіз. – Біріншіден шартты жазаның мерзімі бел ортасынан қысқартылып, баяғыда тоқтатылған. Ешқандай кедергі жоқ. Қолдан жасалған трагифарс қой. Фильм  түсіруге бір жылдан астам уақытта құқық органдарында жүрген жандайшаптар  аз-аздап бөлінген қаржыдан бар-жоғы 69 миллион теңгені «жымқырды» деп емес, ысырап қылып жұмсады деген айып ойлап тапқан болатын. Құдайым-ау, соның бәрін түгелдей жұтатын мен соншалықты қолтырауынмын ба, әлде есуас, жындымын ба? Мемлекеттік жоспарға енгізуге өзім септігім тиген «Феникс» фильмінің есеп-қисабында, ешбір қаржылық құжатында шаруам болған емес, бірде-бір қағазда қолым жоқ. Тек қана басты рөлге түссем деген есек дәмеден басқа! Бір жыл бойына жасалған жұмысымызда тиісті серіктестіктермен жасалған келісім-шарттар, фильм төңірегінде отызға тарта қызмет істеген мамандардың жыл бойғы жалақысы, үкіметке төленетін міндетті салықтар, жер-жерлерге жасалған іссапарлардың қаражаты, Қазақфильмге тиесілі аппарат-құралдар алғанымыз үшін төленген сома сол 69 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, бізге түскен қаражаттың 15 пайызын құрайтын  бөлігі киностудияның өз ақысына аударылатын. Аталған жұмыстарға кеткен  44 миллион теңгенің есеп-қисабы “Қазақфильмнің” тиісті мекемесіне тапсырылып, мөр басылған-ды. Қалған 35 миллион теңгенің есепті құжаты дайын болып, өткізілер тұста, министр А.Мұхамедиұлының жасырын пәрменімен қабылданбай, студияның бухгалтериясында жатып қалған. Айтпақшы, ол пәрмен келмей тұрып, Мемлекеттік есеп Комитетіне “Феникс” фильміне осыған дейінгі бөлінген қаражат “толық игерілді» деген ақпарат беріп қойған студияның сужүрек басшылары жүз сексен градусқа жалт бұрылып, әлекке түскен болатын. Осы мәселенің барлығын белден басқан министр, тапсырылып кеткен құжаттарды қайтаруға дейін араласып, бағынышты қызметкерлерінің шат-шәлекейін шығарды. Оны айтасыз, өзі жеке қадағалаумен қаржыполдың, прокуратураның, соттың адамдарын қорқытып, мені тұқыртудың сценариіне дейін өзі ұйымдастырып, минут сайын қадағалап отырды. Алматыдағы ғана емес, бүкіл елдегі театр, киностудия, филармония, кітапханалар, мәдениет пен өнерге қатысы бар мекемелердің бәріне  ашықтан-ашық тапсырмалар беріп, «шоқпарын» сілтеп, мазасын алған. Олардың ешқайсысына фейсбукта, инстаграмда, басқа да ақпарат құралдарында мен туралы «бұл қалай?» деп сұрастырмақ түгілі, тісжармауға дейін қатаң ескертіп, жұдырығын көрсеткен. Төл театрымның сол кездегі директоры болыпп отырған - қағынан жеріген бір қарабет, түн ортасында бүкіл ұжымды жинап ап, «осылай да осылай, дымдарыңды шығармаңдар, әйтпесе құрисыңдар, арттарыңды қысып жүріңдер, атақ ала алмай сорлайсыңдар» деп, екі сағат бойы зәр-имандарын кетіріпті. Туған елім Жамбыл облысына да телефон шалып, «Жаманқұловты құртыңдар, атақ-даңқынан айыру жайында Елбасына хат жазыңдар» деп қаһарына мінген соң, облыстық мәслихаттың жүрегі ұшқан төрағасы он жыл бұрын берілген «облыстың құрметті азаматы» деген сөлкебайын қайтаруға шешім шығарып, жаны жай тауыпты. Ал, атақтарым мен ордендерім Президенттің жарлығымен берілетін болған соң, ол кісіге «өйтіңіз, бүйтіңіз» деуге батылдары бара қоймапты. «Хан екі сөйлемес болар» деген нақылды бір ақылды адам естеріне салған шығар. Тіпті елордадағы бас кітапхананың Үмітхан деген директоры, бұрын өзі ағатай деп жанұшыра сыйлап жүрген өнерпаз ағасының нақақ күйіп жатқан жаны үшін емес, құйрығының астындағы тақсымағының бағы үшін «ойбай, Тұңғышбайды дарға асу керек» деп жар салып үлгерді. Ақылы асқан, айлакер әйел екен, сол тағына әлі жабысып отыр. Кейіндері дәлелденген былықтары үшін тергеліп жатыр деген сыбыс естіп едік, министр қожайыны істі жапқызып тастап, шығарда жанын кіргізгенге ұқсайды. –Тергеу ісі қалай жүргізілді? Қалай ойлайсыз, неге елімізде сотқа сенім аз? – Біздің елде сот бар ма еді?! Рас, соттың шапанын жамылып отыратын, сол шапанды аса жақсы көретін, әділ шешім шығарса, жандары бірге шығатын жамағат бар. Байғұстарды түсінуге болады. Қатын-бала, қара қазанның қамы, екі шоқып, бір қарайтын, жоғарыдағы қасқырдың қаһарына қалмауды ойлаған қарғакөңіл ағайын. Біздің қоғамда бұл үрдіс жүйеленіп, саралы жолы салынып қойған…  олардың бұған ұялып, “не болдық?” деп күйзелуі былай тұрсын, «үйреншікті нәпақа түспесе» астары батпай, нәпіл намаз оқымауға әбден үйреніп, еті өліп кеткен, кермаралдар. «Ойбай өлдім» десең, сені қорғамақ түгілі қарасу татырмайтын тарпаңдар. Жанқалта нәпақасы былай тұрсын, арыда өз ата-бабамыз атой салып, беріде желтоқсанда қан төгіп құрған өз үкіметімізге өз сотымыз үшін төленетін жамбаспұл ақы-жарнасы (пошлинасы) герман соғысынан жамбасына фашистің бомбасынан осколка жабыстырып, әрең  аман келген әкеңнің құнынан қымбат. Менің ойдан шығарылған ойран-ісімнің қасқыры сол Арыстанбек Мұхамедиұлы болды. Аты арыстан болған соң, оған қасқырдың қызметін атқару аса қиын болмады-ау деймін, Өйткені жоғарыда өзін жақын тартатын, жалын сипайтын, көке-арланына өткізіп қойғаны бар екенін білдік. Тергеу материалдарының үтір-нүктесіне дейін тергеушісымақ секунд сайын оған есеп беріп отырғанын да білдік. Ол тергеушісымақтың жөнсіз айыптауларының заңды-заңсызын көздеріне ілмей, аңдып отырған «арыстан» атын жамылған қорқау қасқыр көке-арланға айтып қояр деп алақтап, меншіктеп, бөксеме басқан басқа түк таппай, менің тырнағымның астындағы кірге арест қойып, апыл-ғұпыл санкция берген прокурорды да көрдік. Біз не көрмедік?! Түкке тұрғысыз том-том макулатураға амалсыз мойын талдырып, үңілгенсіп, фарс жанрында өтіп жатқан процесте біздің бетімізге тура қарай алмай, ойдан құрастырылып қойған, бірді бір нақты дәлелге сүйенбеген айыптауға, қасқыр тапсырған ұятты үкімін бетімізге қарай алмай, қағазға оқып қара жер болған қауқарсыз сотты да көрдік. Осының бәрі менің желтоқсанда қаным төгіліп, қасиетті сахнадан Абылай боп атой салған, есепсіз, ессіз сүйген өз елімнің министрі, тергеушісі, прокуроры, соты өзегімнен тепкенде, әрине, қор болдым. Тышқақ лақтай құным жоқтығына қапа болмағанда, қайтушы едім?! «Аққа – құдай жақ» деген бос сөз екен. Ол қадіріңді білетін елде айтылған сөз екен. Ер қадірін білесің елің барда  айтылатын сөз екен… – Қазақстанда адвокаттар қызметінің құны жоғары екені белгілі. Бағасына қызметі сай адвокат табу қаншалықты оңай немесе қиын? Сіздің ісіңіз бойынша айналысқан адвокаттар туралы не айтар едіңіз? – Ой, шырағым, бұл да үлкен жыр. Адвокаттар үшін біз тек клиент екенбіз. Әрбір араша сұраған шерменде олар үшін – гонорар. Жаны ауырып, жанын салып жұмыс істейтін адвокат өте аз. Менің төрт адвокатым болды. Мені танымайтын адам кемде кем ғой, обалы не керек, мені сыйлағандықтан жандарын салуын салды-ау. Бірақ елімізді езіп, еңсеріп отырған мына жүйені жеңе алмайтынын олар жақсы біліп отырып, саған сондай бір мұңлы көзін сүзгенде, жаныңды қоярға жер таппайсың. Біріншісі, менің бір шәкіртімнің анасы, тәжірибелі адвокат екен, істі болып көрмеген соң бұрын білмеппін, теледидардан хабар ести салысымен, өз еркімен жанұшыра араласты. Екіншісі, бауырларым жалдаған қаржы тілін білетін адвокат болды. Үшіншісі сонау қайын жұрт Жетісайдан ат арытып келген Еркін деген азамат. Жағдайымды естіп, өз еркімен келді. Ол болса, бір-екі процестен кейін, «сіздің Алматыда заң жоқ екен, мынау белден басу ғой, сұмдық қой!» деп түңіліп, өз елім, өзегім Жетісайым қайдасың деп еліне, Жиделі-Байсынға  тартып кетті. Төртіншісі, сот, прокурор, тергеушілердің бәрін де дерлік танитын, орта жастаға әйел адам болатын. Сот отырыстарында, тергеушілердің мені алдағанын, зорлап таңылған, дәлелсіз айып деп жыларман болғанына сот пысқырған да жоқ. Тапсырыс! Жасалған жұмыстың бір жылғы видео көріністерін екі жарым сағат тамашалаған сот селт ете алмады! Тапсырыс! Төртеуі де жандарын салып жабылды. Алайда қорқау қасқырдың қауқары бас білдірмей-ақ қойды! Тапсырыс! Қайтеді?! Кейіндері кездесе қалған, құдайға қараған бірді-екілі прокурор: «аға, сіздің іс саяси болып кетті ғой, көке-арланмен алысуға дәрмен жоқ, амал не..» деген күрсініс-өкініштерін жасырған жоқ. -Осыған дейін басыңызға күн туғанда жаныңызда жүрген жандардың сатып кеткенін айтқан едіңіз. Қазіргі күні әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай? – Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Өштігім жоқ, тек аяймын, жаным ашиды. Әлгі қорқаудың екпіні мен тепкісінен адамдығынан айрылғандар әлі де ара-тұра жер басып жүр. Киноның көкірегі кере қарыс режиссерімін дейтін, (атын атағым жоқ) бұрынғы досым бас болып, он төрт адам қорқаудың “жүйелі жұмысына” көмектесіп, «Феникс» фильмінің алдын-ала дайындық жұмыстары (әсілі біз әлі нағыз түсіру жұмыстарына кіріскен де жоқ едік, бекітілген смета бойынша алдын-ала дайындық қана басталған) дұрыс жүрмей жатыр» деп, сотқа бағышталған домалақ қағазға қол қойыпты. Сол арызға ден қоятындай, фильм түсірудің машақатын толық білетіндей, киногерлерді күнде соттап, кәнігі болған сот екен де бұлар… несін айтайын, амал не?… Кезінде бар абыройымды ортаға салып, қиын жылдары басшы болып, құлап жатқан қабырғасын, сорғалап су ағатын төбесін өкіметте ақша жоқта есебін тауып жөндеген қарашаңырағым… Ұжымның қырық сегізін баспаналы еткен, оншақтысына атақ әперуге септігім тиген, тіпті біраз жастарын әскерге жібергізбей алып қалған, басты рөлдер беріп, бағын ашқан әріптес-сіңілерім…  Қолына су құйып ағалаған, ақсақал деп алдыма қойған сары тістілерім де “бұларың қалай” демеді… әйтеуір аман жүр. Бата беріп, бәтуа айтар деген үлкендерім үнсіз қалып еді,  кейіндері өлең-жырларын жатқа оқыған ақын-жораларыма қосылып, әлгі қорқаудың ұйымдастырған прес-конференциясында салқын, сатқын сөздерін селдеткен, сұрқиялықпен көз жасын көлдеткен «көлді бүлдірер» көген көздерім де бүгіндері күліп-ойнап жүр… Баяғыда ресейлік бір адмиралдың «азғын ат айдаушылар мен арзан артистерге дауа жоқ,  аулақ жүріңдер, олар салдақылығын қай заманда да, қай қоғамда да жасай береді» дегенін қарадай күйініп мойындаймын. Өзім де сол ауылдан екенімді ойласам, екі қолымды төбеме қойып қаңғырып кеткім келеді. – Бүгінде немен айналысып жатырсыз? – «Өлмеген құлға құдая, болып  қапты-ау міне жаз» демекші, немен айналысушы едім?! Сол баяғы тірлік, тіршілік. «Бақсы кеткен, жын тараған»… Қазақстанның 56 театрының қамын жеп, қамрығып жүрген жай. Білесіз, мемлекет басшысына кіріп, аз да болса, айлықтарын көтертуге септігім тиді. Қоғам алдында әріптестерімнің бағасын қымбаттату жайлы жар құлағым жастыққа тимей, зарлаймын, айтамын, жазамын. Шәкірт даярлаймын. Қойылымдар қойып, режиссерлік етемін. Мәдениет пен өнерді былғаған бұрынғы министрдің былықтарын жоюды тиістілерге айтамын. Алайда, өңменіне құм түгел құйылмаған қорқаудың ырылы әлі естіледі. – Әлемдік пандемияның әсері қазақ қоғамына қалай әсер етті? Қандай сабақ берді деп ойлайсыз? – Бұл індет қазаққа ғана келгендей… Басқа жұрт  аман сияқты… Өйткені, бетімізбен кеттік, көп күпірлік жасадық. Бір-бірімізді саттық, өтірік күпіндік, тіпті құдайды да ұмыттық. Бұрынғымыздан шатастық, ертеңімізді еске алмадық. Қасиеттен айрылдық, күнде жиын, күнде тойдан көз ашпай, дарақы жұртқа, даңғой ұлтқа айналдық. Елімізде ертең келер сынаққа даяр болатын медицина жоқ екені, шені мен шекпенге ғана құл болған шенеуніктер жайлаған шерменде ел екеніміз көзімізге шұқылды. Жігіт намыссыз, ынжық, қыз ұятсыз бұзық екенін білсек те, шөп басын сындырмай сергелдең өмір серуенінде жүргенімізді әлі ұқпайтын ұлтпыз. Айт не, айтпа не? «Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес» деп, Абай хәкімнің айтқаны - айтқан жерінде қалып,… сарайға ақындық, диванда батырлық жасағанға, ішкен тамақ пен киген киімге мәзбіз. Екі тесіктің құлымыз. Пандемияның парқы осындай сияқты… –Актердің өкініші не? Неден қорқады? – Өкініш көп… Құдай кесірінен сақтасын, кейде осы кезеңде бұл өмірге келгеніме өкінем… Жоғарыда зарлағанымдай, заманым мен қоғамым жайлы запыран шектіретін, алайда көз жасы көрінбейтін, адам қатарына саналмайтын, сөзі өтпейтін өнер еліне келгеніме өкінем…. Алайда, несіне өкінем?! Жарық күннен артық не қызық бар, оны таң атқан сайын қарсы алатыным бақытым емес пе?! Бақытымды басқа теппейін! Тоба қылайын. Бәрі орнына келер. Үмітсіз – шайтан деген… Бұлай бола бермес. Құдайдан ғана қорқам… Басқа ешкімнен!  Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы zanmedia.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар