"Қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады": Мәшһүр Жүсіп 2021 жылға қандай болжам жасап кеткен?
- авторjambylinfo.kz
- 5 қаңтар, 2021
- 750
Ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлер алдындағы айтқан болжамы туралы желіде қызу талқылап жатыр. Әулиелік дарыған Көпейұлының болжамы бойынша сиыр жылы халыққа жайлы, ел аңсаған басшы келіп, жақсы өзгерістер болатын көрінеді. Мәшһүр Жүсіп өлерінің алдында болашаққа тағы қандай болжам жасап еді?
Өзінің өліміне 10 жыл қалғанда 1921 жылы Мәшһүр Жүсіп бар туыс-тумасын жинап, бір жерді анықтап көрсетіп: "Менің мазарымды осы жерден қазыңдар. Мені жатқызып емес, отырғызып жерлеңдер. Әлсін-әлсін хабар алып тұрыңдар, менің денем 40 жыл бойы бұзылмай сақталады" деген екен.
Мұның себебін сұраған ауылдастарына: "Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беріп, жаназа намазымды оқытпақ түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер", – деп 1931 жылғы ашаршылықты күні бұрын болжаған екен. Расында сопы жан тапсырған соң әлсіреген туыстары әулиенің мәйітін дайын мазаратқа әрең апарып жерлейді.⠀
Содан соң әулие Мәшһүр Жүсіп сөзін былай деп жалғайды: "Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін елді 30 жыл ұры-қарылар былықтырады. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады" деп болжаған екен.⠀
Әулие Мәшһүр Жүсіптің 4 болжамы орындалып кетті.
Олар: өзінің өлімі, ашаршылық, 70 жыл атейстік компартия, 30 жыл ұры-қарының билеуі.⠀
Енді бесіншісі бейбіт, бейқам заман 2021 жылдың соңына келіп тұр екен. Билікке адал сүт емген, халқына қайырлы басшылар келеді деп болжаған екен.
Философия, саясаттану және дінтану институты мамандары дайындаған "Мәшһүр Жүсіп Көпеев" жинағында оның әулиелік қыры мен болжамы туралы кеңінен айтылған.
Өзі өлерден бір жыл бұрын, яғни, тірісінде өз зиратын өзі қаздырған Мәшһүр Жүсіп: "Мен өлгеннен кейін ...жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ... Көпейұлы Жүсіпке Құдай рахмет айтасың. Маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына "тұрымтай тұсында" заман болады. Мен көрмеймін, сендер көресіңдер", - деп айтса керек. Дана бабаның "маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына "тұрымтай тұсында" заман болады" деген сөзі тұтас бір халықтың тоз-тоз болып кетуіне әкеп соққан 1930 жылғы Орталық комитеттің "Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылуына көмек шаралары туралы" қаулысын меңзеп тұрғандай.
1930–1932 жылдары Қазақстандағы әйгілі ұлы жұт, аштық жайлағаны мәлім. Осы аштықтың салдарын көре білген Мәшһүр Жүсіп бір жыл бұрын өзінің асын бергізіп, жаназасын оқытып, жоқтау айтқыздырған.
Бұл жайында ақын Дихан Әбілев естелігінде: "Біз барғанда Мәшекең болашақ мовзолей-зиратының астыңғы қабатынан лайықталатын бөлме - өзі жататын орнын қазып жатқандардың қасында тұр екен. "Қазыңдар! Терең қазыңдар! Мәшһүр қашып кете алмайтындай етіп қазыңдар! - деп сылқ-сылқ күлді де, - Кең қазыңдар! Он-он бес адам сыятындай кең болсын. Кірпіштері берік қалансын", - деген көрінеді.
Тірлігінде ұры-қарылардың, озбыр, қиянатшыл, аюмінез әкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілмен қылыштаған Мәшһүрдің шатағы аз боп па? Тірімде тістері батпаған сол сойқандар мен көз жұмғасын өш алуға үстімнен арыз жаудырып, Мүңкір-Нәңкірге тергеттірмей қоймас. Сонда менің мұндағы дұрыстығымды қорғауға бірнеше періштелер келер. "Кең қазыңдар" деп Мәшекең сылқ-сылқ күліп тұрады екен.
Мәшһүр Жүсіп 1931 жылы 27 қарашада қайтыс болған. Бейіті 2 бөлмелі үй түрінде салынған. Төргі үйінде шкаф тұрыпты, ондағы екі қатарда араб-парсы тілінде жазылған 60 кітап жиюлы тұрған. Шкафтың үстінен тірі күнінде қолданған ер-тоқым орын алыпты. Үйдің оңтүстік жақ қабырғасында қойдың 40 кәрі жілігі ілулі тұрыпты (діни жолмен қарағанда, 40 жілік күзетші болу керек). Осы төргі үйдің астын биіктігі 2 метр, ұзындығы да сондай өлшемде терең етіп қаздырған екен. Мәшһүр Жүсіптің денесі осы айтылған жерде жатыпты. Сақал-шашы сол қалпында, денесі сары екен. Тірі күнінде толық адам болған болу керек. Кейде сүйегі өте көтеріңкі, іші аздап қабысыпты. Сол жақ аяғы кішкене семіңкірейін депті, өйткені сол аяғының өкшесін (етін) бірдеңе жеген сияқты.
Ауыз үйде түрлі ыдыс-аяқтары тұрыпты: самауыр, шыны аяқ, тәрелке, ақ шәйнек, қасық, суқұйғыш, ет салатын ағаш табақ, тайқазан, оқтау, орамал, тұз, үгулі насыбай, балта, күрек, шымшуыр, шелек, сыпырғыш, пышақ, қайрақ, біз, дойбы, ара темір, кекпір. Осы заттардың барлығы биік үстелдің үстінде жиюлы тұрған. Келген-кеткен жолаушылар тамағын істеп ішіп, әлгі заттарды пайдаланып, қайтадан орнына жуып-тазалап қояды екен. Ауыз үйдің төр жақ қабырғасында ұзыны мен көлденеңі жарты метрдей жұқа тас ілулі тұрған. Бұл тас бейіт салатын жерді қазып жатқанда табылыпты. Сол тасқа Мәшһүр Жүсіптің өзі "Жетпіс үшке жеткенше балталаса да өлмеймін, жетпіс үштен әрі сүйресең де бармаймын" деген сөзді жазып, "мен өлгеннен кейін іліп қойыңдар" деп тапсырған.
Атамыздың кесенесі 1977 жылы жаңартылды. Ал 2006 жылдың күзінде қазіргі кесене ашылды.
Әулие бабамыздың денесі 21 жыл ашық жатқан
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы - әулие атанған қасиет иесі. Ол кісінің әулиелік қасиетіне қаншалықты мән берілді?
"Мәшһүр Жүсіп – халқымыздың рухани жебеушісі, кейінгі ұрпақ тәу етер қасиетті әулие. Десек те, біз көбіне "әулие ғой" деумен шектелеміз де, әулиелігі жөнінде көп айта қоймаймыз. Мәшһүр Жүсіп "Өлеңмен берілген аят" атты өлеңінде әулиеден медет тілеп, бата алғандығы туралы баяндайды. Жалпы, шығармаларында "Ғаусыл Ағзам, сенен медет", "Хазіреті Сұлтан, сенен медет" деген өлең жолдары жиі кездеседі.
Мәшһүр Жүсіптің әулиелігіне байланысты қандай әңгімелер бар?
"Мәшһүр Жүсіп бір күні Баянауылға бармақ болып, жанына баласы Шарапиден мен сүйікті немересі Төлеубайды ертіп, жолға шығады. Бозбай деген жерден аса бергенде немересі "шөлдедім" десе керек. Сонда Мәшһүр Жүсіп: "Алдымызда көрініп тұрған үйге барайық, сонда сендерді бір ауқаттандырып алайын", – дейді. Үйге тақай бергенде 12–13 жаста немересі: "Ата, біздің алып шыққан тамағымыз жоқ қой", – дегенде, қасиетті бабамыз: "Қазір не көрсеңдер де үндемеңдер, ештеңе сұрамаңдар", – деп, балаларын төбесі құлаған екі бөлмелі үйге алып келеді. Өзі бірінші боп кіріп, жерге жайғасып отырады. Атты байлап, соңынан балалары да кіреді. Сол уақытта атамыз бір дұғаны оқи бастайды. Кенет өзінен-өзі алдарына дастархан жайылады. Ұстап келе жатқан тірі жан көрінбесе де, ет салынған табақ, әртүрлі тағамдарға толы ыдыстар келіп дастарқанға қойылады. Атамыз жақсы көретін өрік-мейіз де бар. Шай құйылған кеселер келіп, босаған ыдыстар жоғары көтеріліп, ауамен қалқып есіктен шығып кете береді. Олардың қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын түсінбеген Төлеубайдың қорқып, дұрыс тамақтана алмай отырғанын сезген Мәшһүр Жүсіп: "Қорықпай ішіп-жеп, тойып алыңдар", – деп, көңілі қалағанын жеп отыра берді. Тамақтанып алған соң Мәшһүр Жүсіп тағы бір қысқа дұғаны оқығанда, алдарында жаюлы тұрған дастарқан көзден ғайып болады. Ал жолда балаларына: "Жаңа ештеңе ұқпаған боларсыңдар, бізді тамақтандырған жын-перілер ғой", – депті.
Мәшһүр Жүсіп жын-періні өз ырқына бағындыратындай әулиелік қасиетке білімінің арқасында қол жеткізген.
Әулие өзінің өлер уақытын болжап, сол сәтке үлкен дайындық жұмыстарын жүргізген екен...
"Мәшһүр Жүсіптің денесінің 21 жыл ашық жатуы әлі күнге дейін жұмбақ.
Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге: "Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады", – деп өсиет етеді.
Біреулер денесін шірітпейтін арнайы дәрілік шөптер ішкенін айтады. Ондай дәрі болса, басқа әулиелер немесе бақсылар, тіпті байлар неге қолданбады екен? Тіпті топырақтың құнарлығында алға тартатындар бар. Қалай болғанда да, бұл – Алланың әмірімен болған жағдай.
Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылов былай дейді: "Бала кезден есімде (1947–1948 жылдар болуы керек), бейіт ауыз үйден және төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Адамдар қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін.
Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Алдын-ала жағып, дайындап қойған шамды маған "алып бер" дейді. Апарып беремін. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, "былқылдап, жұмсақ жатыр", - деді, сосын тек бақайының тырнақтары түсіп қалғанын айтты.
Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндік Көпеев марқұм да өз естелігінде: "1946 жылы Сәбит Мұқанов келіп, қабірдің ішіне түскен еді. 1950 жылы өзім де түсіп, денесін сипаған едім, сонда жадағай жерде жатса да, біртүрлі хош иіс шығып тұрды. Ешбір құрт-құмырсқа, көрді жайлап алатын сасық күзен, тышқанның ізі білінбеді", - деп жазған болатын.
Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мазарына қызыл өкіметтің жендеттері талай келіп, ішіне кіре алмай немесе жолда ажал құшқан кездері болған. Ал зиратын жермен-жексен еткен хатшы да, оны бұзған адамдар да кейін қарғысқа ұшырап, оңбай кетсе керек. Тіпті ұрпақсыз кеткенін көрген жұрт "әулиенің ісі ғой" десетін.
Мәшһүр Жүсіп өзі қайтыс болғаннан кейін де қазақтың азаптан арылмасын болжап:
Күншілдер көрінгенге қуғын салып,
Ақыры күнәсізге жала болар.
Үлгілі өнегелі салты құрып,
Қаптаған айналасы қала болар, - деп, қуғын-сүргін мен отырықшылыққа көшірудің зардаптарын жырға қосады.
Енді бірде: "Ақиқат жолында жалындап, Алланың жазуымен емес, адамның қолынан қаза болғандардың ғасыр соңында жұлдызы жанар", – деген екен. Демек, Қазақстанда орын алған сталиндік саяси қуғын-сүргіннің бетпердесі ашылып, тұлғаларымыздың ақталарына сенген болар.
stan.kzjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз