сенбі, 28 қыркүйек, 2024 22:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сеңкібай мен Жаңатұрмысқа ауыз су келді

Сеңкібай мен Жаңатұрмысқа ауыз су келді
ашық дереккөзі
Сеңкібай мен Жаңатұрмысқа ауыз су келді

Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған өмірлік маңызы бар ауқымды проблемалардың ішінде, табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Аудан аумағында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып, күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылуда.

Жаңа жыл қарсаңында Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай елді мекенінде және Жаңатұрмыс ауылында су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне ұсынылды.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылысы бастау алған нысанға «Фортис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған болатын. Жалпы сомасы 341 млн. 663 мың 321 теңгені құраған құрылыс барысын «DanAi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық, ал, «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық тұрғыдан қадағалауды міндеттеріне алған.

Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жергілікті жұртты құттықтады.

- Таза ауыз су – денсаулықтың кепілі екені бәріңізге белгілі. Бүгінде, аудан бойынша сегіз елді мекенде осындай жұмыстар жүргізілді. Соның төртеуі биыл ауыз су жүйесіне қосылып, аудан бойынша ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 24-ке жетіп отыр. Биыл Мырзатай ауылдық округіне 500 млн. теңгеден астам инвестиция құйылған болса, соның ішінде, 350 млн. теңгеден астам қаржы осы Сеңкібай ауылына құйылды. Ол қаражаттың 341 млн. теңгеден астамы ауыз су құрылысына бөлінсе, қалған қаржыға осындағы үш көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ауыл халқының табысы көбейе берсін, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді Қайрат Әбілханұлы.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев, ауыл ағасы Әуесхан Байгелов ретімен сөз алып, биылғы жылда ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап шықты. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту ісіне мұрындық болған облыс, аудан, ауылдық округ әкімдеріне шынайы алғыстарын жеткізді. Дәстүрге сай, ауыз су ғимаратының лентасы қиылып, су қондырғысы іске қосылды.

Жалпы, Қостөбе ауылы бойынша су құбыры желісінің ұзындығы 7,2 шақырымды құраса, оған 130 ауладағы тұрғындар таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жалпы құдықтар саны – 103 дана болса, оның ішінде, 21 данасы  өрт гидранттары.

*   *   *

Әрине, су – бар берекенің бастауы. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та белгілі. Осы күні Жаңатұрмыс ауылындағы су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің пайдалануға берілуі тұрғындар үшін жағымды жаңалық болғаны анық.

Аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов жаңатұрмыстықтарды қуанышты сәтімен құттықтады.

- Бүгін Жаңатұрмыс ауылына көптен күткен таза ауыз су келіп жатыр. Ауданда соңғы үш жылдың ішінде бірқатар елді мекендерге таза ауыз суға қол жеткізілді. Менің білетінім, осы ауылда қазіргі таңда 67 үй таза ауыз суды пайдаланып отыр екен.  Сондықтан, ары қарай да басқа үйлер белсенділік танытып, ауыз суды пайдаланады деген үміттеміз. Қуаныштарыңыз құтты болсын, келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын, - деді.

Қалдыбек Мейірбеков, Жаңатұрмыс ауылының қариясы:

-  Жаңатұрмыс ауылында үлкен қуаныш, мереке. Біздің ауылдастар бұл жаңалықты көптен күтіп еді. Егемендік алғалы бері ауыз суға деген қажеттілікке ауыл тұрғындары шыдамдылық таныта білді. Облыс және аудан басшыларының оң көзқарастарының арқасында бүгінгі күні бізге  таза су келіп отыр. Бұл келер ұрпаққа деген қазақ азаматтарының жақсылығы деп білемін. Жаңатұрмыс ауылында 2006 жылы 11 жылдық орта мектеп салынып берілсе, 2018 жылы көгілдір отынға қол жеткіздік. Биыл, яғни, 2020 жылы 2 көшемізге асфальт, орталық көшеге түнгі жарық орнатылды. Ал, келесі жылы «Қажымұқан» көшесі де жарықтандырылады деген ниеттеміз. Сондықтан, аудан басшылығына ризашылық айтамыз.

Ауыз су ғимаратының лентасы салтанатты түрде қиылып, су қондырғысы іске қосылған соң қонақтар ғимарат ішін аралады.

Айта кетейік, екі елді мекенде де жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданып отыр.

 

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар