дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Əлияның Әулиеатада ізі қалған

Əлияның Әулиеатада ізі қалған
ашық дереккөзі
Əлияның Әулиеатада ізі қалған
Ерлік ескерусіз қалмайды. Сұмдық соғыстың сипаты тарихта таңбаланып, ұлт шежіресіне айналды. Қолына қару алып, қан майданға аттанған талай тағдыр жел өтінде оққа ұшты. Əлия Молдағұлованың есімі отқа оранған сол жылдардың жалынынан айбынданып, рухтанып көрінеді. Тарихи деректер бойынша соғыс жылдары елімізден бес мыңнан астам қыз-келіншек қан майданға аттанған екен. Жаны нəзік, бірақ рухы биік олардың ерлігі еріксіз қайран қалдырады. Отаны үшін отқа түссе де күймеген сондай тұлғалардың арасында Əлия Молдағұлова да бар еді. Күрмеуге келмес шағын өмірбаянға сол отты жылдардың шежіресі сыйып кеткен.   Əлия Молдағұлова Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. Əлияның ерлігі талай фильмге, көркем əдебиеттерге арқау болды. Ақын Бəкір Тəжібаев пен композитор Сейдолла Бəйтереков «Əлия» атты əн жазып, кезінде батыр рухын асқақтатты. Тағдырдың да адам өзі сызған шеңбермен жүре қоймайтыны белгілі. Өмірде адамның өзі ойлағанындай болмайды. Тұтас қазақ халқына ортақ батыр қыздың да тағдыр тəлкегі аз болмаған. Əкесі Нұрмұхаммед Сарқұлов бай баласы деп қуғынға түссе, анасы Маржан Молдағұлова мезгілсіз қайтыс болады. Əлия осындай қиын жағдайлардан кейін əуелі Темір ауданындағы Шығырлы ауылында тұратын Қаныша апасының қолында болады. Тəжікен əжесінің де тəрбиесін көрген. Бірақ, тағдырдың жазуымен кейін ол Ақтөбедегі нағашы ағасы Əбубəкір Молдағұловтың отбасына келеді. 1933 жылы Молдағұловтар отбасы Шалқардан сол кездегі Жамбыл қаласының Əулиеата деген шағын станциясына көшіп келген екен. Нағашысы Əбубəкір Молдағұлов Түркістан-Сібір теміржолының үшінші эксплуатациялық ауданы саяси бөлімінің инструкторы болып қызмет істеген. Əлия алғаш мектеп табалдырығын теміржол мектебінде аттайды. Бұл туралы Əлия Молдағұловаға қатысты əдебиеттерде «1933 жылы Əбубəкір отбасымен Əулиеатаға көшіп барады. Сол жерде Əлия мен Сапура (Əбубəкірдің қарындасы) №11 мектеп есігін ашты» деп жазылған. Біз де дерек негізінде Тараз қаласындағы №11 орта мектепке бардық. Алайда, мектеп директоры Гүлбахира Бердімбетованың айтуынша, Əлия Молдағұлова бұл мектепте оқымаған болып шықты. «Бұл мектеп 1937 жылы құрылған. Бірақ, Əлия Молдағұлова бұл мектепте оқымаған. Сол уақытта Əулиеата шаһарында теміржол вокзалының жанында мектеп болған. Əлия сол жерде бір ай ғана оқыған» – деді Гүлбахира Камалқызы. Дегенмен, бүгінде Əлия оқыған мектептің өзі түгілі, орны да жоқ. Енді неге деректерде Əлияның №11 мектептің табалдырығын аттады деп жазылған? Əлия Молдағұлова туралы деректерде 1933 жылы Молдағұловтардың Əулиеатаға көшіп келгені айтылады. Сөйтіп, бірден 1935 жылы Əбубəкір нағашысы Мəскеудегі Əскери-Транспорт Академиясына оқуға түсуіне байланысты, оның отбасы Мəскеуге қоныс аударады делінеді. Арадағы екі жыл уақыт туралы ешқандай мəлімет жоқ. Əулиеата жерінде Əлияның ізі қалған. Бір ай болса да. Бірақ, батыр қыздың Əулиеата жерінде мектепте оқығаны туралы деректер жоқтың қасы. Алайда, №11 орта мектепте Əлия Молдағұлованың ескерткіші бар. Бұл ескерткіш кезінде қала əкімі болған Ілияс Тортаевтың бастамасымен қойылған екен. Бүгінде Тараз қаласында Əлия Молдағұлова атындағы №28 орта мектеп бар. Мектеп 1975 жылы құрылған, 1980 жылы осы мектепке Əлия Молдағұлованың аты берілген екен. 570 оқушы білім алатын білім ошағында бүгінде Əлия Молдағұлова кабинеті бар. Мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Шаттық Ержанова кабинетте батырға қатысты əдебиеттер мен фотосуреттердің сақталғанын айтады. Сонымен қатар, бұл жерге шығармашылықпен айналысатын жастар топтастырылған. Ал, «Əлия батыр қызы сен халқымның» атты мақаласында Ғалия Боранбаева да «1933 жылы Молдағұловтар отбасы Шалқардан Жамбылға, ол кезде Əулиеата деген кішкентай станцияға көшіп барады. Үйлері теміржол вокзалының жанында болғандықтан Əлия алғаш мектеп табалдырығын теміржол мектебінде аттайды» деген дерек келтіреді. Əлия Молдағұлова – даңқты батыр, Ұлы Отан соғысының құрбаны. Жасы жиырмаға толмаған өрімдей қыз Отан үшін отқа түсті. Ұлт тарихында есімі алтын əріппен жазылды. Ерлік даңқы – ертеңге аманат. «Қобда, Нева суларын сүйіп өскен» Əлия Молдағұлованың Əулиеатада қалған ізі де бір тарих. Оның толыққанды зерттелуі келер күндердің еншісінде.   Х.  ЕРБОЛАТҰЛЫ.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар