дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 23:19

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балуан Шолақ пен ақын Кенен

Балуан Шолақ пен ақын Кенен
ашық дереккөзі
Балуан Шолақ пен ақын Кенен
Төрт тарабында тектілік пен рух патшалығы салтанат құрған ұлы қазақ даласының қай қиыры да шалқыған күй, төгілген ән, жөңкілген жыр болып елестейді. Алатаудан Арқа төсіне дейінгі алып кеңістік, Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр дала ұлы перзенттеріне кенде емес. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас болған қазақтың бір-бірімен жаттығы болмаған. Қасиетті құба дала, сағым өрген сары бел, кемерін тепкілеп аққан көк өзен, сырын бермеген қоңыр құм – барлығы да өзінің топырағынан жаратылған перзенттері жайлы толғанады. Атақты Балуан Шолақтың Әулиеатаның Қордай өңіріне келгені тарихтан белгілі. Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Балуан Шолақ» повесінде әйгілі Балуан Шолақтың Кенен Әзірбаевпен кездескенін суреттейді. «...Кенен әнге шырқай бастағанда, Балуан оның кескініне қадала қарап, қатты да қалды. Ана жылы балалық лебі есетін жіңішке даусы енді қалыңдап және тым биіктеп кеткен екен. Балуан Дулатта Сарыбас дейтін ақынды көріп еді, ол әнін айғайлап бастап, оң жақ құлағын қолымен бұрап-бұрап жіберетін. Кенен де сөйтеді екен. Бірақ, бұл Сарыбастай қылқына айғайламайды, еркін шырқайды, сонда мүлтіксіз қоңыр даусы жер-көкті жаңғырықтырып, кең даланы тұндырып жіберді. Балуанның бағалауынша мұндай дауыс, ол естіп жүрген үндерде, Біржан салдан басқаға біткен емес!..» – деп екі алыптың арасындағы рухани байланысты көрсетеді. Мұндай кездесу жас та болса жасындай болған Кенен ақынның жадында сақталып, талай жылдар бойына жаңғырып тұрған. «Балуан Шолақ өзі дәу, әнші, ақын кісі екен. Қордай өңірінде беделі зор, Қордай болысының ардақты адамы, орысша оқыған тілге жетік  Еркебай ауылына түсіп, қонақ болады. Шаршы топ алдында  сөз сөйлеген Балуан былай дейді: – Ән көп, бірақ нағыз орындаушысын тапқан ән ғана бақытты. Сіздің елде де өнер қуған жас буын Кенен деген әнші бар деп естіп едім, мүмкін болса сол әнші баланы алдырсаңыздар екен. Мен не де болса ол кісіні көруім керек деп, қалай барудың есебін келтіре алмай жүргенімде, Еркебайдан «тез жетсін» деген хабар келді. Келсем, ел құжынап жиналып жатыр. Алты қанат ақ орда толы сауықшылар. Үлкендер үйде, жастар далада, бәрі ән тыңдайды. Мен де тыңдап отырдым. Әндері асқақ шығады, өзінің де дауысы зор екен. Ынтыға тыңдаймын. Кіріп-шығып жүрген Еркебай мені көре сала «келдің бе?»  деп дереу үйге кіргізді де: – Мынау Кенен ақын, – деп таныстырды. Ол менің бас-аяғыма қарады да: – Ә, Кенен деген әнші сен бе? Мен сенің әндеріңді жолшыбай әр елден естіп келемін, қане, шырағым, шырқашы? – деді. Мен әуелі «Бозторғай», онан соң «Көкшолақ», «Көпшілік, тыңда әнімді» деген әндерімен бірге Батыр ағаға арнап: Мен келдім сәлем бере, батыр аға, Атағың кең жайылған Сарыарқаға. Бала едім, жаңа талап іздеп келдім Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға, – деп ән жолдарымен шырқап бердім. Ол үнсіз тыңдап отырды да: – Пәлі, нағыз әнші өз ауылдарыңда екен ғой, даусы да құлаққа жағымды екен, – деп мақтады. Еркебай менің жайымды түсіндіріп: – Бұл баланың бағы ашылмай жүр. Ертелі-кеш қой соңында жүреді. «Қу жоқшылық өнеріңді өсіруші ме еді» – деп жатыр. – Тобыма қосып, шәкірт етіп алайын, – деді Балуан, мен болсам: – Өзім жас, әкем қарт, – деп сылтау айтып едім, ол тағы да: – Өнер жастықты талғамайды, үйреніп кетесің, ал әкең болса, ел іші ғой, бір шалды жалғызсыратпас, – деді. Мен батыр, әнші ағамыздың жанында бір айға жуық бірге жүріп, Нұрмағамбет, Олжабай, Ноғайбай, Байболат, Қосабек ауылдарына, тағы да басқа жерлерде болып үлкен мектептен өттім. Балуан Шолақтың талай әнін өзі таныстырған кезде шырқадым» – деп еске алады екен Кенен атамыз сол тарихи күндерді. Бұл әңгімені бізге Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері, ақынның ұрпағы Мұрат Кененов айтты. – Кенен атамыздың ақын ғана емес, атақты әнші болып қалыптасуына Балуан Шолақтың ықпалы зор болды. Атақты әнші әрі сері Балуан Шолақтың Жетісу өңіріне келіп, ел аралап өнер көрсетіп, күресетін балуандарды, жақсы  әншілер іздегенін жұрт жақсы біледі. Балуан Шолақ жас Кененге он екі әнін үйретіп, аманат етіп тапсырған екен Балуан Шолақтың көптеген әндері елге Кенен атамыздың айтуымен тараған. Балуан Шолақтың «Сарын», «Қалыя», «Сентябрь», «Құлан кісінес», «Дікілдек», «Ыңғайтөк», «Желдірме», «Жай қоңыр», «Кенже қоңыр», «Қос барабан» «Көкшетау», «Қос перне», «Сұрша қыз», «Қос қалқа» сияқты тамаша әндері бар. Ұлы өнерпазбен бірге жүрген бір жаздың сапары Кенен атамызға өле-өлгенше сабақ болды. Оның жүрегінде Балуанға деген құрмет қалды, – дейді Мұрат Көркемжанұлы. Ұлылар үндестігі қай уақытта да болған. Екеуі екі дәуірде өмір сүрсе де Абай мен Пушкиннің, жақын пікірлес болған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің, тағы да басқа ұлы кемеңгерлердің үндестігі тарихтың алтын қазығы. Ал, талай алыптың табан ізі қалған Әулиеата өңірі жыл өткен сайын тарихи тұғырына көтеріліп, көркейіп келеді. Жүз жасаған ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың атын алған облысымыздың топырағында шежірелі сәттер, көрнекті дәуірлер мәңгілікке өмір сүре береді. Хамит ЕСАМАН  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар