сенбі, 28 қыркүйек, 2024 22:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақын туралы аңыз

Ақын туралы аңыз
ашық дереккөзі
Ақын туралы аңыз
Өзінің мың сан жылдық, талай ғасырлық тағдыр-талайында қазақтың қуанышы да, жұбанышы да өлең болған. Көрінген көзтүрткіге елең ете қоймайтын, айнымайтын асылдығының өзі бір басына жетерлік қазақ өлең тыңдағанда таң қалған. Домбыраның қос ішегінен мөлдіреп төгілген күйдің астарындағы бұла жыр, жүрек түкпірінен саулап шыққан шынайы да шырайлы шындық өлең тілінде өмірдің күрделі құбылысына айналып, әлемді таңдандырумен келеді. Дүниеде ақын туралы аңыз көп. Артынан аңыз тумаған ақын ақын емес деген тәмсіл тектес бір пікір, шынында да адам қиялын көз көрмес, құлақ естімес қияндарға шарықтатып, шалқытып жібереді. Бүкіл даналықтың, тектіліктің бастауы болған Шығыстың жеті жұлдызы жайлы аңыздардың біздің ұғым-түсінігімізге сіңіп кеткені сондай, сол шайырлардың шырайлы тағдыры өзіміздің де тағдырымызда көрініс беретіндей әсер ететіні бар. Аңыздың атасы Шығыстан басталған, Шығыспен аяқталуы бек мүмкін. Мәселен, Батыстың ұлы ақындары жайлы аңыздардың көбі күңгірт, күрең болып келеді. Ал біздің сәулелі, ғибратты тағдырымыз аңыздардың атасын тудырған, әлі де тудыра береді. Әуелі дүние жаратылғанда, дүниенің үйлесімділігі үшін оған тән негізгі қажеттіліктер жаратылған. Адамзаттың мұңы мен сырын жазып қалдыратын қалам, көңіл толқынынан толқып аққан тағдырлы ойды әуенмен әдіптеп, мәңгіліктің қақпасына ойып жазатын қасиетті қара домбыра, ақынның үнін асқаралы биіктен шығарып, рухын жеті қат көкке көтереді. Әлқисса, қазақтың ұлы ақындары, әулие тектес шайырлары мекен еткен құба жон, сағым көшкен сары бел, тұғырлы тау мен кеңпейіл көл, бізге ғасырлап қисса айтып келеді. Бұл бір ақылға сыймайтын болмашы дүние емес, бүкіл руханияттың тарихы. Тұтас ұлттың тағдыры. Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке дәстүрлі түрде көшетін ұлық сөз, ұлы кие, мәңгілік қасиет болатыны сөзсіз. Әйгілі сұңқар ақын Сүйінбайдан сөз қалды, өлең қалды. Шәкірті Жамбылға домбырасын мұраға тастады. «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деген Жамбылдың өзі де аруақты ақынға айналып сала берді. Аңыз бойынша Сүйінбайды қорғаған қызыл жолбарыс кейіннен Жамбыл ақынға ауысқан делінеді. Аңыздың өзі ақиқатқа бастайтынын ескерсек, қызыл жолбарыстың өзі сөз киесі де, абырой құсы болуы да бек мүмкін. Ал, Жамбыл бабамыз ғасыр жасап дүниеден озарының алдында Алатау жақты нұсқап тұрып, қызыл жолбарысының қырғыз асып кеткенін айтыпты дейді. Бұл аңыз дүниені шарлап, әрбір көкірекке сәуле құйған. Сонда бұл аңызды естіген қырғыздың атақты жазушысы, «Мен Жамбыл жайында жар сала ой толғағым келеді» дейтін Шыңғыс Айтматов бұл алыптардың қызыл жолбарысының өзіне пір болғанын жазады. Аңыздың өзі кейде ақиқатты тудырады. Аңыздың артынан аңыз туады. Жамбыл ақынның сол уақытта жай отындай жарқыраған құбылыс болғаны әмбеге аян. Шыны керек, ол кезеңде қазақ халқынан мұндай даңқты, арқалы, аруақты ақынның шығуы орыстар үшін кездейсоқ болған жағдай сияқты болған. Көріп тұрса да көргісі келмеген көздердің, қаңқу сөздердің арасында біздің Жамбылдан өзге де ұлы тұлғаларымыз қалып қойған жоқ па?!. Иә, орыстың өзінен басқасы ақын да емес, адам да емес. Оған қазақтың сол замандағы жалтақ, жағымпаздары қосылады. 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі болғаны тарихтан белгілі. Сол мәдени шара қарсаңында Орталық партия комитетіне онкүндікке арнайы шақырылып отырған Жамбыл ақын туралы арыз түседі. Жамбыл деген өмірде болмаған, жай қиялдан туған адам. «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген қазақ үшін бұл өтіріктің ешқандай да қисыны жоқ еді. Бірақ, партия бұл арызды қисынды деп тауып, Леонид Соболевті Қазақстанға жіберген дейді. Ол қазақ жеріне келе салысымен, өзінің ескі танысы Мұхтар Әуезовтен Жамбыл ақын туралы сұрайды. Сөйтіп, Мұхтар Әуезов, Леонид Соболев, Әбділда Тәжібаев үшеуі Алматының іргесіндегі Жамбыл ақынның үйіне барып, байтақ әңгімесін тыңдайды. Қазақстанға шұғыл келіп, шұғыл қайтуы керек болған Соболев ұлы жыраудың даналығына, сұңғылалығына қайран қалып, үш күн бойы жатады. Сол сапарында Соболев «Бұл расында көзі тірі, бізге көрініп тұрған Гомер екен, мұны көрген кісіде арман жоқ» депті деген сөз, ұлы ақынның күміс сақалын қайта-қайта сүйіпті деген әңгіме халық арасына тарады. Бұл аңыз күні бүгінге дейін айтылады. Аңыздан даңқ туады. Аңыз даңқпен бірге жасайды. Ақынға құрғақ атақтың, жалған абыройдың қажеті жоқ. Бірақ, ақынның тағдырын аңыз жасайды. Халқымыздың кемел тұлғалары, көрнекті шығармалары қазақ атын әлемге әйгіледі. Басқаны қойғанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік аңызға айналды. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың тағылымды тағдыры, тәлімді ғұмыры қалам құдіретімен әлем алдында кестеленді. Мұхтар Әуезов үнді еліне барған сапарында, ол жақтағылар әйгілі қаламгерді құшақ жая қарсы алады. «Абай жолы» сияқты жойқын шығарманы тудырған жазушыны төбелеріне көтеріп отырып, Абай өмірінен үнділер сыр тартады. Алайда, олар Әуезовтің нақты ұлтын білмейтін болып шығады ғой. Әйтеуір азиат. Болды. Атақты жазушы деседі. Одан арғысы беймәлім. Қазақ жөнінде келтірмеген мысалы қалмаған Мұхтар Әуезов бір уақытта Жамбыл ақынды айтыпты дейді. Сонда ғана үнді халқы Әуезовтің қазақ ұлтынан екенін білген екен. Жалпы, Жамбыл ақын турасында аңыз да, ақиқат та көп. Бір анығы – Жамбыл Жабаев қазақ ұлтының ұлы ақынына, жасампаз жырауына айналған аса ірі тұлға. Ғасыр аспанында талай ғасырларды араға салып барып пайда болатын күрделі құбылыс. Бірақ, күрделі тұлғаның тағдыры да күрделі болады. Бірақ, сол күрделіліктің өзі бақыт. Арыздың өзі аңызға айналған бүгінде. Әлгі арызқойлардың түсінігінше қиялдан туған ақын сезіктенгіш, күмәнданғыштардың сезігіне, күмәніне күшейткіш күштер қосып жібергені белгілі. Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин аспирант кезінде жыраулар поэзиясын жинақтап жүргенінде, талай қиындықтарға тап болғанын «Мен» ғұмырбаяндық хамсасында жазады. Ол уақытта да Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз сияқты ұлы жырауларды тарихта болмаған деген әңгімелер болған. Мұндай әңгімені анау-мынау емес, академик Қажым Жұмалиев айтқан дейді. Демек, ұлыларды жоққа шығару, оларды жай әдеби кейіпкер ретінде ғана көру, өмірде болған, болмағанына күмән келтіру сияқты келеңсіздіктер ол уақытта кеңінен орын алған. Күндердің күнінде Әбділда Тәжібаев Жамбыл ақынды үйіне іздеп барыпты. Сонда қарт жырау Әбділда ақынға «Кімсің?» дейді ғой. Әбділда «Жәке, ақынмын!» деп жауап берсе, «Қой, домбырасы жоқ қандай ақынсың?!» – деп алғашында сенбей қойыпты. Расында, ақындық деген құдірет домбырамен де, қаламмен де өлшенбейді ғой. Бірақ, Жамбыл ақын көзбен оқылатын поэзия жасаған жоқ. Қасиетті қара домбырасын күмбірлетіп, айтыс өнерінің шоқтығын көтерді. Айтыс деген бүгінгідей қарсыласының кемшілігін теру ғана ма? Бәлкім, елдік пен ерлікті жырлау болар. Құлманбет әуелден-ақ: Құлманбет менің атым Құланаян, Менің Құлан екенім Тәңірге аян. Албан, Дулат жиылып бата берсе, Кеңес айтып жырлайын етіп баян, – деп бас­тай­ды. Бастап қана қоймай, бастырмалатып сөйлегісі келеді. «Өлеңші өршеленген толып отыр, Бірі көшіп, біреуі қонып отыр. Мысалы, дүниенің сол секілді, Бәрі де көрмегендей болып отыр. Өлеңші толып отыр көбелектей, Тоғыз ақын толғанып төңіректей. Тоғыз тұрмақ, ақының он бір болса, Немене бәріңді де басып өтпей!» – деп салады. Ал, тумысынан өлеңмен егіз, жолы даңғыл Жамбыл ақын да Құлманбеттің қырағылығына қарсы тұрар сөзін айтады. Қызғанша айқай шығып, едім салғыр, Сөйлейсің әр немені тілің шалғыр. Келген жерден сөйлейсің алас ұрып, Қалайша шалқақтайсың Тәңір алғыр! Осылай толғап берген ұлы жүрек бұдан әрі де тоқтамай ақындық арынын көрсетеді. «Құлманбет, сен жақсы да, мен жаман ба? Ақында сен жүйрік те, мен шабан ба?! Қарасайлап қосылсам бір бүйірден, Ақырында кетерсің басы аманға!» – деп тағы да қағытады. Жамбыл қай айтыста да өзінің өлеңнен жаратылған бекзат болмысын көрсетіп отырған. Аңыздарда айтылғандай, Жамбыл ақынның ақындық қуатына шыдай алмаған Құлманбеттің домбырасының шегі үзіліп кетіпті дейді. Жамбылдың жеңіп бәйге алған жері, Жеңіліп Құлманбеттің қалған жері. Домбырасының ішегі үзіліп қап, Осы екен Құлманбеттің арман жері, – делінеді айтыста. Сондай-ақ, Жамбылдың Досмағанбетпен, Бөлтірікпен, Айкүміспен, Шашубаймен айтыстары халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері. Атақты Шашубай ақын Жетісуға келіп, жыр тиегін ағытып қоя беріпті дейді. Ақынның сүйір келер тіл мен жағы, Іркілмей осы күнде сөйлер шағы. Көрмекке бізге уажып нұр дидарың, Жетісу, аманбысың, ел саңлағы, – деп бастап, Шашубай молла Сәтті, Сарыжан, Саймасайларды, Байбұлан байды жырға қосады. Өзінің ақындық талантына сенген Шашубай ақын жырлап келіп «Біреуді Жамбыл деген мақтайсыңдар, жасырып оны қайда сақтайсыңдар? Ақын болса тез алдыр, Байбұлан бай, әйтпесе, ел намысын таптайсыңдар. Байбұлан, кісі жібер Жамбылыңа, Жамбылды болар ма екен алдыруға? Тағалы, төрт аяғы мен бір жорға, ылайық тар көшеге салдыруға. Ақын болса тез келсін бұл араға, бізбенен жарар ма екен пар қылуға?» деп жібереді. Бұл сөзден кейін Байбұлан бай арнайы кісі жіберіп, Жамбылды алдыртқан екен. Екі ақын бірін-бірі көргенде айтыса жөнеледі. Қарасайдың ұлымын, Айтулының бірімін. Нар кілемнің түгімін, Қызыл тілін безеген, Найзасын тасқа егеген! Алды-артыңды буамын, Сені асырмай кезеңнен! – дейді Жамбыл. Жамбыл­дың ақындық даңқын, артына ілескен аңызын бұрыннан білетін Шашубай аталы сөзге тоқтаған екен. Айтыс деген сондықтан халықтың қазынасы, өнердің төресі. Қазақтың ежелден қалыптасқан суырыпсалмалық ақындық қасиеті Жамбыл жыраудың бойында қайтадан бүр жарды. Бұл ықылымнан елге ырыс сыйлаған ұлттың қазынасы болып өзіне кейін қайтты. Жамбыл ақынның ақындығын, ұлылығын, да­ныш­пандығын замандастары мен інілері көптеп айт­қан. Қазақтың классик ақын-жазушылары, жалпы өнер­паздары Жамбыл жырау туралы аңызға бергісіз естеліктер қалдырды. Әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевке 1938 жылы қаңтар айында атақты Ахмет Жұбанов қызыл қоңыр домбыра сыйлаған екен. Бұл туралы Нұрғиса ағамыздың өзі «Сол жылдың күзінде Алматыда бір үлкен өнер жиыны болып, оған Жамбыл бастаған көптеген халық таланттары келді. Жәкең бізге аталас, жақын кісі. Өнер жиыны өтіп жатқан тұста әкем Тілендінің туған інісі Тілегеннің әйелі қыз тауып, шілдехана қуанышына құтты болсын айтуға қасына бір топ өнерпаз ақындар Кенен, Иса, Үмбетәлі, Шашубайды ертіп Жамбыл ата біздің үйге келді» деп еске алады. Жамбыл ақынмен алғаш кездескен бозбала Нұрғиса ұлы жыраудың өзінің Бекболат батыр көтерілісі туралы шығарған дауылды «Ұран» күйін тартып береді. Бұдан кейін «Ой, дүние-ай» күйін шертеді. Сонда Жамбыл ақын «Домбыраң шешен екен» дейді. Сөйтіп, «Жарығым, домбыраңды сақта! Қазақтың қара домбырасының бойына халықтың бар өмірі мен тарихы, қуанышы мен мұң-зары, өнері сыйып кеткен» деп маңдайынан сүйіп бата береді. Ал, Жамбыл Жабаевты Нұрғиса Тілендиев 1942 жылы желтоқсан айында көрген екен. Ахмет Жұбанов сыйлаған, Жамбыл ақын тартқан бұл қасиетті домбыра күні бүгінге дейін бар. Бүгінде ол домбыра Нұрғиса Тілендиевтің музей-үйінде сақтаулы тұр. «Нұрағаң ол домбыраны үлкен концерттерге ғана алып шығып жүрді. Қасиеттеп, құрметтеп сақтады» – дейді композитордың жары Дариға Тілендікеліні. Тарих­тың тағылымы, тұлғаның тәлімі деген қасиет осы болса керек. Бір ғана аңыздың, бір ғана әңгіменің ішінде талай жанның болуы, талай тарихи тұлғаның араласуы руханиятымыздың маңыздылығын, мәнділі­гін көрсетеді. Ақындар туралы айтылған аңыз аңыздардың төресі. Әсіресе, Шығыстың ақындары туралы аңыз сәулелі, шуақты, ғибратты болып келеді. Маңдайға басылған төрт тармақ өлең, егіз жолдар, әуен мен әлем тағдырдың ерекше сыйы. Адам жанының мәңгі жасайтын пәлсапасын өлең дәлелдеп береді. Өлеңнің өрнегі де, өлшемі де өнер жаратылысының ешбіріне ұқсамайды. Дара жаратылыс дара тұлғаларға ғана қонады. Оның үстіне Жамбыл Жабаевтың ақындық арыны Қапан Сатыбалдин, Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев, Ғали Орманов сияқты сол кездегі жас ақындарға да айтарлықтай әсер еткені белгілі. Жамбыл бабамыз ойламаған жерден тарихтың терең шежірелерін тудырған, әдебиеттің деректі әдеби күнделігін жасаған тұлға. Ойында ештеңе жоқ жас ақын Қапан Сатыбалдин таңғы шай үстінде Орталық партия комитетіне шақыртылады. Енді ғана қалам тербеп, ақын болсам деген ақеділ арманның жетегінде жүрген, бақыт жайлы толғап жүрген Қапан ақын ойламаған жерден Жамбылмен Мәскеуге жол жүреді. Енді сыртынан ғана естіп, аңыз ретінде ұғынып өскен ақынмен сапарлас болу, оның өз аузынан жыр тыңдау деген қандай ғанибет екенін бағамдауға болады. Аңыз өз дәуірін қамтығанмен, сәулесін мыңдаған жылдарға түсіреді. Сол арқылы ұрпақты тәрбиелеп, тағылымды етеді. Жамбыл ақынның суреткерлік шеберлігі талас тудырмайды. Қаламмен жазылып, қағазға түспесе де айтулы ақынның аузынан ақтарылған ақ маржан ақиқат болып өрілді. Шығармашылығының тағы бір шыңы – соғыста ерлікпен қаза тапқан сүйікті ұлы Алғадай азасы. «Түнеукүнгі кеткеннен, Ғали жаңа келдің бе? Алғадайдың мүрдесін, жол-жөнекей көрдің бе?» деген азалы өлең әр қазақтың құлағында. Алғадай сөзі – жауға жалғыз шабатын баһадүр, батыр мағынасын береді. Ақын аузына сөзді Алла салады деген қағиданы есте қайта жаңғыртатын болсақ, Жамбылдың аузынан шыққан әрбір сөз, жүрегінен төгілген әрбір шумақ құдіреттің күшімен дүниеге келген. Ал, ақынына деген халқының махаббаты, ықыласы бөлек әлем. Жүз жыл соққан алып жүректің мәңгілікке қызмет етер күші бар. Жүз жыл бойы жыр үшін жасаған жанның ел есіндегі ерлігі де, ерекшелігі де мәңгілік аңыз күйінде қалды. Мәңгілік аңыз – ғажайып тарих. Болашақтың жаңа қақпасында да ұлы жыраудың, ұлы ақынның өлеңі жазылады. Бұл өлең – ұлттың ұлы туындысы болып есептеледі. Ал, ұлы туынды ұлылардың ұрпағына аманаты.   Хамит Есаман  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар